Қарқаралы

Ұлттық нақыш ұясы

      Өткенге құрметпен қарап, тарихи құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтау – парыз. Ата-бабаларымыздың кешегісі мен бүгінін, болашақ игі мұраттарын сабақтастыратын баға жетпес асыл қазынаны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде, рухани байлық пен ұлттық жәдігерлерді жинақтауда, оларға тіл бітіріп, елдік мүддеге айналдыруда түбегейлі жұмыс жүргізіп келе жатқан тарихи-өлкетану мұражайларының қызметі қай кезде де өте маңызды.
Тарихы тереңнен тамыр тартқан Қарқаралы жері ұлттық жәдігерлерге бай. Ал, осы бір қасиетті өлкенің өткенін әйгілейтін Қарқаралы өлкетану мұражайында көптеген құнды тарихи жәдігерлер орналасқан.
1977 жылдың 7 қарашасында Ұлы Отан соғысының ардагерлері Ә.Аймақов, С.Аманбаев, Б.Иманқұлов, Ш.Мезгілбаев, Н.Спатаев бастаған ынталы топтың бастамасымен қоғамдық негізде құрылған мұражайда бүгінде сегіз тарихи зал бар. Мұражайда сонау тас дәуірінен бастап тәуелсіз Қазақстан кезеңіне дейінгі Қарқаралының дамуы мен өлкенің тарихы жинақталған асыл қазыналар бар. Соның бірі – этнография залы. Көшпелі қазақ тарихынан хабардар ететін зал ұлттық жәдігерлермен жабдықталған. Ежелгі ата-бабаларымыздың баспанасы – киіз үй экспонаты, тұрмыстық заттары және оюлы түскиіз, текемет, сырмақтармен жабдықталған. ХVІІІ ғасырдың аяғы ХІХ ғасырдың басында пайдаланған ірі қара сүйегінен оюлап жасалған асадалдар, кебежелер, жүк аяқтар, қыз балаларға арнайы әшекей салу үшін жасалған кішкене сандықтар, Еуропадан әкелінген жиналмалы ағаш төсек, мал терісінен жасалған торсық, топатай шелектер, май шайқайтын құрал, ұршықтар, домбыра, қобыз, күбі, диірмен қойылып, аң терілері ілінген. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын залда аяқ киім қалыптарын да кездестіруге болады.

Сағыныш Әбілова.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button