Қарқаралы

Ұлт денсаулығы – негізгі капитал

   Биылғы жылдың 1 шілдесінде енгізу көзделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарының жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан медициналық және дәрілік көмекке бірдей қол жеткізуге кепілдік бермек. Бұл орайда жалпы міндетті медициналық сақтандыру жүйесін жүзеге асыруға Қарқаралы аудандық орталық ауруханасы да толық дайын.

Бүгінде аудан халқына 1 аудандық аурухана, 1 клиника-диагностикалық емхана, 2 селолық учаскелік аурухана, 10 отбасылық дәрігерлік амбулатория, 9 фельдшерлік акушерлік пункті, 30 медпунктінде медициналық көмек көрсетіледі.

Қазіргі таңда аудан бойынша 73 тәуліктік төсек орын бар. Денсаулық сақтау мекемелерінің 98,1 пайызы ауылдық жерде орналасқан. Бұл – міндетті медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін де шалғай орналасқан ауылдардағы тұрғындардың сапалы медициналық қызмет алуын қамтамасыз етпек.

Аудан бойынша медициналық емдеу мекемелерінде 43 жоғары білімді дәрігер еңбек етуде, 2017 жылдың 4 ақпанынан аудандағы 42 орта мектеп медицина қызметкерлері аудандық аурухана балансына берілді, қазіргі уақытта ауданда 293 орта буын медицина қызметкерлері жұмыс жасайды.

2016 жылы Бүркітті, Көктас және Аппаз ауылдық округінде жаңа дәрігерлік амбулатория салынып бітіп, халыққа қызмет жасауда. Ана мен бала өлімін болдырмау мақсатында күн сайын дәрігерлік амбулатория мамандары аудан орталығына жүкті әйелдер мен 1 жасқа дейінгі балалар жағдайы туралы мәлімет беріп тұрады.

Халықаралық бағдарламалар бойынша, атап айтқанда Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросының «Қауіпсіз жүктілікті қамтамасыз ету» және «Балалар жасындағы ауруларды бірігіп зерделеу» бағдарламаларын іске асыру жұмыстары жалғасуда. Жүкті әйелдерге медициналық көмек перзентхана ұйымдарын өңірлендіру ұстанымдарына сәйкес жүзеге асырылуда.

Мамандар Қарағайлы және Егіндібұлақ ауылдарына, елді мекендеріне барып кеңес береді және тәжірибелік көмек көрсетеді. Медицина мамандарының жемісті еңбегінің арқасында Қарқаралы ауданында туберкулез ауруының алдын алу, анықтау, емдеу мақсатында біраз жұмыстар жүргізіліп, туберкулезге шалдыққандар саны айтарлықтай төмендеді.

Егіндібұлақ селолық ауруханасында және Қарқаралы аудандық ауруханасында телемедицина кабинеті жұмыс істеп тұр. «АСТРА ЛТД» ЖШС фирмасы аудандық ауруханамен шарт жасасып, аудан басында ота жасау да дұрыс жолға қойылған.

Денсаулық бағдарламасы аясында Егіндібұлақ, Қарағайлы, Қарқаралы ауруханаларында арнайы әлеуметтік дәріхана ашылып, халыққа қызмет жасап, 5% көлемінде ғана үстеме қосылатын дәрілер халық үшін үлкен көмек болып тұр.

Емханада науқастарды тіркеу және дәрігерлерге дейін жетуді қамтамасыз ету үшін «Электрондық тіркеу» жобасы енгізілді. Сонымен қатар, интернет сайттары арқылы дәрігерге жазылу немесе оны үйге шақырту мүмкіндігі қарастырылды.

Аудан тұрғындары арасында түрлі аурулар салдарынан өлім-жітімді төмендету және орташа өмір сүру ұзақтығын арттыруда 2016 жылы қабылданған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда Жол картасы жұмыс жасайды. Жол картасы бойынша ауданның дәрігер мамандары ауданға қарасты елді мекендерді аралап, жыл бойы тұрғындарға медициналық қызметтер көрсетеді.

Шілде айынан бастап республикалық орталықтардан, облыстық медицина мекемелерінен жоғарғы санатты маман – дәрігерлер келіп, аудан тұрғындарына көмек көрсетеді.

Алдағы уақытта Елбасының Жолдауда көрсетіп берген басымдықтарын басшылыққа алып, Қарқаралы ауданының орталық аурухана мамандары халыққа сапалы қызмет көрсетуін жалғастырады.

С.СҮЛЕЙМЕНОВА,

аудандық орталық аурухана директоры.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button