Әлеуметтік саясат әділеттілікті көздейді
Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Яғни, мемлекет азаматтарға тегін орта білім беруді, медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, жұмыссыздықтан қорғауды, зейнетақы төлеуді және басқа да әлеуметтік қолдау көрсетуді өз міндетіне алады. Бұл ретте тұтас қоғамды, халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғау мен қолдауды қамтамасыз ететін шаралар бірінші орынға шығады.
Әлеуметтік саясаттың жүгін көтерген мемлекеттік бағдарламалар аз болған жоқ. Бүгінгі таңда қабылдаған барлық шаралар әуелі халықтың әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталуда. Екі жыл бұрын қабылданған «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» былтыр ел Үкіметінде өзгертіліп, 2029 жылға дейін ұзартылды. Бағдарламада қарастырылған іс-шаралар еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін жүзеге асыру ісіне жеке секторды белсенді тарту арқылы барлық өңірде әрбір азаматтың өнімді жұмыспен қамтылып, қолға алар нақты табысының артуына, әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына қол жеткізуге бағытталған. Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2029 жылға дейін 3,3 миллионнан астам адам, оның ішінде, 2,3 миллион жас жұмыспен қамтамасыз етіледі. Жалпы ішкі өнімдегі жалақы төлеу үлесі 41,1%-ға дейін ұлғаяды (30,1%-дан), кедейшілік деңгейі 5%-ға (5,3%-дан), ал, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға (4,9%-дан) дейін төмендейді. Бұл алдағы күннің еншісінде. Ал, қазір табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен тұрмыс кешкеннің үлесі – 5,3%. Көпшілігінде халықтың қолына алатын таза ақшасы негізгі деген қажеттіліктерден әрі аспайтыны, кейде, тіпті, жетпейтіні жасырын емес. Жәрдемақы және зейнетақымен ғана күн көріп отырғандар қатары артқанын аңғару қиын емес. Ресми мәліметтер бес жылда халықтың жалпы кірісіндегі еңбектен тапқан табысы 80%-дан 67%-ға дейін қысқарғанын, ал, әлеуметтік трансферттің көлемі 17%-дан 29%-ға дейін артқанын көрсетеді. Мемлекеттік өз міндеттемесіне сәйкес, барлық базалық төлемдерді, әлеуметтік жәрдемақыларды жыл сайын арттырып келеді. Алайда, инфляцияның өсуі, нарықтағы қымбатшылықтан ол да, еңбекақының өскені де байқалмай да қалады. Бұл ретте мамандар халық табысының төмендеуінің тағы бір себебі ретінде басым көпшіліктің өнімсіз жұмыспен қамтылуын атайды. Сарапшылардың мәліметіне сәйкес, елімізде 4,9 миллион адам экономиканың өнімділігі төмен салаларында жұмыс істейді. Бұл жұмыс істейтін халықтың 56,3%-ы. Яғни, осыншама адам өнімділігі аз еңбекпен айналысып, онысына мардымсыз жалақы алады деген сөз. Әлеуметтік теңсіздік бұл мәселелерді ушықтыра түсуде. Мемлекет басшысы әу бастан әділетті әлеуметтік саясат жүргізу қажеттігін көтерді. Осы жолғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында да әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет екенін атап өтті. Ел бюджетінің жартысынан көбі осы әлеуметтік салаға бөлінетіні бәріне мәлім. Алдағы уақытта кешенді бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы саладағы қордаланған бұл проблемалар кезең-кезеңімен шешімін табуы тиіс.
Бүгінде де әлеуметтік аз қамтылған кез келген санаттағы адамдар үшін жұмыс істеп тұрған түрлі жобалар мен бағдарламалар жетерлік. NEET санатына кіретін жастар үшін «Алғашқы жұмыс орны», «Мүмкіндіктер марафоны», түлектер үшін «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары аясында субсидиялау мерзімі мен мөлшері ұлғайтылған. Зейнеткерлік жасқа тақап қалған егде адамдар үшін «Күміс жас» жобасы қолға алынған. Оның сыртында, үйде отырған аналарға, мүгедек баланың күтімімен отырған аналарға, басқа өңірден келген жастар үшін тұрғын үй жалдауға көтерме жәрдемақы төленеді. Алдағы уақытта жастарды еңбекке баулу және ынталандыру мақсатында тиісті заңнамаға «жас жұмысшы» ұғымы енгізілмек. Отбасының цифрлық картасы арқылы әр отбасындағы әр адам жайлы дерек қамтылып, отбасының жай-күйі нақтыланады. Көмекке мұқтажы бірден анықталып, түрлі қолдау шараларымен қамтылатын болады. Бастысы, Президент айтқандай, «мемлекеттік қолдау, шын мәнінде, мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс».
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz