Әлеуметтік павильондар көшірілуде
Теміртау қаласының сәулеттік келбетін сақтау мақсатында, алдағы уақытта орталық көшелерде орналасқан әлеуметтік павильондар шағын аудандарға көшірілетін болды. Осы мақсатта қала әкімі Ғалым ӘШІМОВ тиісті тұлғаларға тапсырма берді.
Соңғы жылдары әлеуметтік павильондар қаланың ажырамас бөлігіне айналған. Шаһар тұрғындары әдетте құны нарықтық бағадан төмен көкөністер мен жеміс-жидектерді, басқа да азық-түліктерді павильондардан алғанды жөн көреді. Бүгінгі күні Теміртау қаласында мұндай әлеуметтік орындар 52-ге жетіп отыр. Оның ішінде, 21 павильон қаланың орталық көшелерінің бойында орналасқан. Сондай-ақ, шенеуніктердің айтуынша, көкөніс сататын бутиктерді ауыстыруға жуық арада шешім қабылданатын көрінеді.
– Әлеуметтік павильондарды негізгі даңғылдардан көшіріп, орамдардың түпкі жақтарына орналастыруды қала әкімі тапсырды. Бұл жұмыс бүгінгі күні басталды. Кәсіпкерлерге әлеуметтік павильондардың орнын ауыстыру ауырға соққаныменен, келісімге келіп отыр. Біз келісілген мерзім ішінде жер учаскесін жалдау бойынша кәсіпкерлермен ортақ мәміле жасап, қалалықтарға қолайлы етіп, орамдарға әлеуметтік павильондарды оналастыратын боламыз, – деді Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Спабеков.
Қазір әлеуметтік павильондарды басқа мекен-жайға көшіру жұмыстары атқарылуда. Жақында жиырма шақты әлеуметтік павильон тиісті орындарға ауыстырылады.
Нұрдос КӘРІМ