Жаңалықтар

Әлеуметтік бастама барысы қалай?

Көптің көңіліндегі күпті жайттарды тап басқан Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аймақтарда жүзеге асырыла бастағаны мәлім. Бастаманың байыпты іске асуын бақылау Қоғамдық кеңестердің еншісінде. Бағдарламаның бұқараға қызмет етуі үшін жауаптылықтың жүгін арқалаған кеңес тағы бір мәрте оның барысын сарапқа салды. Бес бағытты іске асырудағы бүгінгі ахуал жария етілді. Кем-кетіктер мен келелі пікірлер ортаға салынған отырыс бес бағыттың қайтсе де берекелі болуын діттейді. Соның нәтижесінде, 2017 жылы 91,7 мың шаршы метр үй қолданысқа берілген. Студенттер қауымы үшін 3 жатақхана бой көтереді. 2019-2020 жылдар аралығында облыстағы 114 елді мекен, 68 мың үй газбен қамтамасыз етіледі.

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС НЕНІ КӨЗДЕЙДІ?

Кеңес төрағасының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Серғазы Әдекенов облыс халқының Елбасы жариялаған 5 әлеуметтік бастаманы қолдап отырғанын атап өтті. Дәл бүгінгі таңда бастаманы іске асыру жөнінде жүйелі және кезең-кезеңімен іске асыруға байланысты жұмыстар жүргізілуде дейді. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының жанынан құрылған Қоғамдық кеңес құрамында саяси партия, қоғамдық ұйым, бизнес, Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері бар. Кеңес бастамаларды бақылап қана қоймайды, ең бастысы – барлық күшті біріктіре отырып, жауапты құзырлы орындарға көмек беруді көздейді.

Серғазы Мыңжасарұлы кеңестің бірінші отырысы биылғы жылдың 24 мамырында аймақ басшысы Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткенін еске салды. Сол кеңесте Қоғамдық кеңестің құрамы бекітілген. Міндеттері де айқындалған-тын.

Серғазы ӘДЕКЕНОВ, Қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары:

– 2018 жылдың соңына дейін Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруды бақылау үшін құрылған Қоғамдық кеңестің жұмыс жоспары жасалды. Бастаманың бағыттары бойынша жұмыс топтары жасақталды. Оған «Нұр Отан» партиясынан депутаттар фракциясының мүшелері облыстық мәслихат депутаттары бекітілді.

Ал, 20 маусымда екінші отырыс өткізілген. Онда Қарағанды облысында Президенттің үшінші бастамасының жүзеге асуы туралы мәселе қарастырылған. Сол кеңес отырысының қорытындысында мемлекеттік органдар мен жұмыс тобына арналған нақты ұсыныстар қабылдаған еді.

Атап айтқанда, жоғары оқу орындарының ректорларына, Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармаға жоғары оқуға және жоғары оқу орнынан кейін мемлекеттік грант бөлінісі туралы тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу жүктелген. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарында, колледждерде жатақхана құрылысын жоспарлауда, жеке меншік-мемлекеттік әріптестік қағидаттарына сай білім жүйесін дамытуда тараптардың ынтымақтастығын қамтамасыз ету де тапсырылған.

Осыған орай бүгінгі таңда «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» жөнінде барлық өңірлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барша тұрғындар арасында кеңінен жүргізілуде. Мәселен, осы аралықта білім, мәдениет, спорт, бизнес нысандарында 1600-ден астам кездесу өтіпті. Қарапайым тұрғындармен 785 кездесу ұйымдастырылған.

Бұған қоса, шілдеде Қоғамдық кеңес мүшелері Мәжіліс депутаттарымен бірлесе, көшпелі мәжілістер және өткізіпті. Бұл істен банктер де қалыс қалмаған. Екінші деңгейлес банктер Президенттің «7-20-25» бірінші әлеуметтік бастамасы бойынша ақпараттық топтар жер-жерде түсіндіру жұмыстарын атқарған. 3-15 қыркүйек аралығында Қоғамдық кеңестің мүшелері қала-аудандарда азаматтарды қабылдады. Сол қабылдауларда тұрғындар арасындағы өзекті мәселелер белгілі болған.

БҰҚАРАНЫҢ БАСЫН АУЫРТҚАН МӘСЕЛЕ НЕ?

Төраға орынбасарының баяндауынша, аймақ тұрғындарын, соның ішінде, ауылдық тұрғындарды бес бастама жөнінде мазалайтын жәйт – «7-20-25» бағдарламасының ауылдық жерлерде іске асу мүмкіндігін қарастыру. Екінші, бағдарламада аз қамтамасыз етілген, жас отбасылар және бюджеттік сала мен мемлекеттік қызметкерлер үшін алғашқы жарнаны төмендету тәжірибесін қолдану. Баспанаға қол созған ағайынның базынасы – осы екен.

Үшінші бастамаға келсек, барша студенттер мен магистранттар үшін жатақханаға ақы төлеудің бірдей шарттарын ұсыну. Сонымен бірге, жастарымыздың шетелдік жоғары оқу орындарына ағылған легін тоқтатуда отандық жоғары білім беретін оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажет деп отыр кеңес мүшелері.

Төртінші бастаманың жүзеге асуында да тұрғындар проблемеларға тап болған. Тарқатып айтар болсақ, шағын несие алуда банктердің қосалқы кепілдік тұлға сұрауы тұрғындарды тығырыққа тірейді. Бұл аз десек, банктердің өтініштерді сағыздай созып, ұзақ уақыт қарауы да ширыққан жүйкені одан сайын тоздырса керек.

Бесінші бастама бойынша кеңес мүшелері ұсыныс жасауда.

Ол ұсыныс – бес бастаманы тиімді әрі жедел іске асыруға және газ тарифін төмендетуге ықпал ететін механизмдерді қарастыруды қамтиды.

ӘР ОТБАСЫ ҚАЙТСЕ БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ?

Қоғамдық кеңестің бұған дейін өткен үшінші отырысында әр отбасының баспана алудағы жаңа мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылып, ұсыныстар да жасалған еді. Осы орайда кеңес жергілікті атқарушы ұйымға «7-20-25» бағдарламасы жөнінде халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын сапалы жүргізуді міндеттеген. Сонымен бірге, «7-20-25» бағдарламасының іске асуы туралы толық ақпарат алуға қолайлы жағдай жасайтын «бір терезе» құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынған болатын. Бағдарламаны барлық қала және аудандарда қолға алуды ойластыруды да атап отыр.

Ұлттық Банктің облыстық филиалына бағдарлама қатысушыларына несие беруде барынша жариялылықты қамтамасыз етуді, сөйтіп, жемқорлық құбылыстардың орын алуын мейлінше кемітуді жүктейді. Бағдарламаға қатысушылардың әлеуметтік портреттерін зерделеу қажеттігін де қадап айтады. Екінші деңгейлес банктер үшін «7-20- 25» бағдарламасы арқылы баспана алушыларға ортақ бірыңғай құжат пакеттерін сәйкестендіруді тапсырды. Мұның сыртында, БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы бағдарламаның бұқара арасында танымалдығын арттыруда белсенді жұмыс атқару да ұмыт қалмады.

ҚҰЗЫРЛЫ ОРЫНДАР: ҰСЫНЫС ҺӘМ ҚАРЕКЕТ

Бұған дейін өткен Қоғамдық кеңесте облыстың ауыл шаруашылығы басқармасына ұсыныстар берілген болатын. Сол ұсыныстарды іске асыруда атқарылған жұмыстар төңірегінде басқарма басшысы Сағынжан Апақашев мәлімдеді. Ұсыныстар – ауыл шаруашылығын дамытудың логистикалық жоспарын, шаруа қожалықтарымен меморандум жасау секілді мән-маңызы зор жайттарды қамтыған.

Логистикалық жоспарда тұрғындардың сұранысындағы ауыл шаруашылығы өнімінің 19 түрімен қанағаттандыру ескерілуі керек-ті. Сонымен бірге, халық арасында саяжай шаруашылығын дамытуды қарастыруы тиіс. Бұл арада суару, көлікпен қамтамасыз еті, қорғау секілді мәселелер де ескерілген.

Сөз кезегін алған ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашев ауыл шаруашылығын дамыту үшін жоспар жасалғанын, онда мал шаруашылығына ден қойылғанын атайды.

Мысал үшін, мал шаруашылық өнімдері биыл 109 пайызға артқан. Дән сіңірген алқап та ауқымды. Бұйырса, осы жылы 900 мың тонна астық алу көзделуде. Шаруалар 271 млрд. теңге өнімін шығарады деп күтілуде. Ауыл шаруашылығының еркін тыныстап, кең қанат жаюына мемлекеттік қолдау да өз септігін тигізуде. Нақтыласақ, ауыл шаруашылығына көрсетілген қолдау 11 млрд.теңге шамасында екен.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығының мойнында тағы бірауыр жүк бар. Ол – азық-түлікте инфляция ны ұстап тұру. Бұл арада облыстағы арнайы жабдықталған тұрақтандыру қорларының маңызы зор. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, қазіргі уақытта облыста 171 қойма бар.

Сағынжан АПАҚАШЕВ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Қарағанды облысында 210 мың тонна көкөніс сыятын 171 қойма бар. Биыл 3 жаңа қойма іске қосылады.Сонымен қатар, шаруа қожалықтарында 5 қойма қайта қалпына келтіріледі.

Атап өткен абзал, биыл алтын дәннің өнімі әр гектардан 11 центнерді құрайды.

Ұлттық банктің Қарағанды филиалы директоры Ғазиз Шегенов «7-20- 25» бағдарламасының бірнеше рет талқыланып, арнайы кеңестер өткізілгендігін айтады. Бүгінгі таңда бұл бағдарлама бойынша 60 өтініш келіп түскен көрінеді. Соның ішінде, 475 млн. теңге шамасында өтініш қолдау тапқан. Алайда, республикалық көрсеткіште бағдарламаға Қарағанды аймағының қатысуы небары 2 пайыз көлемінде. Кеңес мүшелері мұның тым аз екеніне назар салып, түйткілдерге тоқталды.

Облыстың энергетика және ТКШ басқармасы басшысы міндетін атқарушы Ұлантай Үсенов те кеңес тарапынан берілген ұсыныстарға қатысты атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның ішінде тұрғын-үй коммуналдық қызмет көрсетуде баға индекстері мен тарифтерді ұстап тұру, бұқараны газбен қамтамасыз ету мәселелері бар.

Мемлекет басшысының бесінші әлеуметтік бастамасын іске асыру бағытында облыста «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылысы қолға алынғаны аян. Атап өткен жөн, осы жоба арқылы облыстың ірі қалаларын газдандыру жоспарлануда. Оның қатарында, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев, Саран және Шахтинск қалалары бар. Сондай-ақ, 114 елді мекен, 68 мың үй газға қосылады. Сонда газбен қамтылатындар саны 1,1 млн. тұрғынды қамтиды. Оның ішінде, Абай, Жаңаарқа, Бұқар жырау, Осакаров, Шет және Ұлытау ауданының елді мекендері бар. Заңды тұлғалар да газдандырылмақ. Дәлірек айтсақ, 668 заңды тұлға, облыстың ірі 26 кәсіпорны газға қосылады. Газ тұтыну қоры жылына 1,4 млрд. текше метрді құрайды. Осы сұраныстан өнеркәсіптік кәсіпорындар шамамен 830 текше метр газ тұтынады.

КЕҢЕСТЕН КЕЛЕЛІ ҰСЫНЫС

Елбасының бес бастамасын іске асыруға тікелей бақылау жүргізетін кеңес мүшелері алдағы уақытта әр бағыт бойынша жұмыс барысын жіті қадағалайды. Бақылаудың жүйелілігін жалғастырады. Тұрғындар өтініші мен тілегіне құлақ асып, іске асырудағы кемшіліктер мен артықшылықтарды назарда ұстайды. Осы орайда кеңес соңында бірқатар құзырлы орындарға ұсыныстар жасады. Ол ұсыныстарға қатысты жұмыстар келесі кеңес отырысында мәлімделеді.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button