Әлеуметтің әлеуеті мықты
Денсаулық – зор байлық екенін ата-бабамыз атам заманда айтып кеткен. Жан мен тәннің саулығы – кез келген елдің даму айнасы. Азаматтардың денсаулығы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түрлі бағдарламаларында назардан тыс қалған емес. Саланың түйіткілді мәселелерін бір арнаға тоғыстырып, түйіндеген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы өзіне жүктелген міндеттерді орындады. Оның негізінде Ұлт Көшбасшысының «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары туралы» Жарлығындағы тапсырмалары жатыр. Нақтырақ айтсақ, бағдарлама елдің орнықты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету мақсатында халықтың денсаулығын жақсартуды көздейді.
Нәтижесінде, халық денсаулығын нығайтуға, өмір сүру ұзақтығын арттыруға, ана мен бала өлім-жітімін, сондай-ақ, әлеуметтік мәні бар ауруларды төмендетуге қол жеткіздік.
Дегенмен, қол жеткізген бұл көрсеткіш – меже емес. Мұнымен тұралап қалмай, жетістікті жетілдіруге күш жұмсау қажет. Халық санының күн санап артып келе жатқаны әрине, қуантарлық жайт. Бұл сонымен қоса жауапкершілік жүгін де салмақтай түседі. Әлемдік стандарттарға сәйкес заманауи технология мен емдеу құрал-жабдықтарымен қамту – саланың өзекті мәселелерінің бірі. Осы үдеден табылу үшін де емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жетілдіру – үнемі назарда. Шетелдік компаниялармен бірлескен жұмыс, лизинг негізінде қажетті құрал-жабдықтармен қамту, сонымен қатар, кейінгі жылдары қолға алынған мемлекеттік – жеке меншік әріптестігінің нәтижесі жаман емес. Өткен жылдарды айтпағанның өзінде биыл мемлекеттік – жеке меншік әріптестік негізінде екі офтольмологиялық орталық ашылды. Соңғы үлгідегі компьютерлік және магниттік-резонанстық төрт томограф алу жоспарда тұр. Зерттеу диагностикалық құралдармен жабдықталған кабинеттер қолданысқа берілді.
Әр медициналық мекеме өздеріне қажетті мамандарды резидентурада оқытуға қаражат қарастыру нәтижесінде тапшы мамандықтар бойынша мамандар 2-3 жылда білім алып келеді деп күтілуде. Бүгінгі күні 35 жас маман резидентурада білім алуда.
Ел азаматтарының денсаулығын арттыру сапалы медициналық көмекке тікелей қатысты. Оның сапалы болуы қаржыландыру, оны тиімді жұмсау, медициналық-техникалық құралдармен қамтылу, дәрігерлердің біліктілігі, олардың еңбегін лайықты бағалау секілді көптеген жағдайларға байланысты. Өзектілігін жоғалтпайтын бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасын табады.
Аймақта:
♦ жалпы өлім-жітім 12,1%-ға,
♦ нәресте өлімі 23%-ға,
♦ туберкулезбен науқастанғандар мен одан көз жұматындар саны 21,6% және 26%-ға,
♦ қан айналымы ауруларынан болатын өлім-жітім 30,2%-ға,
♦ қатерлі ісік салдарынан болатын өлім 28,5%-ға кеміген.
♦ Облыс тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы 2011 жылғы 67,2-ден 3,1 жылға артып, 70,3 жасты құрайды.
Жансая ОМАРБЕКОВА