Ресми

Әлеумет пен әлеует үлкен сынға түскен кез

Қасиеті мен қасіреті қатар сезілген 2020 жылдың сабағы айрықша болғаны жасырын емес. Өткен жыл әлеуметтің бірлігі мен әлеуеті сынға түскен жыл болды. Адам мен адамның ара қатынасы алшақтауға мәжбүр болған кезде мемлекет пен қоғамның, бұқара мен биліктің ара жігі ажырамай, керісінше, береке-бірліктің ерен үлгісі көрініс берді.

Осы орайда Қазақстан Республикасы Президентінің індетке дейін жарияланған «Халық үні­не құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы өзінің ерекше өзектілігін көр­сетті. Тұ­жырымдаманың басты мін­детіне сү­йене отырып, ка­ран­тин жағда­йындағы облыс тұрғын­дарының мұң-мұқтажын білу мен азаматтардың өтініштерін қарау­дың тың тетіктерін іздестірдік. Осылай­ша облыс әкімінің бас­тамасымен қа­ла және аудан әкім­дері өңір тұр­ғындарымен түр­лі ақпарат құ­ралдары мен әлеуметтік желілер ар­қылы тұрақты (апта сайын) түр­де «Әкім са­ғаты» форматында жүздесу үшін тікелей эфирге шы­ғып отырды. Өткен жылы бұл кез­десулерге облыс бойынша 70 мыңға жу­ық тұрғындарымыз белсене қатысып, 20 мыңнан астамы өз сұрақтарына тікелей желіде жа­уап алды. Індет жағдайындағы шектеулерге байланысты бұл бізге ел ішіндегі ахуалдан хабардар болып, азаматтарымыздың нақты мә­селелерін шешуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, жаңа жағдайға сай мемлекеттік әлеуметтік қызметті жетілдіру мақсатында ақпараттық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, бірқатар бастамаларды жүзеге асыр­дық. Мә­селен, оқушылар мен атааналар үшін апта сайын «Отбасы сағаттарын» өткізу тәжірибесі ен­гізілді. Бұл да карантиннің қи­ын­дығына тап болған білім сала­сындағы өзекті мәселелерді xалық­пен еркін талқылауға жол ашып, ауыртпалықты бірге еңсеруге себеп болды деп ойлаймын. Карантин кезінде дәрігерлердің көмегіне мұқтаж аза­маттарымызға әрбір ем­xана онлайн кеңестер өткізді. Мә­дени ошақтарымыз, театрларымыз бен концерттік ұжымдарымыз ха­лыққа өз өнерлерін интернет же­лісі арқылы онлайн форматта өткізіп отырды. Әрине, бұл залдағы атмосферадай бола ал­мас. Десе де, жерлестеріміз өңірлік өнерпаздардың өнерімен сусындауға мол мүмкіндік алды. Сондай-ақ, үйде отырған халық­ты салауатты өмір салтына шақыру мақсатында телеар­налар мен интернет арқылы түр­лі спорттық жаттығулар жүр­гізілді. Бұқаралық спортты наси­хаттау мақ­сатында өткізілген «Сары­арқа» онлайн спартакиадасына облы­сымыздың 5 мыңға жуық тұрғыны қатысып, біразы жүлделі бол­ды. Халықпен кері байланысты ны­ғайтатын осындай және басқа да заман талабына сай ұтымды тәжірибелер биыл да өз жалғасын таппақ.

«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді», дейді халық даналығы. Өткен жылы өңір көлемінде азаматтық қо­ғаммен өзара қарым-қатынасты ны­ғайту бағытында да оңтайлы шаралар атқарылды. Қоғамдық қозғалыстарды алаңдататын өткір мәселелер бойынша пікір алмасу алаң­дары құрылып, проблема­лар­ды жүйелі түрде шешуге ба­ғыт­талған ортақ жұмыстар ұйым­дастырылды. Ел ағалары және қо­ғам белсенділерімен кеңесе отырып, осынау қиын кезді ауызбіршілікпен өткеруге жан-жақты күш салдық. Әрине, бірігіп атқаратын шаруа әлі де шаш-етектен.

Қоғамның қайырымдылық әлеу­еті еріктілер қозғалысының арқасын­да кең көрініс тапты. Еріктілер ін­деттен зардап шеккендер мен шектеуде болған мұқтаж жандарды демеп, қыруар қайырымдылық жұмыстар жасады. 7 мыңнан астам еріктілеріміз 150 мыңнан астам көмекке мұқтаж жерлестерімізге қол ұшын созды. Осының барлығы ымыра-бірліктің арқасында жүзеге асқан игі шаралар.

Осындай сын сағатта әлеуметтің қамын ойлаған мемлекет те өз әлеуетін барынша танытып, күрделі жұ­мыстар жүргізді. Қарағанды облысы бойынша жүздеген әлеуметтік насандар ретке келтірілді. Мәселен, халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін нысандарымызды карантин кезінде бос қаңыратпай, барынша жөндеп алуға тырыстық. Мысалы, былтыр 400-ден астам білім беру мекемелерін жөндеу жұмыстарына 17 млрд. теңге қаражат бөлінді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есе көп қаражат. Сол сияқты жүзге жуық мәдениет ошақтарын жөн­деуге 4 миллиардтай қаражат жұм­салды (2019 жылғыдан төрт еседей артық). Ал, спорт ғи­мараттарын жөндеуге 2019 жылмен салыстырғанда 10 есе­ден артық қаражат бөлінді (1,2 мил­лиардқа жуық). Үкіметтің берген тапсырмасына сай мектептеріміздің компьютерлік қоры 30 мыңнан астам техникаға жаңарды. Бұл игі ша­руалардың бар­лығы ұл-қыз­дарымыздың сәні мен салтанаты келіскен ғимараттарда бі­лім алып, өнерін шыңдап, салауатты өмір сүруі үшін жасалуда.

Пандемия өршіген кезде жас­тардың кәсіпкерлік бастамасын қол­дауға бағытталған облыс әкімінің грантын 10 есеге ұлғайтып, 100 аза­матқа 100 миллион қаражат табыс еттік.

Руxаният пен тіл саласы да ерекше маңызға ие. “Руxани жаңғыру” кең­сесінің жұмысын жандандыру мақ­сатында көптеген жобалар қолға алынды. Індетке қарамастан іскер азаматтармен бірігіп, бұл бағытта да біраз жұмыстар жүргіздік. Қа­рағанды қаласында 10 көшенің аты жаңарып, ұлы Абай атамыздың аты қаланың орталық көшесіне берілді. Аталмыш жұмыстар облыс кө­ле­мін­де де кеңінен жүргізілді. Он­даған көше мен білім ошақтары та­рихи тұлғаларымыздың атын иеленді. Биыл да бұл жұмыс кеңінен жалғасады.

Ұлытау өңірінде Жошы xан кесенесі маңайынан көрікті мәдени-тариxи кешен бой көтеруде. Кешен би­ылғы жылы ашылады деп жос­парлануда. Абай қаласында ұлы ақынның жаңа, еңселі ескерткіші бой көтерді. Осы және басқа да шаралар руxымызды асқақтатып, ел еңсесін тіктейтіні анық.

Әрине, айта берсең, атқарылған ша­руа аз емес. Десек те, алда әлі қыруар жұмыстар күтіп тұр. Биылғы жылы 15 білім ошағының құрылысы жалғасуда, олардың 13-і жыл соңына дейін іске қосылады деп күтілуде. Сонымен қоса, облыста онға тарта спорт нысанының құрылысы жү­ріп жатыр, көпшілігін биылғы жы­лы ел игілігіне тапсыратын бола­мыз. Бұқаралық спорттың жан-жақты дамуына тың серпіліс беруге бағыт­талған осындай жұмыстар әлі де аз емес. Оның ішінде өзіміздің төл, ұлттық спорт түрлерін кеңінен қолға алу жұмыстарын ерекше назарда ұстап отырмыз.

Бұл және басқа да әлеуметтік маңызы бар жұмыстар сол қоғамның жіті қатысуымен, бақылауымен жүзеге асатын болады. Әлеуетіне сай әлеуметі жасаған қоғамда әділдік салтанат құрады, мұратына сай мемлекеті бекіген елге берекет қонады – дегеннің бір көрінісі болса керек бұл жоғарыда келтірілген дүниелер. Осынау сын кезеңде ел «төртеу түгел» болып қана тұрақты дамуын сақтап қалады. Ынтымағымыз жарасса, алын­байтын асу жоқ.

Абзал НҮКЕНОВ,

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары.

Басқа материалдар

Back to top button