Әлемі әдемі Айжамал
Былтыр Бішкек қаласында сурдо таэквондодон әлем чемпионаты өткен болатын. Чемпионаттың ақтық бәсекесіне қарағандылық Айжамал Әбдіқатова шықты. Қарсыласы – осал емес. 2022 жылы Иранда өткен Азия ойындарының финалында жеңіліп қалған еді. Енді осы бәсекеде есе жібермеу керек. Көк бұрыштан көтерілген жерлесіміздің сол уақыттағы жан дүниесіндегі аласапыранды өзінен артық ешкім білмейтін еді. Бірақ, осы жекпе-жекте жеңу үшін өзін жаттығу залында аямады. Әрі қателіктерімен жұмыс істеп, қарсыласына жаңа әдіс қойған. Еңбек пен төккен тері ақталып, әлем чемпионатының алтынын тақты. Әрі ел тарихында сурдо таэквондодан әлемді мойындатқан тұңғыш қазақ аруы атанып, тарихта есімін қалдырды.
Айжамал Әбдіқатованың туғаннан бері құлағы естімейді. Бірақ, денсаулығында басқа кінарат жоқ. Керісінше, спортпен шұғылданғаннан бойына күш-жігер жинады. Алдына мақсат қойып, үлкен спорттағы жолын бастады. Қазір Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясының ІІ курс студенті.
– Мен мектеп жасымнан бері таэквондомен шұғылданып келемін. Сол кезден-ақ, маған осы спорттың берер мүмкіндігінің зор екенін түсіндім. Жаттығу барысында тек физикалық емес, психологиялық тұрғыдан да өзімді дамыттым. Жаттықтырушыларымның арқасында күн өткен сайын күшіме күш қосылды. Әлем чемпионатының финалында қолымды көтергенде өзімді ұстай алмай қалдым. Бұл – қанша жыл жаттығу залында төккен терімнің жемісі, – деп ағынан жарылды Айжамал.
Айжамал 2000 жылдардың басында Өзбекстаннан Қарағандыға қоныс аударып келген. Бірақ, оған дейін түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүріпті. Осы жаққа келгенде сурдо таэквондодан Қазақстан федерациясының (WT) президенті әрі жаттықтырушы Руслан Ищановтың мектебіне барып, жаттығуды қайта бастайды.
– Алғаш келгенде өзі нәзік, соққылары да жай еді. Бірақ, спортқа деген құлшынысы тым жоғары-тын. Кейін жаттықтырушылар құрамы тегіс қимыл-қозғалыс арқылы сөйлеуді үйреніп, өзімен жеке жаттығу өткіздік. Әуелі техника жағынан дайындадық. Соққыларын да қойдық. Қазір салмағында өзіне тең келер қарсылас жоқ, – деді алғашқы жаттықтырушысы Руслан Ертайұлы.
Айжамал Әбдіқатова тек әлем чемпионы ғана емес, 57 келі салмақ дәрежесінде 2022 жылы Бразилияда өткен Сурдолимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған. Одан бөлек, былтыр желтоқсанда Малайзиядағы Азия ойындарында жүлделі ІІ орын иеленген. Бүгінде Айжамал Алматыда жеке жаттықтырушысымен дайындалуда. Күзде Жапонияда өтетін сурдолимпиада ойындарында бақ сынамақ.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан