Бас тақырыпҚазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Әлемдік деңгейдегі білім ордасы

Тәуелсіздік алғаннан кейін білім жүйесін жетілдіруде жаңа үлгідегі білім беру ұйымдары ашыла бастады. Білім беру саласының ең озық жетістігі ретінде дарынды балалар үшін ашылған Назарбаев Зияткерлік мектептерін атауға болады. Бұл мектептің басқа білім беру ұйымдарынан ерекшелігі – мұнда жоғары білікті шетелдік педагогтер сабақ береді және оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасалған.

Мұнда жаратылыстану-математикалық бағыттағы Эсперименталды Ықпалдасқан білім бағдарламасымен оқытылады. Бұл бағдарлама бойынша оқушылар физика, математика, химия, биология пәндерін тереңдетіп, үштілді ортада оқиды.

Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен 2008 жылы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында алғашқы зияткерлік мектебі ашылды. Айналдырған 5 жылдың ішінде бұл мектептер еліміздің барлық өңірінде бой көтерді. Бүгінде білім мазмұны жаңартылған Назарбаев Зияткерлік мектебінің саны 20-ға жетті.

Олардың қатарында Қарағанды қаласындағы химия-биология бағытында оқытылатын Назарбаев Зияткерлік мектебі де бар. Ол 2013 жылдың 1 ақпанында ашылды. Бұл – Мемлекет басшысының бастамасымен бой көтерген сегізінші мектеп болды. 2012 жылы 2 желтоқсанда Елбасы Н.Назарбаев мектептің құрылыс алаңында болып, Президент бұл мектепті аймақтағы білім беру сапасын арттыруға септігін тигізетін, ғылым мен инновацияның дамуына жағдай жасайтын оқу орны болатынына сенім білдірген еді.

Аталған мектепте 720 орын бар. Білім мекемесінде әлемдік озық технологиялардың көмегімен жасалған небір үлгілерді кезіктіруге болады. Басты мақсат – дарынды балаларға интеллектуалды білім беру болғандықтан, оқу процесіне айтарлықтай көңіл бөлінеді. Мектепте пән мұғалімдерінен бөлек, Ұлыбритания, АҚШ, Филиппин, Кения және Австралиядан келген халықаралық 9 мұғалім сабақ береді. Бұл педагогтер әлемнің дамыған мемлекеттерінің білімін, ғылымын қазақстандық оқушыларға меңгертуде жұмыс жасауда.

Оның нәтижесі де жоқ емес. Еліміздің әр өңірінен ашылған бұндай мектептер бүгінде өз жетістіктерін көрсетіп келеді.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың айтуы бойынша, Зияткерлік мектептері оқу сауаттылығы бойынша әлемнің алғашқы ондығына кіреді екен. Осыған дейін 14,5 мыңнан астам бала аталған оқу орнының түлегі атанып, еліміздегі және шетелдің ең озық университеттеріне оқуға түскен. Олардың ішінде қарағандылық түлектер де бар. Осы жылы түлектердің 29%-ы Назарбаев Университетіне, ал, 78 бала әлемнің ең озық университеттеріне оқуға қабылданған.

Халықаралық зерттеулерге сәйкес, Назарбаев Зияткерлік мектебі оқу сауаттылығы бойынша әлемде алғашқы ондыққа кіреді екен. PISA – 2018 халықаралық зерттеу нәтижелерінде бұл мектептер дүние жүзінде математика бойынша үшінші орын, жаратылыстанудан бесінші орын, ал оқу сауаттылығынан тоғызыншы орында тұр.

Бұл Зияткерлік мектеп оқушыларының білімі мен оқытушылардың жоғарғы деңгейдегі біліктілігін көрсетеді.

Осы тұрғыда халықаралық олимпиадаларда әлемнің дамыған елдерінің оқушыларымен тең бәсекеге түсіп, оларды оқ бойы озып, Қазақстанның атын танытқан оқушылардың еңбегін де атап өту керек.

Қарағанды қаласындағы Зияткерлік мектебінің оқушысы Рахим Баймурзин XVII Халықаралық Жәутіков және халықаралық Азия-Тынық мұхит математикалық олимпиадаларының күміс жүлдегері, «Жібек жолы» Халықаралық математикалық олимпиадасының қола медаль иегері, сондай-ақ, осы жылы ол 62-ші Халықаралық математика олимпиадасының қола медалін жеңіп алды.

Халыаралық байқауларға білім жарыстырған осы мектептің 12-сынып оқушылары Ануар Дүйсенбеков пен Фархат Нұрланов Кореяда өткен VII Халықаралық «Жас ғалым» ғылыми байқауында бірінші орынға ие болған. Қатысушылардың зерттеу жұмыстарын АҚШ, Ұлыбритания, Сингапур, Ресей және басқа да елдер университеттерінің оқытушы-профессорлық құрамы өте жоғары бағалаған.

Сонымен қатар жас ғалымдарға Кореядағы Woosong университетінде оқуға 75 % грант берілген екен.
Мұндай оқушыларды тек мектеп ұстаздары ғана емес, бүкіл ел мақтан тұтады. Сол себепті биыл жүлдегер оқушыларға мемлекет тарапынан берілетін сыйақы жөнінде қаулы қабылданғаны көпшілікті қуантты.

Жақында бұл мектептердің қатары Түркістан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебімен толығады.

Бүгінгі таңда бұл мектептерге оқытудың жаңа әдістемесін енгізу және еліміздегі басқа да оқу орындарына Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесін енгізу шаралары жүргізіліп жатыр.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button