Өңірде ауыл шаруашылығы өндірісі артып келеді
Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты даму қарқынын сақтап келеді. Өңір аграрийлері өндіріс көлемін ұлғайтып, техникалық паркті жаңартуға, егіс алқаптарын кеңейтуге және мал шаруашылығының әлеуетін арттыруға басымдық беруде. Нәтижесінде, биылғы жылдың алғашқы 10 айында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 445 млрд теңгеге жетті. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 21 пайызға өскен. Ал, оң динамика егін және мал шаруашылығы бағытында байқалған.

Ауыл шаруашылығы өндірісінің өсіміне мал шаруашылығы елеулі үлес қосып отыр. Жыл басынан бері облыста 79,4 мың тонна ет, 192,5 мың тонна сүт өндіріліп, 535 млн-нан астам жұмыртқа алынды. Сонымен қатар, ірі қара мен жылқы саны артып, құс шаруашылығының да даму қарқыны күшейген. Мал басын көбейтумен қатар, оны қажетті жемшөппен қамтамасыз ету де маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта биыл жемшөп дақылдары егілген алқап көлемі шамамен 20 пайызға ұлғайып, 206 мың гектардан асты. Бұл мал азығының қорын молайтып, шаруашылықтардың қысқы кезеңге дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Егін шаруашылығында да оң өзгерістер бар. Диқандар егіс алқаптарының құрылымын әртараптандырып, нарықта сұранысқа ие дақылдарды өсіруге ден қойған. Мәселен, биыл майлы дақылдар егілген алқап көлемі 35,6 мың гектарға ұлғайыпты. Ал, биыл облыс диқандары 421 мың тоннадан астам картоп жинаған. Көкөніс өнімі 70 мың тоннадан, ал, майлы дақылдар түсімі 71 мың тоннадан асты.
Мол өнім алу – жұмыстың бір бөлігі ғана. Оны ысырапсыз сақтау, сапасын жоғалтпай, нарыққа уақытылы жеткізу де аграрлық саланың маңызды міндетіне айналған. Қазір облыстағы астық қоймаларының жалпы сыйымдылығы 1,44 млн тоннаға жетсе, картоп пен көкөніс сақтайтын қоймалар шамамен 358 мың тонна өнімді қабылдай алады. Ауыл шаруашылығы саласындағы өсімді қамтамасыз ету үшін өндірістік әлеуетті арттырумен қатар, шаруашылықтарға жүйелі қолдау көрсету де маңызды. Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов өңірде техника паркін жаңарту, егіс алқаптарын кеңейту, жемшөп қорын молайту және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру бағытындағы жұмыстар жалғасып келетінін баса айтты.

– Агроөнеркәсіптік кешенді нығайту бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып келеміз. Біз үшін өндіріс көлемін ұлғайту ғана емес, оның тиімділігін арттыру да маңызды. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға, егіс алқаптарын кеңейтуге, жемшөп қорын молайтуға және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетіп отырмыз. Мұның бәрі шаруашылықтардың тұрақты жұмыс істеуіне және саланың алдағы уақытта да қарқынды дамуына негіз болады, – деді Сырым Бошпанов.
Сала дамуына серпін беретін негізгі тетіктердің бірі – мемлекеттік қолдау. «Кең Дала» және «Кең Дала – 2» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 15,9 млрд теңге бөлінді. Бұдан бөлек, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндігі ұсынылып келеді. Осы тетік аясында шаруашылықтар мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған.

Өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніне инвестиция тарту жұмысы да қарқын алып келеді. Қазір жалпы құны 51,5 млрд теңге болатын 40 жоба жүзеге асырылуда. Оларды іске асыру нәтижесінде 383 жаңа жұмыс орнын ашу және ауыл шаруашылығы өндірісінің мүмкіндіктерін кеңейту көзделген. Бүгінге дейін жалпы құны 12,9 млрд теңге болатын 12 жоба пайдалануға беріліп, 177 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстар өңірдің аграрлық әлеуетін нығайтып, ауыл шаруашылығы өндірісін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Жыл соңына дейін облыста ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемін 559,6 млрд теңгеге жеткізу жоспарда бар. Одан бөлек, мал басын одан әрі көбейту және салаға тартылатын инвестиция көлемін арттыру да күн тәртібінде тұрған басты мәселе.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



