Бас тақырыпРесми

Әлем чемпионаты Қарағандыда өтеді

Келесі жылы Қарағандыда өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша Әлем чемпионаты өтеді. Иә, мұндай да спорт түрі бар. Дода арқылы құтқарушылардың қабілеті шыңдалып, өзара тәжірибе алмасады. Жарыстың өту мерзімі – 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығы. Әлемнің 20 елінен 400-ден астам спортшы мен делегаттар қатысады деп күтілуде. Бұл облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен Қарағандыда өткен Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар федерациясының халықаралық конференциясында мәлім болды.

Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек әлемдік дода «Шахтер» стадионында өтетінін хабарлады. Алаңды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру үшін жөндеу жұмыстары жоспарлануда. – Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша Әлем чемпионатын өткізу – біз үшін үлкен құрмет әрі жауапкершілік. Облысымызда үлкен жарыстарды ұйымдастыру тәжірибесі бар. Біз 2020 жылға жоспарланған бұл шараны жоғары деңгейде өткізіп, тарихта із қалдыру үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Нақты іс-шаралар жоспарын бекіттік. Дайындықпен айналысатын жұмыс тобы құрылды. Мен оның барысын жеке өзім бақылаймын, – деді облыс әкімі.

Конференцияда өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әлем чемпионаттарының нәтижелері және бас төрешілер алқасының жұмысы, өрт сөндіру-құтқару спорттық пәндері бойынша әлемдік рекордтарды бекіту және федерация қызметіне қатысты басқа да мәселелер айтылды.

Алқалы жиынға Австрия, Беларусь, Ресей, Латвия, Сенегал, Өзбекстан тәрізді 16 мемлекеттің өкілдері қатысты. – Қазақстан Ресей Федерациясынан өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша Әлем чемпионатын өткізу эстафетасын қабылдағанын білесіздер. Биыл жарыс Саратовта өткізілді. Қазақстанда Әлем чемпионатын келесі жылы Қарағандыда өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл кездейсоқ емес. Мұнда спорттық инфрақұрылым дамыған. Көптеген нысандар әлемдік стандарттарға сай және ол бізге халықаралық жарыстар өткізуге мүмкіндік береді, – деді Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин. Спорттық шара оқу мұнарасының 4-қабатының терезесіне шабуыл сатысымен көтерілу, кедергілердің 100 метрлік жолағын еңсеру, жауынгерлік қанат жаю және қашықтықтан өрт сөндіру эстафетасын қамтиды. Чемпионат елімізде осымен екінші рет өткізілмек. Бұған дейін 2014 жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button