Жаңалықтар

Әлекеңе ақ тілек!

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Менің  досым  Мүслиманың  Әлиін,
Түгел  біледі, әр  ауылың,  әр  үйің.
Ширек ғасыр маған тұңғыш ұлындай
Беріп  қойған  арендаға зал  үйін.

Ығып жүрер бейсауат жан, бата алмай,
Жаныма кеп, дұрыстап тіл қата алмай.
Ең  алғашқы  танысқанда  Әлимен,
Бастық  едім,  бөлімшеде  бақандай.

Төл науқаны, күндіз-түні мазам жоқ,
Төлші тапшы, жерден қалай қазам деп.
Жүргенімде бір жас жігіт келіп тұр,
Тілші  едім,  Бәке, Сізді  жазам  деп.

Тілші болсаң жаз бауырым, жаз  дедім,
Шындықты  белуардан  қаз,  дедім.
Бақыт  деген, бақташы бар  осында,
Ондай  еңбек  адамдары  аз  дедім.

Әли  кетті,  бір ай  болды  арада,
Шаруа күйттеп, жүріп жаттым далада.
«Орталыққа» бір мақала  жарқ етті,
Мен туралы ой саларлық санама.

Содан  бері  қырық бес жыл  өтіпті,
Достығымыз мәңгілік  боп  кетіпті.
Ер  жасы деп, жұбататын  ағалар,
Сол  жетпіске – Әлекең де  жетіпті.

Бүршік жарған бәйшешегі даланың,
Ата-ана үшін орны бөлек  баланың.
Тек қызық пен қуанышын  әкелсін,
Қос құлының, Бұланың мен Жанарың.

Мүслима келін болып  түскен күн,
Мол ырызыққа толған үсті  үстелдің.
Содан болар қай  мезгілде  барсаң да,
Сорпасы мен шайы дайын Мүскеңнің.

Сен көл болсаң, ол жағаңның жартасы,
Бұлақ  болсаң, ол түбіндегі  малтасы.
Әли  емес, Әлекең боп жүргенің,
Мен  айтар ем, Мүслиманың да арқасы.

Қиянатқа  көңілде  орын  қалмаған,
Жүрегіңе  сыйып  кетер  бар  ғалам.
Қолдан келсе дұшпанға да жақсылық,
Жасайтұғын  мінезіңе  таңғалам.

Жасандылық досым саған  жат бүгін,
Өмір сыйы, жайсаң  мінез шаттығың.
Марапат  пен  абыройдың, атақтың,
Ең  биігі – сенің  азаматтығың!

 Бағдат ШАХМЕРДЕНОВ,
«Би-Ата»  шаруа  қожалығының басшысы, ақын.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button