Абай

«Latynsha jazyp daǵdylanamyz»

Елімізде Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында латын әліпбиін үйрену мен үйретуге бағытталған жұмыстар жіті жүргізілуде. Әсіресе, қоғамның барлық саласында қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіруге бағытталған шаралар – қарқынды. Абай ауданында өткен «Latynsha jazyp daǵdylanamyz» тренингі қала тұрғындары арасында латын әліпбиіне негізделген тәжірибелік тапсырмалар мен жаттығулар орындау арқылы оқу және жазу дағдыларын қалыптастырды.

Мамандар тренингте алдымен, аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан латын әліпбиіне бағытталған жұмыстарға тоқталды. Оның ішінде, ересектер арасында жаңа қазақ әліпбиінде жазу және оқу дағдыларын қалыптастыру жағы баса айтылды. Әсіресе, латын негізді әліпбиде жазылған ақпараттарды визуалды түрде қабылдап, адамдардың ішкі психологиялық кедергілерін жою жолындағы себептер сараланды. Мамандар жиында осы бағыттағы «Latynsha jazyp daǵdylanamyz» тренингіне жыл бойы аудан бойынша 19 мекемеден 447 адам қамтылғанын атады. Өткен тренингтерге жергілікті атқарушы органдарға қарасты мемлекеттік мекемелердің, орталық атқарушы органдарға қарасты аумақтық департаменттердің, сот атқару жүйесінің, білім беру ұйымдарының, ЖОО мен колледждердің, кітапханалар жүйесінің қызметкерлері қатысқан. Тренингтер барысында әр саланың қызметкерлері қатысушыларға латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі және жаңа емле ережелеріндегі өзгерістер туралы қысқаша теориялық ақпарат берген.

– Қазіргі таңда аудан бойынша атқарылған жұмыстардың көбі латын әліпбиіне негізделуде. Осы мақсатта өтетін тренингтердің басты мақсаты адамдарға тәжірибелік тапсырмалар мен жаттығулар орындату арқылы оқу және жазу дағдыларын қалыптастыруды көздейді. Бұл латын әрпін қолдану, ең алдымен, заман талабы болып отырғандықтан, кез келген жаңа дүниелерді ескеріп, жаһандық үдерістен қалмағанымыз дұрыс екенін алға тартады. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бұл үдеріс жақсы дайындықты және ойластырылып жүргізілуді қажет етеді. Осы орайда, ХХ ғасырда кириллица негізінде қазақ тіліндегі әдеби және ғылыми мұралардың ауқымды қоры әзірленгенін есте сақтағанымыз дұрыс. Ең маңыздысы, қазақстандықтардың болашақ ұрпағына арналған халықтың осынау қазынасы жоғалып кеткен жоқ» – деген болатын. Латын әліпбиін көпшілік арасында насихаттап, оқытатын әдіскердің басты мақсаты – алдымен латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиі туралы ақпарат беру. Тренингтер мен шеберлік сыныптары арқылы ересектерге жаңа қазақ әліпбиін үйрету, жаңа әліпбиде жазу және оқу дағдысын қалыптастыру – басты бағытымыз, – деді Абай ауданының ішкі саясат мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Э.Ахметжанова.

Тренингтердің барысында сондайақ, қатысушыларға латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі және жаңа емле ережелеріндегі өзгерістер туралы қысқаша теориялық ақпарат берілді. Сонымен қатар, қатысушылар латын графикасындағы әріптердің жазылуын тәжірибеде қолдануға кірісті. Жыл бойы жүргізілетін тренингтер жұмыстарының нәтиже беретінін айтады мамандар.

Аяулым СОВЕТ.

АБАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button