Руханият

Латын қарпінде жазылған тарихи құжаттар

   Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы негізгі мәселелердің бірі – 2025 жылға қарай қазіргі қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру қажеттілігі туралы тезис. Әліпбиді латын графикасына көшіру, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін күшейту және ұлттық бірегейлікті сақтау қажеттілігі мен ком­пьютерлік сауаттылықты жоғарылату, шет тілдерін меңгеру және мәдени ашықтықты арттырумен тікелей байланысты болуына негізделген. Тарихи тұрғыда бұл қазақ жазуының соңғы екі ғасырдағы үшінші ірі реформасы болады. Бұған дейін 1929-1940 жылдары латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі қызмет етті. Қазақстан Республикасы Президенті архивінің мұрағат қорларын сақтау және мемлекеттік есепті қамтамасыз ету басқармасының басшысы Гауһар Бекішева сол жылдардағы көптеген маңызды құжаттардың осы архивте сақталғанын айтады.

Өткен ғасырдың 30-40 жылдарында КСРО-дағы түркі халықтарының әліпбиін латындандыру туралы шешім қабылданды. Бұл туралы №141 Қазақ өлкелік комитетінің БКП (б) 1925-1937 жылдардағы, №708 КП (б) ОК қорларынан және жеке қорлардан алынған Қазақстан Республикасы Президенті архивінің құжаттары куәландырады. Мысалы, 1926 жылғы 10 желтоқсандағы «Қазақ жазуын латындандыру туралы» мәселе жөніндегі дискуссиялық кеңестің хаттамасы мұрағатта сақталған. Бұл кеңеске О.Жандосов, М.Жолдыбаев, А.Байтұрсынұлы, Ә.Бай­ділдин және тағы басқа зиялы қа­уым өкілдері қатысқан. Құ­жатта:  «…қа­зақ халқы қысқа мерзім  ішінде  өзінің мәд­ени дамуында үлкен жетістіктерге жетті, өзінің ұлттық мектебін құрды және өзінің мәдени дамуында тәжірибелерге сүйене отырып мәдениет мәселелерін шешті, өзінің ғылыми тілін, әдістемелері мен бағдарламаларын әзірледі, сонымен бірге, жазу туралы мәселені, яғни, араб қарпін жаңа латын қарпіне ауыстыру туралы мәселені қозғады» делінген.

Латын қарпіне көшу мәселесімен бүкіл түркі халықтары айналысты және бұл мәселе 1926 жылы Баку қаласында өткен Түркітану съезінде шешілді. ҚазКСР-ның Халық ағарту комитеті жаңа әліпбиге көшуге мүдделі бола отырып, бұл мәселені ғылыми тұрғыдан зерттеп, кеңінен талқылауға ұсынды, – дейді Қазақстан Республикасы Президенті архивінің мұрағат қорларын сақтау және мемлекеттік есепті қамтамасыз ету басқармасының басшысы Гауһар Бекішева. – А.Байділдин «Жаңа (латын) әліпбиге көшу туралы» атты баяндамасында мәселенің тарихына тоқталып кетті, яғни, алғаш рет араб әліпбиін латынға ауыстыру туралы мәселені шамамен ХІХ ғасырдың аяғында әзірбайжан ғалымы, драматург Ахунд мырза Фатали көтерген болатын. Ол сол кезде өз Отанында жеткілікті жақтаушыларды таппады, өзінің жаңа латын әліпбиі жобасымен Константинополь (Түркия) мен Тегеранға (Иран) барды. Бұл елдердің консервативті билеушілері Ахундке жаңашыл идеяларды таратуға тыйым салды. Кейіннен Әзірбайжан мен Татарстанда бұл мәселе 1905 жылғы революцияға байланысты көтерілді.

1910-1913 жылдары бұл мәселе Түркияның баспасөз беттерінде жаппай талқыланды және көптеген жақтастар табылды. 1914-1918 жылдардағы соғыс және Түркиядағы революциялық дүмпулер уақытша бұл мәселені күн тәртібінен түсірді, тек 1922 жылы тағы да көтерілді. Әзірбайжанда жаңа әліпби жақтастарының қатарына көрнекті қайраткерлер қосылды. Нариманов пен Агамалы Оглының қатысуымен 1922 жылы жаңа әліпби жүргізу бойынша комитет ұйымдастырылды. Осы комитет жұмысының арқасында жаңа әліпби кеңінен қолданыла бастады. Комитет жаңа әліпбимен алғаш рет «Яни Юл» (Жаңа жол) атты газет басып шығарады, 1 және 2-сатылы мектептер үшін оқу құралдарын және әртүрлі саяси брошюралар шығара бастайды. Әзірбайжан үкіметі жаңа әліпбиді 1 және 2-сатылы мектептерге міндетті пән ретінде енгізеді.

1926 жылы Бакуде өткен Түркітану съезі латын әліпбиі қызметін мақұлдады және түркі халықтарының латын әліпбиіне көшу қажеттігін қабылдады. Әзірбайжанмен қатар, якуттар, қалмақтар, түрік-болгарлар және тағы басқа халықтар латын әліпбиін қабылдады. Дағыстан Үкіметінің басшысы Ж.Коркмасовтың басшылығымен жаңа әліпбиді жүргізу бойынша комитет жұмыс істей бастады. Өзбекстанда, Түркіменстанда, Карақырғызда және Башқұртстанда жаңа латын әліпбиіне көшу мәселесі шешілді. Мәскеуде ҚазКСР халықтарының Орталық баспасөз комитетінде де латыншылар қауымдастығы құрылды. Ақырында бұл идея біздің республикамызға да енді. «Қазақтың жаңа латын әліппешілер қоғамын» ұйымдастыруға кірістік, қысқартылғанда ЖАҚ (Жаңа әліппешілер қоғамы). Міне, қысқаша мәселенің тарихы мен қазіргі жағдайы, – делінген баяндамада.

Құжатта араб әліпбиінің кемшіліктері, латын әліпбиінің артықшылықтары, яғни, латын таңбалары – ғылым мен техниканың белгілері ғана емес, сонымен қатар, барлық дерлік халықтардың мәдениетімен игерілген жалпы жазбасы, бұл латын әліпбиін қабылдаған және қабылдау үстіндегі Шығыс халықтарымен жақындасуға ықпал етіп қана қоймай, сонымен қатар алдыңғы қатарлы елдердің ғылымына, мәдениетіне баулуға ықпал етеді, алға ғана басу, ұлтаралық мәдениетке тура қарау, жаңа латын әліпбиін енгізуде тәжірибелік қадамдар жасау керектігі туралы мәліметтер бар. Сонымен қатар, 1928 жылдың 9-12 желтоқсанындағы «Жаңа қазақ әліпбиі жақтастарының бірінші өлкелік конференциясы жұмысының нәтижелері туралы» есебі бар. Онда Нығмет Нұрмақовтың сөйлеген сөзі келтірілген, онда былай делінген: «Жаңа латын әліпбиі – Қазақстандағы революция. Тезірек жүзеге және тәжірибелік іске асыру үшін жұмыстың революциялық әдісін қолдану керек. Жаңа әліпбиді жаңа іс ретінде жүзеге асыру үлкен қиындықтармен ұласады, сондықтан еңбекшілердің барлығын жұмылдыру қажет».

«Жаңа әліппешілер қоғамының» («Жаңа қазақ әліпбиінің» қоғамдастығы) жарғысы бар, онда қоғамдастықтың мақсаты, құқықтары мен міндеттері туралы айтылған. 1927 жылы сондай-ақ, 1928 жылдың 12 желтоқсанындағы «Жаңа қазақ әліпбиі жақтастарының өлкелік конференциясының қарары» бар, мұнда әліпбидің дыбыстық негіздерін, латын және жалпы түркі әліпбилерін бірізділендіру және т.б. мәселелер жөнінде айтылған.

Жаңа қазақ әліпбиі Орталық комитетінің төрағасы О.Жандосовтың ҚазКСР-ның мемлекеттік өміріне жаңа әліпбиді енгізу бойынша жұмысы туралы есебі сақталған, мұнда жаңа әліпбиді енгізу бойынша операциялық жоспардың әзірленуі, 1929 жылдың 1 қазанына дейін мөрлер, мөртабандар мен маңдайшаларды толық ауыстыру жұмыстарының аяқталуы, іс жүргізудің жаңа әліпбиге көшірілетіндігі және т.б. мәселелер туралы айтылған.

Латын графикасына орындалған құжаттардың арасында Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданы №28 ауылының аштыққа ұшыраған адамдарының тізімі (1931 ж.), Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Д.Керімбаевтың Торғай ауданының атынан сайлауға қатысуы туралы куәлігі (1929 ж.), майдандағы Қызыл әскер қатарындағы жауынгерлердің Д.Керімбаевқа олардың отбасыларына материалдық көмек көрсету туралы хаты, (10 шілде 1943 ж.), Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері С.Бейсембаевтың майданнан туыстарына жазған хаты (9 сәуір 1943 ж.), А. Хангелдиннің «Дударай» пьесасына М.Әуезовтің жазған рецензиясы (1941  ж.) және т.б. көптеген тарихи маңызды құжаттар бар.

Демек, латын қарпіндегі жазу-сызу – біз үшін баяғыда өтіп кеткен кезең. Сондықтан оған көшу аса көп қиындық тудыра қоймауы тиіс. Латын әліпбиіне оралу – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы болашақ ұрпақ үшін зор әлеуетке ие ірі ұлттық жобалардың бірі.

Қайыржан ТӨРЕЖАН.

Aikyn.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button