Ұлан қызметіне – оң баға
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының ұжымы Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Борис ЗОРИНМЕН жүздесті. Жиын барысында әскери қызметшілердің әлеуметтік мәселелері қаралды.
Қалалық мәслихат депутаты, «Стоматологиялық бірлестік» ЖШС-нің бас директоры Борис Зорин Ұлттық ұланның жауынгерлік қызметіне және табыстарына оң баға берді.
«Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, полковник Савердин Имировтың басшылығымен өткен кездесуде офицерлер халық қалаулысына сұрақтарын қойды. Сонымен бірге әскерилер үшін облыстық, қалалық әкімшілік қорынан жалдамалы тұрғын-үй, жатақханада тұру, қоғамдық көліктерде тегін жүру секілді бірқатар әлеуметтік мәселелер қарастырылды.
Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты өзінің негізгі кәсібі тіс дәрігері болғандықтан, Ұлттық ұланға қарасты мерзімдік әскери қызметшілердің тістері ауырған жағдайда жедел көмек көрсету және емдеу қызметін тегін көрсетуге дайын екендігін айтты. Осы тұрғыда «Стоматологиялық бірлестік» ЖШС және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығы арасында меморандумға қол қою жоспарланды.
Сонымен қатар, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақановтың ұйымдастыруымен депутаттармен біріге отырып әскери қызметшілердің әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында 5451 әскери бөлімінде кездесуді алға тартты.
Қ. ДОСҰЛЫ,
ҚР Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің басшысы.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.