Жаңалықтар

Лаңкеске еріп, Сирия асқан тағдырлар

Қарабастағы «АК-159/18» түзету мекемесіне бас сұққалы тұрмыз. Түрме деген атаудың өзі тәніңді түршіктіреді ғой. Темір тордың арғы жағында қаншама тағдыр, бізге беймәлім өмір һәм өз заңы бар. Бұл жолы біз түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан екі азаматпен әңгімелесеміз. Біреуі «шынайы мұсылман болсақ, жиһадқа аттанайық» деп аттандап үгіт жүргізген. Ал, екіншісі аттанып кетіп, кейін атамекеніне әзер оралған. Олай болса, өздерінің айтқандарынан бастайық әңгімені…

Қуатжан АМАНДЫҚОВ, 32 жаста:

«Біз ертеде отбасымызбен Қызылордадан Астанаға көштік. Дінге деген қызығушылығым 23-24 жасымда арта бастады. Басында Әбу Ханифа мәзхабымен оқып бастадық. Кейін ортадағы жігіттердің уағызымен санамыз улана бастады. Әлеуметтік желілерден теріс бағыттағы діни уағыздарды тыңдап, жат ағымның шырмауына іліндім. Біреулердің нұсқауымен Ринат есімді уағызшылардың әңгімесін көп тыңдадым. Және сол бағытты дұрыс санадым. Мұнымды кейін барып қана сезе бастадым. Ата-анам да айта бастады. Бірақ, ол кісілерге қатты қарсы келген күнім жоқ. Дегенмен, арамызда түсініспеушіліктер жиі орын алып кетті. Мінезім өзгерді, тез ашуланшақ бола бастадым. Ақырында аһидадан қателесіп, осында тап болдым. 6 жыл мерзімім аяқталуға бір ай қалды. Осында теологтардың нұсқауымен діни бағытта білім алып, Аллаға шүкір, тәубеме келдім. Астанада туғандарым тосып отыр сағынышпен».

Диас РАХМЕТОВ, 29 жаста:

«Мен намазға 17 жасымда келдім. Кәдімгі дәстүрлі дініміз – Әбу Ханифа мәзхабымен жығылдық намазға. Кейін жатағымдағы жамағаттың жетегіне еріп кеттік. Әрине, оның бәрі ілімнің толық болмағанынан ғой. Сайттардан теріс ағымдағы уағыздарды тыңдап, қалай топ ете қалғанымызды түсінбей қалдық. Сосын Сириядағы соғысты көріп, мұсылмандарға қатты жаным аши бастады. Жүрегім ауырды. 2016 жылы Қырғызстан арқылы Сирияға аттануға бел будым. Бірақ, Түркияда 1 жыл түрмеде отырдым. Заңсыз шекарадан өткенім үшін. Одан шығып, Стамбұлдан Сирияға апаратын өкілдер арқылы діттеген жеріме жеттім. Ол жерде 1 айдай әскери дайындықтан өттік. Мен барған кезде 400-500-дей қазақ бар еді. Сөйтіп, соғысқа түскеннен кейін жарылыстың астында қалып, жарақат алдым. Раха қаласында әбден айыққанша 6 ай болдым. Индонезиялық әйелге үйлендім. Одан бір қызым бар. Сириядағы сұрықсыз өмірді тастап қашып кетуге талай оқталдым. Бір кісі елге жеткіземін деп 3 мың доллар алып, алдап кетті. Сол жақта жүріп әкем мен шешеме айттым жағдайымды. Оларға қатты соққы болды. 8 ай күрдтердің тұтқынында болдым. Үміт болмады мүлдем. Кейін 2019 жылдың қаңтарында «Жусан» операциясымен елге жеткенімде бірақ жидым есімді».

Жазасын өтеуші қызылордалық Қуатжан уағыз-насихат айтып, қазақтарды жиһадқа үгіттегені үшін абақтыда алты жылын өткізді. Енді, бостандыққа шығу үшін бір айға жуық мерзімі қалыпты. Түрме қыз­меткерлері тәртібінің қалыпты, тәубесіне келгенін айтады. Ал, 2 жыл жазасын өтеген теміртаулық Диастың әлі 7 жылы бар. «Әкем мен шешем келіп тұрады. Бірақ, кез келген ата-ана кешіреді ғой» дейді. Жалпы, мұнда «Жусан» операциясымен елге оралған 5 азамат жазасын өтеп жатыр. Теологиялық оңалту жұмысының инспекторы Ағзам Сахи адасқандармен үнемі тығыз жұмыс жасайтындарын айтады

– Біз имамдар мен теологтермен жиі кездесу өткіземіз. Психологтардың да көмегіне жүгінеміз. Мысалы, жазасын өтеушілердің діни тұрғыда күрделі сұрағы болса, ислами ілімі мол ұстаздармен жүздестіріп, сауалдарына жауап іздейміз. Тек, діни экстремизммен сотталғандармен ғана емес, басқа да сотталушылардың аһидасын дұрыстап, діни сауатын дұрыс ашуға ықпал етеміз, – дейді теолог.

Р.S: Қуатжан сөз арасында былай деп еді: «Менің осы жерге түсуімнің де үлкен қайыры бар деп ұқтым. Алла тағаланың маңдайыма тисін дегені ғой. Шүкір етемін». Диас та әңгімесін былай түйіндеді: «Сириядан еліме аман жеткенім үшін тәубе дедім. Темір тордың арғы жағында отырсам да, туған жер – ыстық. Аллаға сансыз шүкір». «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген нақыл осындайда айтылса керек. Сондықтан, өздерінің қателігін кеш түсінсе де, оны өзгелердің қайталамауын өтінген өрімдей жігіттердің басынан кешкендері өзгелерге де ой салар, бәлки…

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button