Коронавирусқа қарсы салынатын вакцина бойынша гид
1. COVID-19-ҒА ҚАРСЫ САЛЫНАТЫН ВАКЦИНА ҚАУІПТІ МЕ?
Вакцина инфекциялық агенттерді – ауру тудыруы мүмкін вирустарды, бактерияларды немесе басқа да микроорганизмдерді имитациялайды. Осылайша адамның иммундық жүйесі тез және тиімді жауап беруге «үйренеді». COVID-19-ға қарсы вакцинациялау кезінде ауру тудырмайтын, бірақ, сонымен қатар иммундық жауапты қауіпсіз генерациялайтын, инактивацияланған немесе әлсіздендірілген вирусты пайдалана отырып, фрагменттер қолданылады.
ДДСҰ жаппай қолдануға рұқсат берген вакциналар ауруларға қарсы күресте олардың қауіпсіздігін және тиімділігін дәлелдеу мақсатында мін- детті түрде тестілеуден және клиникалық сынақтардан өтеді, сондай-ақ, ұлттық реттеуіш стандарттарына сәйкес келетіндігі тексеріледі.
2. БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ ВАКЦИНАНЫ КІМ АЛУЫ ТИІС?
Коронавирусқа қарсы вакцинаны, ең алдымен, медицина қызметкерлері және халықпен жиі араласатын қауіп тобындағы адамдар алуы керек. Бұл денсаулық сақтау және экономика саласындағы жағдайды барынша тез тұрақтандыруға, сондай-ақ, жаһандық пандемиядан қалпына келтіру процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
– Жұқпалы аурулар ауруханасының, жедел медициналық көмектің, реанимацияның, қабылдау бөлімінің, санэпидқызметтің қызметкерлері.
– Мектеп, ЖОО, мектеп-интернат, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің педагогтары, студенттер және созылмалы аурулары бар адамдар.
– ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК қызметкерлері.
3. ВАКЦИНАЦИЯЛАУДЫҢ АЛДЫНДА АНТИДЕНЕЛЕРГЕ ТЕСТ ТАПСЫРУ КЕРЕК ПЕ?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес КВИ-ге қарсы вакцинациялау алдында антиденелерді анықтау үшін ИФА зерттеуін жүргізу қажет емес. Аталған инфекциямен ауырған адамдарды КВИ-ге қарсы вакцинациялау аурудан жазылғаннан кейін 6 ай өткен соң, антиденелерге скринингсіз денсаулық жағдайын ескере отырып жүргізу ұсынылады.
Қазіргі кезде дүние жүзінде қандағы антиденелердің «қорғаныш» деңгейін көрсететін бірде-бір нормативтік құжат жоқ. Яғни, клиникалық жағынан айқындалатын ауыру қаупі жоқ. Осыған байланысты, вакцинациялау алдында антиделердің деңгейін анықтау арқылы ақпарат алуға болмайды.
4. КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ БІРІНШІ ЕКПЕДЕН КЕЙІН ӨЗІН ҚАЛАЙ ҰСТАУ КЕРЕК?
Вакцинаның бірінші дозасынан кейін барлық сақтық шараларын сақтау қажет. Бұл қажетті шаралар, өйткені бір дозаның иммундық жүйеге жеткілікті түрде әсер ететіні дәлелденбеген, екіншіден, толық вакцинациялаудың өзі де вирусты жұқтырудан және таратудан 100% қорғай алмайды.
Вакциналардың тиімділігі, негізінен, ауыр симптомдарды болдырмауға қабілетті екендігімен бағаланады. Ал, біз ковидтің симптомсыз болуы мүмкін екендігін білеміз, бұл кезде адам айналасындағыларға ауру жұқтырып, қауіп төндіреді.
5. COVID-19-ҒА ҚАРСЫ ЕКПЕДЕН КЕЙІН АУЫРУ МҮМКІН БЕ?
Өкінішке орай, бірде-бір вакцина қауіпті айтарлықтай азайтса да, ауруды жұқтырмауға жүз пайыз кепілдік бере алмайды. Дұрыс (барлық ережелерді сақтау арқылы) вакцинациялау иммундық жүйені вирусқа қарсы тұруға дағдыландыра алады. Сондықтан, ауруды жұқтырғанның өзінде ол жеңіл түрде, симптомсыз өтуі мүмкін. Алайда, симптомсыз пациенттер инфекцияны тасымалдаушы болуы мүмкін екенін естен шығармау керек. Осы себепті, вакцинациялаудан кейін де айналадағы екпе алмаған адамдарды қорғау үшін әлеуметтік қашықтықты сақтап, бетперде тағуды жалғастыру қажет.
6. ТҰРАҚТЫ ИММУНИТЕТ ҚАЛЫПТАСУ ҮШІН ҚАНШАЛЫҚТЫ УАҚЫТ ҚАЖЕТ?
Вакцинациялаудан кейін организмдегі бірінші иммундық жауап бірінші дозаны салғаннан кейін 12-14 күннен бастап қалыптасады, бірақ тұрақты иммунитет 32–45 күннен кейін, ең көп дегенде 56 күннен кейін қалыптасады. Сондықтан, осы инкубациялық кезеңде барлық сақтық шараларын сақтаған жөн, яғни, бетперде тағып, ара қашықтықты сақтау керек.
7. ҰЖЫМДЫҚ ИММУНИТЕТ ДЕГЕН НЕ?
Ұжымдық иммунитет – бұл халықтың көпшілігі белгілі бір вирустан қорғалуы тиіс шекті вакцинациялау деңгейіне жету. Коронавирус инфекциясына қарсы ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін еліміздегі ересек адамдардың 60%-ын вакцинациялаумен қамту керек. Бұл қоғамдағы вирус айналымының жалпы үлесін азайтады және вакцина ала алмайтын әлсіз топтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. COVID-19 жұқтырған адамдардың жартысында ауру орташа немесе жеңіл түрде өтетінін, ал кейбір адамдарда ешқандай симптомдардың байқалмайтынын естен шығармаған маңызды, алайда көптеген адамдар қатты ауырады және ауруханаға жатуға мәжбүр.
8. ВАКЦИНАЦИЯЛАУ ТУРАЛЫ НЕНІ БІЛУ КЕРЕК?
Кез келген вакцинация, оның ішінде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация ЕРІКТІ түрде жүргізіледі. Сіз вакцинациядан жазбаша түрде бас тарта аласыз. Бұл үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделмеген. Коронавирусқа қарсы вакцинация ТЕГІН жүргізіледі.
9. КОРОНАВИРУС ИНФЕКЦИЯСЫНА ҚАРСЫ ВАКЦИНАНЫ ҚАЛАЙ АЛУҒА БОЛАДЫ?
Вакцинация тұратын жері бойынша емханада жүргізіледі. Өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз болуы керек.
Екпе салардың алдында сізден сауалнама, ерікті ақпараттандырылған келісім парағын толтыруды сұрайды және жадынама береді.
Дәрігер медициналық қарап-тексеруі – дене қызуын, қан қысымын, сатурация және т.б. өлшеуі тиіс.
Вакцинациядан кейін 30 минут дәрігердің бақылауында, содан кейін 3 күн учаскелік дәрігердің бақылауында боласыз.
Сізге вакцинациядан кейін өзіңізді нашар сезінген жағдайда қай жерге бару туралы ақпарат көрсетілген парақ берілуі тиіс.
Вакцинаның екінші дозасын бірінші вакцинациядан кейін 21 күннен соң аласыз. Вакцинациялау күні мен уақыты туралы СМС-хабарлама телефоныңызға бір тәуліктің ішінде келеді.
10. ВАКЦИНАЦИЯҒА ҚАНША УАҚЫТ ҚАЖЕТ?
КВИ-ге қарсы вакцина алу үшін сізге шамамен бір сағат уақыт қажет.
10 минут Екпе алудың алдында дәрігердің қарап-тексеруі керек.
15 минут Препаратты дайындау. Вакцина мұздатылған күйде сақталатындықтан, препаратты процедура алдында еріту керек.
30 минут Екпе салғаннан кейін бақылау. Сіз екі екпе туралы белгісі бар – вакцинациялау күні, вакцина атауы көрсетілген және дәрігердің қолы қойылған атаулы сертификат аласыз.
11. COVID-19-ҒА ҚАРСЫ ВАКЦИНАЦИЯЛАУДЫҢ ҚАРСЫ КӨРСЕТІМДЕРІ ҚАНДАЙ?
– 18 жасқа толмасаңыз;
– жүкті және бала емізетін әйел болсаңыз;
– екпеге дейін 2 аптаның ішінде және вакцинациялау кезінде ЖРВИ-мен ауырған болсаңыз;
– вакцинациялау кезінде дене қызуыңыз 37°С-тан жоғары болса;
– жіті инфекциялық және инфекциялық емес ауру деген диагноз қойылса;
– созылмалы ауруларыңыз және аллергиялық реакция асқынса;
– дәрігердің медициналық тексеруінен өтпесеңіз;
– сізде медициналық қарсы көрсетілімдер болса.