Кооператив – табыс көзі

   Шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру – ауылды дамытудың кепілі. Ең бастысы – ауыл тұрғындары үшін тұрақты жұмыс орындары ашылып, өндірілген өнімді қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізудің мүмкіндігі туып отыр. Кооператив құрудың тиімділігін түсінген қарқаралылық шаруалар ірі кәсіпорындармен келісімшарт жасауда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауданда 11 кооператив құрылды. Біз Бесоба және Угар ауылдық округіндегі қос кооперативтің жұмысымен танысқан едік.

Екі кооператив те сүт қабылдау бағытында құрылған. Теміртау қаласындағы «Рен Милк» сүт фабрикасымен арнайы келісім жасасқан.

Угар ауылдық округіндегі «Ақбұлақ Агро» кооперативі төрағасы Ардақ Сланбековтің айтуынша, бастапқыда ауыл тұрғындары аталмыш жұмысқа сенімсіздік танытыпты. Ақ адал малдарының сүтін тапсырып, одан он күннің ішінде әжептәуір ақша түсетіндігіне де күмәнмен қараған. Дегенмен, тәуекелге бел буған кооперативтің әр мүшесі басқа жерлестеріне жол көрсетті. Нәтижесінде, бүгінде ауыл тұрғындарының басым көпшілігі сүт тапсыруды жаппай қолға алған.

Осы уақытқа дейін 60 тонна сүт өткізіліп, 4 млн. теңгеден астам қаражат түскен. Әрине, бұл ауыл тұрғындарының әлеуметтік әлеуетінің жақсаруына оң ықпалын тигізуде. Теміртаулық сүт кәсіпорнының автокөлігі арнайы келіп, сүт қабылдайды. Күніне орта есеппен әр үй 40-50 литрдан сүт тапсырады. Тіпті, 120 литрге дейін тапсырғандар да болған. Ал, сүттің қаражаты кооперативтің есеп шотына он күнде бір түсіп отырады. Сүт литріне 80 теңгеден қабылданады. Нәтижесінде сүтті көп тапсырғандар қомақты қаражатқа ие болады. Айына 200 мың теңгеге дейін ақша алғандар бар.

Кооператив мүшелері 6 пайызбен әр малға 160-180 мың теңгеден, жалпы сомасы – 51 млн. теңге кредит алды. Ал, тапсырылған сүттен түскен қаражат алынған несиені жабуға артығымен жетеді.

Тағы бір айтары, өздері тапсырған шикізаттың өнімі, яғни, «Рен Милктің» айран, қаймақ, йогурттері де ауылдағы дүкенге арзан бағада күнделікті түсіп тұрады. Кооперативтің ендігі мақсаты – сүт сақтайтын танкер пунктін алу. Оған да Үкімет тарапынан жеңілдік қарастырылған. Төрағаның айтуынша, барлық мәселелер кооператив мүшелерімен біріге отырып, ақылдасып шешіледі. Ауыл әкімі Жасұлан Рахымбековтің мәлімдеуінше, кооператив жұмысы дұрыс бағытқа қойылды. Ауыл тұрғындары жұмыла көтерген жұмыстың берекелі болатындығына көз жеткізген. Әрбір отбасы мал асырауға бет бұрған.

Ал, аудан орталығынан шалғайда орналасқан Бесоба ауылдық округінде құрылған «Асыл жер КZ» кооперативінің жұмысы тиянақты. Ауыл әкімі Айтбек Ақатаев жаңашылдыққа жаны құмар жан. Қандай бастама болсын қолдап, оның нәтижелі болуына бар күшін салады. Іскер басшы басқарып отырған ауылдың да шырайы жақсы. Ауыл іші таза. Мемлекет тарапынан берілген бағдарламаларды орындауда қашанда алдыңғы орындардан көрінеді. Ауылдан көшу тоқтаған. Үй бағасы қымбат.

Бүгінде ауыл тұрғындары құрылған кооперативке сүт тапсыруда белсенділік танытуда. Тіпті, қолда бар малын сатып, сүтті сиырлар сатып алып келіп жатқандар да бар. Ауыл тұрғыны, бүгінде қалада тұратын Қуаныш Рысбеков есімді азамат туған жеріне келіп кооператив құрып, жұмысын бастап кеткен.

Бұл жерде сүтті сақтайтын арнайы екі пункт бар. Алғашқысы – неміс жабдығы. Тауар, толық автоматтандырылған. Сыйымдылығы – 3 тонна. Кейінгісі – Қазақстанда құрастырылған танкер. Сыйымдылығы – 2 тонна. Сүтті 4 градусқа дейін суытады. Су жылытқышы, кішігірім зертханасы, қол жуатын арнайы орыны, электронды есептегіш құралы бар. Үкімет тарапынан танкерге субсидия төленген.

Кооперативтің 19 мүшесі бар. Жалпы сомасы 59,2 млн. теңге несиені жеті жылға 6 пайыз жеңілдікпен алған.

«Бүгінгі күнде біздің алдымызда ауқымды жоспарларымыз бар. Ең бастысы мал басын асылдандыру, яғни, сүтті бағытта сиырларды көбейту. Сол арқылы жыл бойына үздіксіз сүт тапсырсақ деген ойымыз бар. Егер, тұқымы жақсы, күтілген мал болса, ол 305 күн сүт бере алады. Ал, біздің қазіргі малдарымыз тек 5 ай ғана сауылады. Сондықтан, сүт тапсыру кезеңі маусымдық болып тұр. Бүгінде жұмыс уақытша тоқтатылды. Келесі жылы наурыз-сәуір айларында қайта жұмысқа кірісеміз. «Келешекте малдың төлдеу циклін бұзсақ» деген жоспар да бар. Ол үшін арнайы білікті мал дәрігері маманы қажет. Егер мал тамыз-қыркүйек айларында төлдесе, қыс бойы тапсырылатын сүттің де бағасы қымбат болушы еді. Бүгінде кооператив жұмысы жан-жақты ұйымдастырылған. Осы кезге дейін мүшелердің малдары бір орында бағылды. Арнайы бақташысы болды. Алты адамды жұмыспен қамтыдық. Мәселен, түскен пайдаға байланысты салық төлеп отырамыз. Әлеуметтік аударым және зейнетақы қорына салымдар, сақтандыру қорына қаражатты уақытында аударып отырамыз. Ондай жұмыстармен есепшіміз шұғылданады» – дейді кооператив төрағасы Қуаныш Рысбеков. Тәулігіне 400 литрге дейін сүт тапсырылып отыр. Литрі – 75 теңгеден. Аталмыш кооператив 13 тоннаға жуық сүт тапсырған. Көршілес бөлімше Қызылтудан да сүт тасымалдау жұмысы ұйымдастырылған.

Аталмыш кооперативтер еңбек өнімділігін арттырды. Халықты жұмыспен қамтамасыз етті. Қалтасына қаражат салды. Сапалы өнімге деген сұраныс артты. Ең бастысы – бұл жұмыстардың одан әрі дамуына Үкімет қолдау көрсетті.

Сағыныш ӘБІЛОВА

Қарқаралы ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.