ЖаңалықтарМәселе

Колизей күйресе де, тобыр тарқамады

Адамның көкірек көзі ашылып, санасына сәуле түссе, рухы биіктеп, есінеген «мені» сілкінсе, маңайына қарайлайды. Ал, қарайлаған адам өзі өмір сүріп жатқан қоғамының кем тұсын аңдап, наразылық білдірері сөзсіз. Дауысы шығады. Олар – ашкөз, ақыл, парасаты жоқ билеушілердің қас жауы. Оянғандар бір-бірін тауып, біріксе – үлкен күш. Олар ұлт мүддесі үшін күреседі және жол бастайды. Жиған білімін, ақылын шырақ етіп, маңайына жарық, сәуле таратады.

тобыр

«Арты қуыс» патшалар халқын тобырға айналдыру үшін небір айла-тәсілге, саясатқа барған. Өйткені, қай дәуірде, қай заманда болсын тобырға билік ету оңай. Айтқаныңа көніп, айдағаныңа жүреді. Ебін тапсаң, болғаны.

Мысал ретінде, бір заманда жаһанға сөзі өтіп, төңірегін уысында ұстаған қуатты Рим империясының тағдырын баяндайық. Әскерінен жер қайысты, «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болды. Міне, сол империяны бір кезеңде Флавий Веспасиан деген патша билеген. Астындағы алтын тағын ұрпағына мұра етіп қалдырғысы келген деседі. Бірақ, паңдығы сұмдық, лап ете қалатын жұртының ашуынан именіпті. Мақсатына жету үшін елінің ыстық ілтипатына, құрметіне бөленуі керек болды. Бұқараның жүрегіне жол табу үшін Римнің қақ ортасына даңқы жаһанға тараған Колизейді тұрғызды. 50 мың адам сыятын алып амфитеатр. Амфитеатр алаңында спортшылар емес, гладиаторлар шайқасты, мыңдаған көрерменнің алдында жан тапсырды. Көптің көңілін көтеру үшін құлдарды жыртқыштарға тірі жемтік қылды. Римнің қанқұмар тобырына мұндай шоу ұнайтын еді. Қалың тобыр уақытының басым бөлігін Колизейдің трибуналарында өткізді. Тапқан дәулетін бәске тікті. «Күнде думан, күнде той». Бәсіңді тік те, тамашала. Шарапқа тойып, сайран сал. Ешкім «әй» демейді. Көзін жазықсыз құлдың қаны мен соры басқан тобыр империя саясатын, ұстанымын, ұлт мүддесін талқылайтын уақыт таппады. Оларға керегі – қанмен жазылған һәм декорацияланған спектакль. Ақырында империя халқы келешегіне тас атқан соқыр тобырға айналып, Флавий Веспасиан мұратына жетеді. Алып империяның тағын Флавийлер әулеті иемденеді. Әтеш, ит төбелесінен адам өліміне қуанатын деңгейге жеткен тамырлы өркениеттің ақыры қандай болғанын кәрі тарихтан білесіздер. Атилланы «құдайдың қамшысы» деп қабылдаған сол соры қалың ежелгі жұрт еді.

Бүгінде Колизей жоқ. Заманалар көшкен, өркениеттер орын алмасқан. Бірақ, Колизейді 100 мың жанкүйер сыятын үлкен футбол стадиондары алмастырды. Ережесіз жекпе-жек өтетін ареналар да бұрынғы амфитеатрлардың көшірмесі. Кейінгі қауым қылышпен қиылған тәнді көрмесе де, шекеден, мұрыннан сорағалаған қанға мәз. Бәс тігіп, алаңдағы бейбақтың азабынан қалта қампайтады. Олардың жаһандық проблемаларда жұмысы жоқ. Мұздықтардың ерігені, ормандардың өртенгені, оталғаны, ауызсу қорының азайғаны, әлемдік дағдарыс… «Бүл болмасаң, күл болдың» кейпі.

Қалың тобырдың көңілін аулап, қаһарманына айналған шоумен спортшылар да әбден байыған. Алаңда доп теуіп, публикаға ойнаған өзіндей тентекті төмпештегені үшін қап-қап ақша алады. Артылғанын қайырымдылыққа жұмсап, жаһан жұртының көзіне сүйікті һәм аяулы образда көрінеді. Жарнамасы жер жарады. Тіпті, солардың даңқымен идеалогиясын жүргізіп отырған мемлекеттер де бар. Мысалға Еуропа елдерін алсақ, жаңылмаймыз. Испания, Англия, Италия, Германия елдерінде футбол дегеніңіз жәй ғана спорт емес. Мысалы, испандықтар сүйікті клубының әр матчынан қалмайды. Тайлы-тұяғымен стадионға ағылады. Бала-шағасымен жанкүйер. Бесіктен белі енді ғана шыққан бала өз кумирын ата-бабасындай қадір тұтады. Бұл – қанға сіңген құмарлық. Осы сөзімнің дәлелі ретінде бір дерек келтірейін. Коронавирус кезінде футболды тоқтатқаны үшін кәрі құрлықтың халқы жаппай көшеге шығып, ауқымды наразылық шерулерін бірінен соң бірін өткізгені естеріңізде шығар? Сонда, оларға ала доптың қызығы өмірден артық болғаны ғой. Локдаун енгізген елдер шарасыздан стадиондарды ашып, футбол ойнауға еріксіз рұқсат еткен. Матчты қаңыраған трибуналармен тікелей эфир арқылы таратты. Тыйымдардан тіпті, мемлекеттердің өзі де қалтырады. Өйт­кені, қазыналарының шамамен төрттен бір бөлігі − клубтар мен спортшылардың салығына тәуелді. Бір кезеңде Испания Ла-лигасында өнер көрсеткен Леонель Месси мен Криштиану Роналдудың төлейтін салығының өзінен қазынаға қыруар қаражат түсетін. Спортшылардың дәрігерлерден, құтқарушылардан жүз есеге артық ардақталуы, мадақталуы – тобырлық психологияның ашық көрінісі.

Қымбат спорттық көліктер мініп, бренд киім киген, зәулім виллаға қоныстанған дәрігерді, полицейді, құтқарушыны, ұстазды көрмегеніңізге сенімдімін. Ал, енді мен сізге әлемдегі ең бай спортшыларды атайын. Мысалы, американдық баскетболшы Майкл Джордан допты еденге соққылап жүріп, спорттық мансабында 3,3 миллиард доллар тапқан. Таяқшамен жердегі шарды ұратын гольф деген ойынды білетін шығарсыз? Тайгер Вудс есімді спортшы сол шарды сарт-сұрт соғып жүріп-ақ 2,5 миллиард доллар жиған. Миллиондаған жанкүйері бар әлгі Леонель Месси мен Криштиану Роналду да осылардан қалып тұрған жоқ. Американдық боксшы Флойд Мейвезердің табысы шамамен 1 жарым миллиард долларды құрайды. Бұлар бергісі ғана. Аса танымал еместері қаншама. Олар тобырдың көңілін көтеріп, көзін арбағаны үшін осылай құрметтелуде. Негізгі миссиялары – осы.

2000 жыл бойы адамзатты тобырландыру ойындары жүріп келеді. Колизейден шарықтау алған амфитеатрлар дәуірі гүлденбесе, құлдыраған жоқ. Тобыр – қай уақытта да озат ойлылармен жасақталған саяси күштердің қаруы болған. Флавий Веспасианның Колизейі осы міндетті атқарған еді.

Балаңыз таңнан кешке дейін смартфонға шұқшиып, не көріп отырғанын білесіз бе? Не көрсе де, тілі шала, ой − өрісі тар, кісікиік, ізденіске, еңбекке құлқы жоқ «кішкентай» адам өсіп келеді. Оған смартфон мен интернет болса, болғаны. Ол – келешек қоғамның бір өкілі. Артық сұрақ қоймасын деп, жұмыстан қажып келгенде аулаға, дүкенге сүйреп мазаламасын деп оларды да алдарқататын өзіміз. Бұл енді басқа әңгіме…

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button