Жаңалықтар

Кокс зауыты салынады

Нұра ауданында жылына 400 мың тонна өнім шығаратын арнайы кокс өндіретін жаңа зауыт салынады. Жобаны Еуразиялық топқа кіретін «Шұбаркөл Көмір» компаниясы іске асырады.

Өнеркәсіп алаңында еңбекшілерге 2071 жылға жолдауы бар капсула салынды. Салтанатты шараға облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, ERG Директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов, «Еуразиялық Топ» ЖШС басқарма төрағасы Серік Шахажанов, «Шұбаркөл Көмір» АҚ президенті Рустам Ибрагимов қатысты.

– Зауыт құрылысы импортты алмастыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылған тағы бір табысты жоба болмақ. Жобаға шамамен 40 млрд. теңге инвестиция салу, 120 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Қазіргі заманғы технологиялар мен жаңа жабдықтар пайдаланылады, – деді Жеңіс Қасымбек. Арнайы кокстан басқа жылына 72 мың тонна көлемінде көмір шайыры мен көмір майын өндіру көзделуде. Өндірістің шикізаты Шұбаркөл разрезінің «Д» маркалы көмірі болады.

– ERG-дің Қазақстанда жүзеге асыратын батыл жоспарлары бар. Алдағы жылдары біз жаңа жобаларға және қолда бар өндірістерді жаңғыртуға 6 млрд. АҚШ долларынан астам инвестиция салуды жоспарлап отырмыз. Арнайы кокс өндіретін зауыттың құрылысы – «Шұбаркөл көмір» мен ERG қуатының артып келе жатқандығының дәлелі, – деп мәлімдеді Шухрат Ибрагимов.

Рустам Ибрагимовтің айтуынша, өндіріс ең заманауи технологияларды қолданады. Экологиялық таза болады. Энергия мен су ресурстарын үнемдеу жөніндегі іс-шаралар кешені әзірленді. Жаңа зауытты іске қосу 2023 жылға жоспарланған. Арнайы кокс ферроқорытпалар мен таза кремний өндірісінде тотықсыздандырғыш ретінде қолданылады. Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының бағалауы бойынша ішкі қажеттіліктер жылына миллион тоннадан астам өнім. Бүгінгі таңда бұл өнім Ресей мен Қытайдан үлкен көлемде импортталады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button