Бас тақырыпОблыс әкімі

Әкімдер жұмысына талдау жасалады

Былтырғы жылдың қорытындысында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерде көштің соңында қалған өңірлерге жеке талдау жасалады. Ал, облыстың экономика басқармасының мәліметінше, аймақтағы 12 өңір жылды ойдағыдай жапса, 6 өңір – нашар. Шаң қауып қалудың себеп-салдарына тереңірек үңілген соң, көрсеткішті кейін тартқан әкімдерге шара қолданылады. Жыл қорытындысына байланысты өткен әкімдік отырысында аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ тиісті басқармаларға талдау жасауға тапсырма берді. Жыл бойы ілбіп, елдің соңында жүрген әкімдердердің «сыбағасы» – сақтаулы.

Экономика басқармасының мәлімдеуінше, жалпы, облыстың өткен жылғы даму көрсеткіші – жағымды. Тау-кен және металлургиялық өнеркәсіп – өңір дамуының басты драйвері. Аймақ экономикасының жартысынан астамын – өнеркәсіп секторы құрайды. Сол арқылы экономиканың өзге саласы бағыт алуда. Мәселен, өнеркәсіп өнімін өндіру өткен жылы 0,2 пайызға өскен. Сөйтіп, 2 566.5 млрд.теңгенің өнімі шығарылған.

Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы 2018 жылы 470 млрд.теңге көлемінде инвестиция тартылғанын мәлімдейді. Бұл – 2017 жылға қарағанда 100 млрд. теңгеге артық, өсім – 20,6%. Мұнда негізгі үлес жеке инвестицияларға тиесілі. Ол – 85%. Инвестициялардың жалпы көлемінің 42%-ы – шетелдік. Бұған 1 трлн. теңгеден астам сомаға 35 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқасында қол жеткізілді. 9 мың жаңа жұмыс орны  құрылды. Оның 17-сі шетелдік компаниялардың қатысуымен іске асқан.

– Былтыр 8 жоба іске қосылды. Биыл облыста 140 млрд.теңге көлемінде инвестициялар салынған 11 жобаны іске қосу және 1 300 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Сондай-ақ, 6 ірі өндірістің құрылысы басталады, оның 4-еуі еркін экономикалық аймақта іске асырылады, – дейді өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмасұлтанов.

Шағын, орта бизнестің өсу қарқыны соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Облыстық деңгейде 1,7% – ға немесе 1713 жаңа бизнес субъектілерінің өсуі қамтамасыз етілді. Жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы бойынша шағын несиелендірудің ұлғаюына байланысты олардың жартысынан көбі, яғни, 1060 бірлігі – шаруа қожалықтары. Облыс бойынша кәсіпкерлер өткен жылдың кезеңіне 21,4% өсіммен 885 млрд.теңгенің өнімін өндірді.

2019 жылы жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы бойынша шағын несие беру жұмыстары жалғасын таппақшы. Бұл мақсатқа 5 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді. Бұған қоса, 2018 жылғы 1,1 млрд. теңге сомасындағы ауыспалы қаражат бар. Осы бағдарламаны іске асыруға барлығы 6,1 млрд. теңге қарастырылып, сондай-ақ 1500 шағын несие беру жоспарлануда.

Сонымен қатар, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерді қолдау шаралары жалғасын табады. Бұған 1,5 млрд. теңге қарастырылған. Оған 250-ден астам жобаны қамтуға мүмкіндік барын айтады кәсіпкерлік басқармасы.

Жаңа технологияларды енгізу және жоғары репродуктивті тұқымдарды пайдалану арқылы Қарағанды өңірінің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өткен жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтады. Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 272,0 млрд.теңгеге өндірілді, НКИ 106,2%-ды құрады, оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 116,0 млрд. теңге, НКИ – 110,8%, мал шаруашылығы – 155,4 млрд. теңге, НКИ – 102,9% құрады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов баяндады.

Аймақта 1 млн. тоннадан астам бидай бастырылды. 340,8 мың тонна картоп және 105,0 мың тонна көкөніс жиналды. Сонымен қатар, 2006,0 мың тонна шөп дайындалды. Бұл мал азығына деген қажеттілікті толығымен жабады екен. Мал шаруашылығы саласында мал басы мен өнім артты.

2018 жылы тамақ өнімдерінің НКИ 102,9%, өнім өндіру көлемі – 112,0 млрд.теңгені құрады. 712,9 мың тонна өнім өндірілді. Өткен жылмен салыстырғанда 10,2 мың тоннаға (702,7 мың тонна) артық. 2018 жылдың 11 айында 8 пайыздық өсіммен барлығы 44 млн. АҚШ долларына 195 мың тонна өнім экспортталды. Оның ішінде, бір мың тоннадан астам сиыр еті және 142 тонна қой еті бар.

Жалпы, аймақ дамуындағы көрсеткіштер ел бойынша көңіл көншіткенімен, кей аудан-қалалардың ісінде кібіртіктеу бар. Осыған орай, аймақ басшысы өзге облыстармен салыстырмай, ішкі өңірлердің өзіне талдау қажеттігін ерекше атады. Сол талдаудың нәтижесінде әкімдердің жұмыстары тағы сараптаудан өткізілмек алдағы уақытта.

Басқа материалдар

Back to top button