Бас тақырыпРуханият

Киелі мұраға — жүйелі жауапкершілік

  1. Алаш рухты алтын бесіктегі екі күн

Қарағанды облысы әкімінің аппараты «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйытқы болуымен өңірдің киелі жерлерін аралап, мәңгілік мұраларымызға тағзым етуді мақсат тұтқан «Ұлы дала елі» тарихи-мәдени экспедициясы 21 маусым күні екінші бағыт бойынша Шет, Ақтоғай аудандарына жолға шықты. Сапарымыз оң, олжамыз орасан болып оралдық. Аудандардың тыныс-тіршілігімен танысып, мәдени орталықтарында, мемлекет қорғауына алынған қасиетті жерлерде болдық. Олжалы сапардан түйген ордалы ойларымызды оқырманмен бөліссек…

Таң рауаны себезгілеп, тіршілік атаулыны ерекше нұрға малындыра бастаған сәтте біз де аяғымызды үзеңгіге салғанбыз. Керуеншілер – сондай сергек. Шыны керек, Бұқар жырау, Қарқаралы аудандарынан оралғаннан кейін Қарағандыда демалыспен өткізген бір күніміз алтыннан қымбат уақыттың босқа өткен бөлігіндей әсер етті. Сапарға асығып, киелі өлкенің құшағына ынтығып тұрдық.

Салмақты сапар сапындағы керуеншілер де бір-біріне әбден бауыр басып алған. Шұрқырай табысып, жолға шықтық. Жол қысқартудың басты амалы – әңгіме. Оның өзінде мағынасыз бос сөз емес, кешегі сапар мен алдағы сапарды сабақтастыра отырып, алған әсерімізбен бөлісіп, тауыса алмай келеміз. Керуенбасы Ерлан Құсайын ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы айрықша маңызға ие болып, ұлттық санамызға ғажап серпіліс әкелгенін байыппен әңгімелесе, тарихшы Темірғали Аршабеков Ақтоғай, Шет өңірлеріндегі тарихи мұралар жайлы тамсана сыр шертеді. Біз, жастар – тыңдаушымыз.

Әңгіме тиегі елдік мұраттан бір ұзаған жоқ. Осындай әсерлі әңгіме құшағында келе жатып, Шет ауданының шекарасына келіп қалғанымызды да аңғармаппыз. Рух байрағын желбіреткен керуенді Шет ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарушы Гүлмира Акеева, аудандық археологиялық-этнографиялық музей директорының міндетін атқарушы Салтанат Қамытбаева және ауданның белсенді жастары қарсы алды. Қазақтың қасиетті қара домбырасымен әнші Елдос Жәкиев халық әні «Сарыбидайды» нақышына келтіріп орындағанда тебіренбей қалмадық. Ұлы Дала төсінде асқақ рух қанат жайып, Сақтардан қалған салтымыз, Ғұндардан қалған ғұрпымыз салтанат құрғандай. Қарсы алушылар ұсынған ұлттық сусынымыз қымыз бен бауырсақтан дәм татып, анамыздың қолынан ас ішкендей мархабатты күйге бөлендік. Керуен басшысы Ерлан Бейсенбайұлы экспедицияның мақсаты мен міндеті жайлы қысқаша баяндап, даладай дархандық танытқан Шет ауданы халқына ризашылығын білдірді. Ауыл иелері де Шет ауданындағы оң өзгерістер мен байыпты бастамалар жайлы тілге тиек етті. Мәселен, биыл 90 жылдығы аталып өткелі отырған шежірелі Шетте рухани қазынаны жаңғырту бағыттары мықтап қолға алынған екен. Аудан мұражайына қазынадан қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Ақсу-Аюлының кіреберіс қақпасы жасалып, орталық алаң ине-жіптен жаңа шыққандай жаңартылмақ. Шортанбай жыраудың 200 жылдық мерейтойына да дайындық қызу жүріп жатыр.

Күре жолдың бойындағы аз-кем сұхбаттан кейін жолға ыңғайландық. Ендігі жерде біздің керуенге белгілі қаламгер, өрелі өлкетанушы Кәмел Жүністегі ағамыз жол бастамақ. Кәмел ағаның есіміне сырттай ғана қанық болып жүрген жас тілші үшін бұдан асқан олжа бар ма?! Жолбасшымыздың бойында тұнып тұрған шежіре маған баға жетпес қазынадай әсер қалдырды. «Алыстан сермеп, жүректен тербеп» (Абай) ағытылған ағамыз сарқылар емес. Әуелі Талды ауылының маңындағы Сеңкібай би Оразғұлұлы кесенесіне соғып, баба рухына тағзым етіп, тарихымен таныстық. Қайсар рухты бабамыз кезінде Абылайхан әскерінің барлаушылар мыңдығын басқарған. Ел ішінде билік айтып, халқының құрметіне бөленіп, әділдігі, парасаттылығы, көріпкелдігі үшін Биата, Сеңкібай әулие атанған екен.

Одан кейін Талды өзенінің бойындағы қола дәуіріне жататын ежелгі пирамидамен және маңындағы қазба жұмыстары жүріп жатқан қосынға аялдадық. Тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Игорь Кукушкин зерттеп, зерделеп жатқан қазба жұмыстары қола дәуірін, Алтын орда дәуірін қамтиды. Қола дәуіріндегі қазбадан бала сүйегі, жылқы, сиыр сүйектері, қыш құмыралар, жебе ұштары табылған. Қотыртас қорымы саман кірпіштен тұрғызылған. Қорымнан екі адам сүйегі табылған.

Қаза білген қазынаға кезігетіні ақиқат. Ал, осы сапарды жаза білген адам одан екі есе қазынаға жолығар еді. Жасыратыны жоқ, тілшінің өлшеулі өресі мен газеттің шақтаулы көлемі осынша қазынаны игеріп, оқырман ойынан шыға алар ма екен деген ой мазалай бастады мені.

Әдебиетіміздегі «Зар заман» деп аталатын әйгілі кезеңнің көрнекті өкілдерінің бірі Шортанбай Қанайұлы мен атақты шешен, әділ би Шабанбай Қалқаманұлының басына соғып, құран оқуды да жөн санадық. Шортанбай баба жерленген жерге келгенде Кәмел аға ағытылып берді. Шортекең мұрасының шырақшысы екені көрініп тұр. Баба тағдыры да, кеңестік жүйедегі Шортанбай мұрасына деген көзқарас та, бүгінгі дәріптелу деңгейі де сөз болды. Рухани байып, тоқтаған жерден аттанғымыз келмей біз жүрміз…

Осылайша, Шет ауданындағы сапарымызды тәмам етіп, үш арысты туғызған асқақ рухтың алтын бесігі Ақтоғайға қарай бет алдық.

***

 Түс ауа керуен басын Ақтоғайға тіредік. Аудан белсенділері дархандық танытып, алдымыздан құшақ жая қарсы алды. Бірден аудан әкімдігінде жастар қауымымен жүздесіп, сапарымыздың салмақтылығын баян еттік. Жиынды Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Абылай Аманжолов тізгіндеді. «Нұр Отан» партиясы Ақтоғай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Төлеген Таукеев аудандағы атқарылған шаралар жайлы баяндама жасады. Аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Забира Азимбекова да қысқаша баяндама жасап өтті. Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Абылай Аманжолов аудан кіре берісінен мешіт салынатынын айтып, сүйіншіледі. Ауданның атымтай азаматтарының қолдауымен бой көтеретін мешіт «Ақсораң» мешіті аталады екен. Жиынды аяқтап, әкімдік алдындағы «Үш Арыс» ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойдық. Үш арысымыз – Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермековтің ұлт болашағы үшін еткен ерен еңбектері жайлы сүбелі әңгіме қозғалды. Аудан орталығындағы мұражайға соғып, көптеген тарихи жәдігерлер шерткен сырмен таныстық. Аудан жастары және өңір өлкетанушысы Тұңғышбай Мұқан ағамыз жол бастап, тарихи-мәдени орындарды бетке алдық.

Алғашқы аялдамамыз Тоқырауын өзенінің бойындағы төбе үстінде орналасқан Сана би кесенесі болды. Сана Қожантайұлы өз заманында «Қанатты қара» атанған қасиетті адам болған екен. Ат ұстап, көлік мінбеген, көзге көрінбей ұшатын қасиеті болған деседі. Баба рухына қол жайып, сапарды әрмен қарай Сарытерек ауылына қарай жалғадық. Керуенімізге Сарытерек ауылының әкімі Қойшыбек Рысбеков ағамыз жол сілтеп отырды.

Талдыбейіт қорымына келдік. Алдымен, Тұңғышбай Мұқан ағамыз Бөкейхан әулеті ұрпақтарының рухына дұға бағыштап, мазардың тарихымен таныстырды.

– Бабалар қорымын Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов 1901 жылы салдырған. 1905 жылы Бразилиядан арнайы ағаш алдырып отырғызған, – дейді өлкетанушы ақсақал. Мұнда Бөкейхан әулетінің отызға тарта ұрпағы жерленген.

Желтау бауырындағы «Жекежал» қыстағына келдік. Қыстақ маңында 1939 жылға дейін жұмыс істеген бастауыш мектебінің орнымен таныс болдық. Кезінде Әлихан маңайды шолу үшін шығатын жақпар таста естелік суретке түсіп, бойымызға рухани күш жинадық.

Тау іргесінде арнайы жайылған ақ дастарқаннан дәм татып, Тұңғышбай ағамыздың шежірелі әңгімесіне құлақ тостық. Жолай қола дәуіріне тән таңбалы тастардың куәсі болдық. Әлкей Марғұлан 500-ге тарта таңбалы тас бар екенін анықтаған. Таста ешкі, арқар, өгіз, жылқы, кұлан, түйе, таутеке, қабан және тағы басқа аңдардың бейнелері бар. Тастың сырына үңіліп тұрғанда кештің қалай батқанын аңғармай қалдық. Ауданға бет алдық.

***

 Таңмен таласа тұрдық. Бүгін бізде үлкен міндет. Ақсораң биігін бағындыруға аттандық. Белімізді бекем буып, ақ жалауымызды желбіретіп, биікке беттеп барамыз. Ақсораң шыңы – Арқаның теңіз деңгейінен 1565 метр биіктікті құрайтын ең биік нүктесі саналады.

Шаршаған шығармыз, діңкелеген жоқпыз. Бойымызға тылсымнан келіп күш дарығандай. Үш сағат ішінде жалауымыз биікте желбіреді. Биіктік шаршағанымызды су сепкендей басты. Жалаудың желбірегенін көріп еңбектің еш кетпегенін ұқтық. Ақсораң жайлы аңыз-әңгімелердің жігін сөктік. Асқақ рухты бойымызға сіңіріп алып, шыңды қимай төменге қарай құлдилап барамыз…

Түс ауа төменге түсіп, «Бұлансай» бұлағына бетімізді тосып, шөлімізді бастық.

«Беғазы-Дәндібай» кешенінің тарихын Темірғали Аршабеков ағамыз егжей-тегжейіне дейін баяндап берді.

Сөйтіп, шұғылалы Шет пен асқақ рухты Ақтоғай өңіріндегі сапарымыз да өз мәресіне жетті. Ұлы мұраға деген ұрпақ жауапкершілігін оята білген осындай жүйелі сапарды ұйымдастырушы «Қоғамдық келісім» мекемесі мен оның басшысы Ерлан Құсайын мырзаға деген ризашылық сезімде жүріп, тарихи сапардың үшінші бағытына дайындалдық.

Сапар жалғасы – ұлт ұясы Ұлытау.

Қасымхан ҒАЛЫМ,

 «Орталық Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ – АҚСУ-АЮЛЫ – АҚТОҒАЙ – ҚАРАҒАНДЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button