Жаңалықтар

Кие һәм рух

Тәрк етпестен ән-думан, күлкіні де,

«Шүкір» десіп Құдайдың бұл күніне.

Алакеуім, аңсаумен Үшқараны,

Жортып бара жаттық біз Күн түбіне.

Қасиетті мекен ғой Қарқаралы,

Сұлулықтың бір тәжі Арқадағы.

Мәліксайға тәу еттім Абай болып,

Құнанбайша құмарым тарқамады.

Дүр Әлихан, Ер Ахмет, Өр Әлімхан,

Дәргейінде еркелеп сыр ағытам.

Рух қонады арқама алтын қанат,

Аян сыйлап, Тәңірден мына бір таң.

Қазыбек бабам қарсы алды ойға батып,

Арқалық, Айрық қалды ойда жатып.

Тәттімбеттей ұлының әруағы,

Нұрын төгіп, сыйлады бойға жақұт…

Үшқараның төбесі салқын самал,

Үш өлкені жалғаған жарқын қамал.

Кереку мен Семейдің күмбездерін,

Көріп көзің тояды жалтылдаған.

Көк шалғынын армансыз басып тұрып,

Бүлдіргенін бүлдірмей нәсіп қылып.

Қайран Мәди бабам-ай, сені ойладым,

Үшқараның биігін асып тұрып.

Осы бақты сыйлады тағдыр тауып,

Қыран сынды көк кезем сан жыр сауып.

Қонысында Қазыбектің қасиет бар,

Құран сөзін құп алды жаңбыр жауып.

Едірейді сыйлыққа алғым келді,

Толағай боп Батысқа барғым келді…

Сұлулығын қимастан, Мәди қонған,

Қара үңгірде тұрақтап қалғым келді…

Жәлел ҚУАНДЫҚҰЛЫ.

18.07.2021 жыл. Қарқаралы, Үшқара.

Басқа материалдар

Back to top button