Елде интернет алаяқтарын құрықтау мақсатында «киберпол» бөлімшелері іске қосылған болатын. Сондай бөлімшелердің бірі Балқаш қаласында да ашылды. Облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Әбіл Әбілдин Балқашқа іс сапармен барып, бөлімшенің жұмысымен танысып қайтты. Сонымен қатар, қала әкімі Сапар Сатаев пен Балқаш қаласынің прокуроры Қанағат Әдепбеков те қатысты.
– Облыстық полиция департаментінде киберқылмыстардың алдын алумен айналысатын арнайы бөлім бар. Бүгін мұндай бөлімше Балқаш қаласында да ашылды. Оның құрамында жедел уәкілдер, тергеушілер және ІТ-саласының мамандары бар. Бұл топтың ең басты міндеті – интернет алаяқтарының жолын кесу. Бөлімшеге алаяқтық жайында хабарлама түскен бойда мамандар дер кезінде жұмыс жасап, қылмыскерлерді күн ұзатпай құрықтауға күш салады. Егерде қандай да бір нөмірмен өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, банк картаңыз жайында сұраса, телефон тұтқасын бірден қойып, мамандарға қоңырау шалыңыздар, – деді Әбіл Әбілдин.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz