«Кері реакция – ағзаның жауабы»

Вакциналаудың екінші кезеңі басталғалы біраз болды. Қазір педагогтар екпе алуда. Сонымен қатар, медицина қызметкерлері де екпе алушылар қатарында бар. Вакциналау біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде жүргізіліп жатыр. Отандық және әлемдік дейгейдегі дәрігерлер ұжымдық иммунитетті қалыптастыру арқылы ғана коронавирус індетінен құтыла аламыз дейді. Облыстың денсаулық сақтау басқармасының қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің мәліметінше, облыс көлемінде вакцина алғандар 3 мың адамнан асты. Облыстық балалар клиникалық ауруханасының клиникалық-диагностикалық емханасы меңгерушісі Жанна ЖАХИНА вакциналау жайлы сөз қозғады.

– Балалар дәрігері ретінде, балалар арасындағы коронавирус жайлы айтып беріңізші.

– Негізінен, зерттеулер нәтижесі балалардың коронавирус инфекциясымен жеңіл аурыратынын дәлелдеген болатын. Соның үстіне, балаларға вакцина салынбайды. Жалпы, біздің емханаға облыстың барлық аумағынан келеді. Тұмау белгілері, не болмаса вирус болуы мүмкін деген балалар мобильдік топ шақырады немесе өздерінің жергілікті емханаларына қаралады.

– Ал, коронавирустан кейін келген шағымдармен келгендері болды ма?

– Ондай болады, бірақ, көп емес. Жеке маған жалпы әлсіздік, тершеңдік, денесіне жара шығу сияқты шағымдармен келгендер болды. Бірақ, оның барлығын коронавирус салдары деп айта алмаймыз. Ол басқа аурулардың да белгісі болуы мүмкін.

– Сіз вакцина алдыңыз ба? Жалпы, вакциналауға қалай қарайсыз?

– Мен вакцинаның жақтасымын. Ол тек індетке ғана қатысты емес. Барлық ауру түрлеріне белгіленген вакциналарды алу керек деп ойлаймын. Оның барлығы адам денсаулығын қорғау үшін жасалады. Әрине, ол әркімде әртүрлі реакция беруі мүмкін. Мен өзім әлі вакцина алған жоқпын. Вакциналау басталған кезде тұмауратып қалдым. Ал, екпе алу үшін адамның дені сау болуы керек екенін білесіздер. Мүмкіндігі қалай болады, солай аламын.

– Емханадағы әріптестеріңіздің арасында вакцина алғандары бар шығар…

– Әрине, қызметкерлердің тізімі жасалып, беріліп қойған. Қазір көбісі вакцинаның екінші компонентін алуды күтіп жүр. Нақты қанша екенін дәл қазір айта алмаймын, себебі, олар күнделікті өзгеріп отырады.

– Кері реакция байқалғандары бар ма?

– Кез келген вакцинаға реакция бірден немесе біраздан кейін байқалуы мүмкін. Реакция екпе жасалған жердің ауырсынуы, қышу немесе қызаруы сияқты көрініс береді. Дене қызуының көтерілуі, әлсіреу, бас ауыру, қалтырау байқалса, дәрігерге айту керек. Дегенмен, ол үш күн ішінде басылады. Сондықтан, одан қорқудың қажеті жоқ. Ол – ағзаның жауабы.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.