Руханият

Бес миллион қазақтың рухына қойылған белгі

Қарағандыдағы «Сарыжайлау» кинотеатрында режиссер Бекарыс Елубайдың «Ақ боз үй» тарихи драмасының көрсетілімі шығармашылық топтың қатысуымен өтті. Туынды Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген. Премьера алдында картина режиссері Бекарыс Елубай, актерлер Қайрат Кемалов, Айдар Асарбайдың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Тарихи фильм 1930 жылдардағы ашаршылық туралы баяндайды. Ол белгілі жазушы кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» тарихи роман-трилогиясының желісімен түсірілген.

– «Ақ боз үй» романында өткен ғасырдың 1930 жылдарында қазақ даласында ұжымдастырудан кейін ілесе келген ашаршылық кезеңі сипатталған. Фильм осы кездегі ауыл өмірін баяндайды. Дерек бо­йынша, аштықтан бес миллиондай адам қайтыс болған. Ру басшысы – Пахраддин би елін құтқару үшін Түркіменстанның шөлді құмдары арқылы қарақалпақтың Қоңырат қаласына қайту туралы шешім қабылдайды. Адамдар киіз үйлерін тастап, белгісіз, бейтаныс қалаға жаяу жол тартады. Біз қалада өскендіктен, көшпенді өмірден бейхабармыз. Әкем Смағұл Елубайдың көп көмегі тиді. Сол кездегі көшпелі өмірді, шаңырақтардың қаңырап бос қалғанын, халықтың ащы мұң-зарын көрсеткіміз келді, – дейді режиссер Бекарыс Елубай.

Фильмде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, С.Сейфуллин атындағы облыс­тық академиялық қазақ драма театрының белді артисі Қайрат Кемалов – бас кейіпкер Пахраддин образын сомдап шыққан. Жары Сырғаны – Күлжәмила Белжанова, қызы Хан­сұлу ролін Ұлдана Құдайбергенова, кү­йеу баласының образын Айдар Асарбай ойна­ған.

Өткен жылы Түркиядағы «Қорқыт ата» түркі әлемінің халықаралық кинофестивалінде Қайрат Кемалов осы фильмдегі ролі үшін «Үздік ер адам ролі» сыйлығын алған еді. Фильм басталмай тұрып, Түркиядан жеткен сыйлықты режиссер Бекарыс Елубай үздік роль иесіне салтанатты түрде табыстады.

– Фильмді түсіру өте қиын болды. Жаздың аптап ыстығында таңдайымыз кеуіп кете берді. Әр бес минут сайын үзіліс жасап, су ішіп, салқын сумен жуынып отырдық. Ал, ашаршылық кезінде осы құм арқылы шұбыр­ған халықтың жағдайын елестете беріңіз. Киноға түсу барысында аштықтан азап шеккен жұрттың жай-күйін шын сезіндім. Түсірілім біткен соң, фильмді көріп көзімнің жасын тия алмадым. Осындай қилы тағдыр кешсе де сынбаған рухы биік халықтың ұрпағы болғаныма мақтанамын. Ел аумағында қазақ тілді фильмдерді ақша үшін емес, елдің ертеңі үшін тегін көрсететін жалғыз мәдениет орны «Сарыжайлау» кинотеатрына алғысым шексіз, – дейді Қайрат Кемалов.

Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы 1989 жылы жазылған. Қылышынан қан тамған заманда осындай роман жазу көзсіз ерлік екені сөзсіз. Қазақ даласында өткен алапат жұтты алғашқылардың бірі болып көркем әдебиетте кестелеген жазушының туындысы туралы ертеректе «Сұрапыл Сұржекей» фильмі түсірілген. Белгісіз себептермен ол фильм экранда көрсетіліп, халыққа ұсынылмаған.

– Бұған дейін «Ұлы Дала зары» фильмі осы тақырыпта түсірілген еді. Алайда, «Ақ боз үй» фильмінің ерекшелігі мұнда режиссер бас кейіпкер Пахраддиннің отбасы арқылы тұтас елдің қайғы-қасіретін беруге тырысқан. Фильмге романның соңғы бөлімі арқау болды. Тағы бір ерекшелігі құмды өлкеде түсірілуі. Құмда қандай ыстық болатынын білесіздер. Су жоқ. Бұл фильмнің мәнін аша түскен. Түсірілім жұмыстары Маңғыстаудың Үштаған ауылынан басталып, Алматы облысында жалғасты, – дейді Айдар Асарбай.

Фильмді көрген зиялы қауым өкілдері қазақ тарихының ақтаңдақ мезетін айшықтаған фильмнің сюжетіне, актерлердің ойынына, картинаның көркемдік деңгейіне ризалығын білдірді. «Әрбір қазақ көруге тиіс кино!» деп әсерімен бөлісіп жатты көрермендер. «Себебі, бұл – бізден 70 жыл бойы советтік режим жасырып келген қасіретті тарих. Басқа елдің тарихында мұндай қолдан жасалған аштық аз. Сол уақытқа сапар шектік. Кейіпкерлермен бірге қайғырдық», – дейді олар.

Фильмнің соңғы тұсында Пахраддин жарынан айырылып, әлі құрып діңкелегенде көзіне өзінің ақ боз үйі елестейді. Сағым көшкен шексіз құмды аймақта бейкүнә жандардың рухы фәниден бақиға аттанып бара жатады. Оған жын соғып елсізге тентіреп кеткен келіннің зарын қосыңыз. Пахраддиннің өздері талғажау етіп отырған азғантай бидайын ауыл балаларына бөліп беріп, аштықтан аман алып қалуы – аштық кезеңіндегі әрбір ауыл ақсақалының символындай еді.

Ұзақтығы 1 сағат, 34 минут болатын, бес миллион қазақтың рухына қойылған белгі іспеттес фильм 30 наурыздан бастап прокатқа шыққан. Оны Kinopark желісінің кинотеатрларынан көруге болады.

Жәлел ШАЛҚАР,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button