Кент кітапханасы оқырмандары қаламгермен кездесті
Ұлттық кітап күнінде Топар кентінің кітапханасында өткен «Туған жерге дарын мен шабыт» атты әбеби-өлкетану кешіне жергілікті ақын-жазушы Айнаш қажы Асқартегі шақырылып, оқырмандармен кездесті.

Кездесу барысында қаламгер өзінің шығармашылық жолы, жазушылық тәжірибесі мен әдеби ізденістері жөнінде әңгіме өрбітіп, жас оқырмандарға шабыт беріп, шығармашылыққа баулудың ерекшелігіне тоқталды. Өз кезегінде кітапхананың жас оқырмандары оның шығармаларынан үзінділер оқып, көрермендердің ықыласына бөленді. Сонымен қатар кенттегі Шәмші Қалдаяқов атындағы өнер мектебінің оқушылары Айнаш ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді орындап, автор оларға сыйлықтар ұсынып, белсенді шәкірттер Алғыс хаттармен марапатталды.
Шара соңында қаламгер өз туындыларын оқырмандарға тарту етіп, олармен бірге ескерткіш суретке түсті.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы


