КЕЙКI батыр
Кейкі батырдың елін күреске бастап шығуы және отарлық саясатқа қарсы қарулы қарсылық танытуы, атының ел аузына ілігіп “құралайды көзге атқан мерген”, “батыр” атануы Торғай даласындағы 1916 жылғы қазақ халқының Ұлт-азаттық көтерілісі тұсында орын алды. Қолдағы бар деректер мен жинақталған мұрағат қорларындағы құжаттардың легін саралай отырсақ, батырдың өмірі былай басталады: Кейкі Көкембайұлы 1877 жылы (кейбір деректерде 1873 жылы деп те айтылады) Торғай уезі, Қайдауыл болысында өмірге келген (қазіргі Қостанай облысы, Аманкелді ауданы, Тасты ауылы). Азан шақырып қойған аты Нұрмағанбет, руы Құлан Қыпшақ. Көп кісіге қосылмай кейкиіп жүретін болғандықтан жеңгелері «Кейкі» атап кеткен. Сөйтіп, ел арасына «Кейкі» атымен танылған.
Ұлт-азаттық көтерілісіндегі батырдың бейнесі кеңес дәуірінде ғылыми зерттеулерден алынып тасталғаны белгілі. Соған қарамастан, Ғ.Мүсірепов «Аманкелді» пьесасындағы Кете батыр, А.Нұрманов «Құланның ажалындағы» Құлан образдары арқылы Кейкі батырдың бейнесін астарлап жеткізген. М.Қаратаевтың «Даладағы дауыл», Қ.Сәрсекеевтің «Қызыл жалау» романдарының өнбойында да батыр жайлы естеліктер көркемдік шешім арқылы қамтылғаны байқалады. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін батырдың сұрапыл тағдырына қатысты ашық деректер К.Әмірқызы, С.Тұрғынбекұлы, А.Байжан, Қ.Әлім сияқты қаламгерлердің туындыларына арқау болды. Батырдың туғанына 125 жыл толуына орай Торғай өңірінде ас беріліп, ескерткіші орнатылды. Есіл ердің есімін еркін айтатын жағдайға жеттік. Жалпы қазақ даласын тұтастай шарпыған Ресей патшасының қазақтарды майдандағы қара жұмысқа алу туралы 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы түрткі болған азаттық жолындағы күресте Кейкінің батырлығымен қатар құралайды көзге атқан мергендігі кең танылады. Сол көтеріліс кезінде ол Торғай даласында құрылған Қыпшақ хандығының мергендер мыңдығын басқарады. Әу баста “патшаға қара жұмысқа адам бермейміз” деп қарсылығын танытып, ұйысқан халық бара-бара жеке хандық құрып, ауыз бірлігін танытты. Көтерілісшілердің 50 мыңдық әскеріне қарулас серігі Аманкелді батыр бас сардар, Кейкі мергендердің мыңбасы болып тағайындалса, хан қылып халқы Әбдіғаппар Жанбосыновты көтерді. Кейкі батырдың атышулы ерліктері 1916 жылдың күзі мен 1917 жылдың қысындағы Торғай, Құмкешу, Доғал, Үрпектегі және басқа да патшаның жазалаушы әскерлерімен болған шайқастарда анық көрінді.
Сол жылдың қазан айында 7 мыңдай қарулы сарбаздар Ақтүбек деген жерге жиналып, Торғай қаласына шабуыл жасау, әскери гарнизонды басып алу мәселесін талқыға салды. Әсіресе, Кейкі батырдың алғаш сынға түсуі 1916 жылғы 21 қазанда Татыр көлі маңында патшаның жазалаушы әскерімен болған ашық шайқаста айқын байқалды. Ол басқарған мергендер мыңдығы жазалаушыларға тойтарыс беруде асқан ерлік танытты. 6 қарашада Ә.Жанбосынов пен О.Шолақовтың біріккен қолы Торғай қаласына шабуыл жасады. Осы қаланы басып алу жолындағы ұрыста Кейкі бастаған мергендер нысанаға алғанын баудай түсіріп отырды. Қыстың түсуіне қарамастан көтерілісшілер күресін жалғастыра берді. 1917 жылдың 13 қаңтарында көтерілген халықты сабасына түсіруді мақсат етіп ел ішіне шыққан Кислов басқарған Қостанай жазалаушы әскеріне Аманкелді мен Кейкі басқарған 1500 сарбаз Шошқалы қопасында тұтқиылдан келіп тиісті. Күштің тең болмау салдарынан шегіне жүріп ұрыс салған қазақ сарбаздары жазалаушы әскерге Күйік қопасында қайта ұрыс салды. Нәтижесінде жазалаушы әскердің мақсаты орындалмай, кері шегінді.
Торғай көтерілісшілерінің тобын жою үшін полковник Тургеневтің Орынборда жасақталған 13-атты казак полкі 1917 жылдың 16 ақпанында Батпаққараға бет түзеді. Жазалаушылардың қалың қолына көтерісшілер 20 ақпанда Құмкешуде, 23 ақпанда Доғал-Үрпек бойында шабуыл жасап, патша әскерін едәуір шығынға ұшыратты. Осы шайқаста Кейкі батырдың тапқырлығы, соғыс тәсілдерін меңгерген шеберлігі, нысанаға алғанын мүлт жібермей, жауына жасындай тиген ерлігі ел аузына ілігіп, даңқы асты. Сол шайқастардың куәгері ақын Ф.Сатыбалдыұлының: “100 жігіт жетіп келді Қапар ханға, Мен мұндалап аттары аталғанда. Кейкі менен Өменді басшы қылып, елуден аттандырды Тышқантамға. Қолынан бір Кейкінің 40-ы өлген, Тұрған соң шама бар ма аруағы асып” – деп батыр ерлігін жырға қосты (//Ана тілі, 20.03.1997. 4 б.). Тапсырманы орындай алмаған полковник Тургеневтің Торғайға қарай шегіне қашқан әскерінің соңынан екі күндей қуып Кейкі бастаған мергендер тобы 50 әскердің көзін жойды. Орталық Ресейде 1917 жылғы ақпанда патша тақтан құлап, уақытша үкімет орнаған тұста Торғай жеріндегі көтерілісшілер әскерлерін таратпай, істің ақырын күтті. Өйткені, қазақ даласындағы билік үшін жүріп жатқан ақ пен қызылдың тартысы, шыны керек, қарапайым қазаққа түсініксіз қалыпта өрбіді. Ресейдегі 1917 жылғы Қазан төңкерісі нәтижесінде өкімет басына келген большевиктер билігі уақыт өткен сайын нығая түсті. Торғай жеріне жаңа биліктің өкілі ретінде облыстық комиссар болып келген Ә.Жанкелдиннің үгіт-насихатымен Аманкелді мен Кейкі бастаған 1916 жылғы көтерілістің сарбаздары большевиктер жағына шықты. Сол күндерде «Сен ақ жағындасың ба, әлде қызылдарға қарайсың ба?» – деп сұраса, «Мен Аманкелді қай жақта болса сол жақтамын» – деп жауап қататын Кейкі батыр 1918 жылғы 18 наурызда А.Имановпен бірге Орынборда өткен бірінші жалпы қазақ сьезіне қатысады. «Бұл сьезде Ә.Жанкелдин де болды. Сьезден кейін ол жақтан Аманкелді мен Кейкі жаңа әскери киімде оралды. Бұл киімде олар нағыз үлкен командирлерге ұқсайтын» деп жазады естелігінде сол күндердің куәсі А.Ерходжаев (ҚР ПМ, 811-қор, т-6, іс-204 3 бет).
Аталған жиыннан оралысымен Ә.Жәнкелдиннің тапсырмасымен А.Иманов пен Кейкі батыр Торғай уезінде большевиктердің жергілікті билік органын және қызыл армияның отрядтарын құруға кіріседі. Бірақ, 1919 жылғы сәуір айындағы А.Имановтың және Қыпшақ хандығының ханы Ә.Жанбосыновтың жұмбақ жағдайдағы өлімдері деректерге қарағанда батыр өміріндегі үлкен бетбұрыстың басы болған. Кейін Кеңес өкіметінің Алаш қайраткерлеріне қарсы қудалау науқанын бастап, жүргізгенде Аманкелдінің өліміне кінәлілер ретінде алаштықтар ілікті және сол жұмбақ өлім айып болып тағылды. Кейкі бастаған қарулы сарбаздар қос ерінің өлімінен кейін сеңдей соғылысқанымен, іргелерін ыдыратпады. Билік басындағылардан әзірге еш қайран болмасын түсінген олар қаруларын тастамады. Кейкі бастаған сарбаздардың қайта атқа қонуына қызылдардан жөңкіле қашқан Колчактың қалдық әскерлерінің бейбіт ауылдарды тонауы себеп болса, бір жағынан қызыл әскерлердің де азық-түлік салығын жинауды сылтауратып қазақ ауылдарына істеген зорлық-зомбылығы әсер етпей қоймады. Жергілікті атқамінерлердің мұндай бассыздықтары жайындағы деректерді 1920 жылы 10 ақпанда Торғай уездік әскери комиссариатының қызметкері Валидов баяндамасында молынан келтірген (ҚР ПМ, қ-40, т-1, іс-241, 1 б.). Бұл Кейкі сынды ерлердің жаңа билікке деген көңілдерін суытты.
Батырдың кеңес билігіне алғашқы қарсылығы ауыл белсенділерінің қызметтерін асыра пайдаланған басбұзарлықтарына қарсы бағытталды. Оның үстінен жоғарыға жөнелтілген жалған арыз, ақпарлар батырды «жау», «банды» деп қуғындауға негіз болды. «Он стал мстить русским и день от дня организовал себе больше и больше банду, пуская агитацию среди киргиз, что он идет освобаждать киргиз от ига русских. …В 1921 году в июле месяце у него было 70 человек хорошо вооруженных» деп әділетсіздікке қарсы шыққан әрекеті теріс бағаланып, жоғары жаққа шағымдар жөнелтілді. (ҚР ОММ, қ-427, т-9, іс-53, 203 б.) Оның сарбаздарының қатарына жазықсыз жапа шеккен, қызылдардан теперіш көрген жарлы-жақыбайлар да қосылған еді. 1921 жылдың жазында Кейкі “бүлігін” басу үшін Торғайдан шыққан қызыл әскерлермен Сарыторғай өзенінің бойында ұрыс болып, Кейкі жасағы іргелес Ұлытау бойындағы Бағаналы ауданына ығысты. Бұл өңірде де кеңес саясатына қарсы елдің наразылығы өршіп тұрған шақта Кейкінің келуі отқа май құйғандай әсер етті. Бұл жайлы Атбасар уездік парткомитетінің мәжілісінде айтылып, дабыл қағылды (ҚР ПМ, қ-139, т-1, іс-80, 34 б.). Ел аузындағы қария сөздерге қарағанда Кейкінің соңынан ерген халық орталарынан Бағаналының төрт босағасының бірі атанған, атақты Бабырдың немересі Құлсейітті хан сайлап алған. 1921 жылы шілденің басында Қарсақпай милициясының кеңсесіне шабуыл жасалып, шайқаста бірнеше милиционер қаза табады. Сол сияқты, көтерілісшілер Қорғасындағы мырыш кенішіне бақылау орнатты (қазіргі Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Шеңбер кеңшары).
Сөйтіп, Атбасар уезі басшыларының «бандитизммен күрес» мәселесіндегі бас ауыртар басты тұлғасына айналған Кейкінің көзін жоюға уездік ревкомның бар күші жұмылдырылды. 1921 жылы 28 шілдеде құрамында 438 адамы бар Плескачтың басшылығымен Атбасардан әскер шықты. Екі жақ Ұлытау маңында кездесіп, жеңіліс тапқан Кейкі қолға түспей жасағымен шегініп кетеді. Сол жылдың 20 қазанында Атбасардан И.Исайкин қалың әскермен шығып, көтерілісшілерді қуғанымен жете алмай, суық түсуіне байланысты олар да кері қайтады. Бұл жөнінде И.Исайкин естелігінде тәптіштеп жазған (ҚР ПМ, қ-811, т-1, іс-26, 16-17 б.). Енді батырға жасағымен оңтүстіктегі Қызылорда өңіріне қарай ойысуынан басқа жол қалмады. Қарсақпай зауытының алғашқы директоры, Кейкіге қарсы ұйымдастырылған шаралардың басы-қасында жүрген И.Деев естелігінде: «После разгрома отряда Кейки скрылся и оказался в районе озера Телегуль, около Кызыл-Орды, где опять собрал отряд до 350 человек. Расположивщая по дороге Карсакпай-Кызыл-Орды Кейки начал грабить всех проезжающих» деп батырдың 1916 жылы Атбасар уезінде құрылған Бағаналы хандығының бас дін басшысы Ахмет ишан Оразаевтың ауылына жақын маңдағы Шұбартөбе деген жерге барып паналағанын жазады (ҚР ПМ, қ-811, т-1-80, іс-15, 108 б.).
Енді қарулы әскермен Кейкі батырды ұстаудың қиындығын жете түсінген Торғай және Атбасар уезінің басшылары бірлесе отырып, оны алдап қолға түсірудің амалына көшеді. Сөйтіп, Ә.Жанкелдиннің атынан қолы қойылып, мөрі басылған жалған хат дайындалды. Аталған хатта батырдың бар «күнәсі» кешірілетіндігі және Торғайдан қызмет берілетіндігі айтылды. Батырға хатты тапсыруға Ахмет ишан таңдалды және Кейкінің сарбаздарымен ишан ауылының маңында қыстап жатқандығы есепке алынды. Жоспарды іске асыру 1922 жылғы наурыздың басы болып белгіленді (ҚР ПМ, қ-811, т-1-80, іс-15, 124 б.). Сөйтіп, Торғайдан Н.Токарев, Қарсақпайдан С.Мағзұтов бастаған қызыл әскер 1922 жылы наурыздың басында ишан ауылына келіп жетті. Әскерлер ауыл маңына жасырынды, ал Н.Токарев және С.Мағзұтовтармен келіссөз жүргізу үшін Ахмет ишан үйіне келген жерінде Кейкі қапыда қолға түсті. «Операция прошла удачно. На месте расстреляны основные виновники его отряда, а остальные распущены по домам. Товарищи Токарев и Магсутов решили Кейку и его брата доставить в Тургай» деп оқиға барысын баяндайды куәгер И.Деев (Көрсетілген қор, 107 бет).
Сонымен, тұтқынға түскен батырды, жары Ақжанды, інісі Түскенмен бірге Торғайға жеткізу үшін Токарев жолға шығады. Ал, Мағзұтов әскерімен Қарсақпайға қайтады. Кейкінің қалған сарбаздары батырды қызылдардың қолынан босатып алуды ойластырып, Токаревтердің артынан еріп отырады. Ақыры қолайлы сәтті тауып дегендеріне жетеді. Қостанай губштабының бастығы Чернышев Орынборға жөнелткен жеделхатында: «18.03.22г. начальник отряда Токарев, следовавший впереди отряда вместе сопровождающим его милиционером в районе ауле Муршибай …наскочил засаду бандита Кукумбаева числ. 14 чел., который был обезоружен и увезен в неизвестном направлении. Банда Кукумбаева имела целью захватить отряд Токарева и освободить банду Кейка» (ҚР ОММ, қ-66, т-1, іс-53, 116 б.) деп жазса, Торғайдағы ЧОН-ның взвод командирі Стукан Қостанайға салған 19.03.22 жылы № 056 жеделхатында сарбаздардың Кейкіні босатып әкеткенін растайды (Көрсетілген қор, 203 б.). Жолай Кейкі Токаревті атып кетеді.
Бұл суыт хабар шұғыл түрде Торғайға жетіп, ол жақтан взвод командирі Стукан бастаған ЧОН-ның әскері шығып, қашқандарды індете қуады (Қазақ даласындағы кеңес саясатына қарсы көтерілістерді басу үшін төтенше тапсырманы орындайтын /ЧОН/ бөлімдер құрылған болатын. Торғайда сондай әскери бөлімдердің бірі 1921 жылы 12 қазанда құрылған Торғай взводы). Ақыры Жыланшық өзенін бойлай қашқан Кейкілер 1922 жылы 29 наурызда Жалаулы деген жердегі қыстақта түнеуге тоқтағанда қоршауға түседі. Сөйтіп, есіл ер қызылдармен болған осы атыста қаза табады. «29.03.22 г. бандит Кейка пойман отрядом под командованием отд. командиром тов. Дудина 200 верст от Тургая, расстрелен на месте и с ним человек бандитов № 5» деп жазылған № 084 санды жеделхатты Стукан Қостанай губштабына жөнелтті.
Қызыл жендеттер бұларды айуандықпен өлтірді: батырдың екі қолы, басы кесіп алынды, айы-күні жетіп отырған Ақжанның ішін жарып, нәресте етік табанына тапталды және інісі Түскен де азаппен өлтірілді. «…в доказательство, что Кейка был убит, отрублена голова и доставлена в Тургай» деп көзімен көргенін жазса И.Деев, тағы бір куәгер С.Искаков «Кейкінің басын қанжығасына байлап М.Сафарғалиев қалаға кіргенде жұрт таңырқап көруге барды. Бас көше шамына байлаулы тұрды кешке дейін. Оны ілу себебі Кеңес үкіметіне қарсы шыққандарға осындай өлім деп айбар етілді» деп көрсетеді естелігінде (ҚР ПМ, қ-811, т-6, іс-233, 27 б.)
Батыр бабамыздың басы әлі күнге дейін Санкт-Петербор қаласындағы кунсткамера қорында сақталуда. Мәскеуден ҚР ІІМ-не 1995 жылы 24 наурызда жіберілген хатта: «МИД РФ свидетельствует свое уважение Посольству РК в Москве и ответ на ноту МИД РК № 19/63 от 13.01.95 г. имея честь сообщить следующие: Череп К.Кокембаева действительно хранится в антропологическом фонде кунсткамеры г. С.-Петербурга» деп көрсетілуі сөзіміздің айғағы (//Торғай, 1998 ж., 27.03., 3 б.). Бұл жат жұртта жатқан бабамыздың бас сүйегін туған жеріне әкеліп қою мәселесінің әлі де өміршеңдік танытып отырғанын көрсетеді. Биылғы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында осы мәселенің жиі көтерілуіне қарап оң шешімін табар деп үміттеніп отырмыз. Түптеп келгенде, бұл – ұлты үшін күресте жанын қиған бабамыздың аруағы алдындағы, келешек ұрпақ алдындағы парызымыз.
Өмірбай БЕКМАҒАНБЕТОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты.