Әке – отбасының да, қоғамның да қорғаны

Кеншілер шаһарында «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Әкелер форумы өтті. Шараға Қарағанды облысы әкімдігі, білім беру және ішкі саясат басқармалары қолдау көрсетті.

Мақсат, замана дидары ауысып, қазіргідей ақпараттың ағылған, технологияның дамыған жаһандану кезеңінде отбасындағы кенжелеп қалған тәрбиені жаңғырту. Белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, педогогтар қатысқан форумның көздеген міндеті — түрлі салалар мен мамандықтардан құралған әкелерді бір диалог алаңында жинап, бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді талқылау, отбасы құндылықтарын насихаттау және қоғамдағы зиянды әрекеттерден баланы қорғау.

Жүздеген мамандық, кәсіп түрі бар. Бірі темір жолын құрайды, басқасы үй салады, үшіншісі бидай өсіреді, төртіншісі адамдарды емдейді, бесіншісі киім тігеді. Сөйте тұра, барлық кәсіп иелерін алмастыруға болады. Орнын толтыруға болмайтын бір ғана мамандық бар. Ол – ұлға әке болу. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген бір ауыз сөзге бүкіл тәрбиенің бастауын қазақ атамыз сыйғыза білген. Асқар таудай әкесін пана тұтқан, ана атты бұлақтың мейіріміне қанып өскен ұрпақ өзгеге де мейіріммен қарап, рухы асқақ, пайымы бөлек, тәрбиелі болары һақ.

Аталмыш форумға «Сенімен болашақ» бірлестігінің негізін қалаған идея авторы Нұркен Асанов, «Тұлғатану» орталығының жетекшісі Нұрсахан Бейсембекова, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ заң факультетінің аға оқытушысы Руслан Тоқатов, Қазтұтынуодағы Қарағанды Экономика университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Айдын Кернебай сынды спикерлер қатысты.

Жаһанның әр ақпараты бала бойына жылдам сіңіп, оның санасын сан-саққа бұрып жатқан заманда әр ата-ана бала тәрбиесіне араласпаса, оны ортасы тәрбиелеп кетеді. Ал, баланың ата-анасымен қарым-қатынасы тығыз, шынайы болса, ондай балаға қоғам әсер ете алмайды. Қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыруды, ата-ананы ортақ алаңға жұмылдыруды, рухани құндылықтарды насихаттауды мақсат еткен «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі осыдан екі жыл бұрын құрылған еді. Бүгінде еліміздің 18 аймағында бірлестіктің филиалдары жұмыс жасауда. Білім ордаларымен тығыз қарым-қатынас орнатып, мектеп, отбасы, бала атты үш тұғырлы негіздегі бағдарламаны іске асыруда.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ