Жаңалықтар

«Кең болсаң, кем болмайсың»

Биылғы Наурыз жылдағыдан өзгерек. Киіз үй тігіп, концертті дүрілдетіп, аста-төк дастархан жайып тойлаудан тиылдық бұл күнде. Есесіне, айтулы мерекені тойлаудың тарихы мен тағылымына үңіле бастадық. Бұл – сана жаңғыруының нышаны. Ұлыстың Ұлы күнін 10 күн тойлауға бет бұрып, әр күнін бір ізгілікке арнадық. Соның бірі, 18 наурыз – «Игі істер күні».

«Біреу – біреуге сүйеу» деген ізгілік қағидатын баласының санасына құйып өсіретін елдің ұрпағымыз. «Жақсылық қылсаң, жасыр, жақсылық көрсең, асыр» деп адамгершіліктің тереңіне бойлай түсеміз. «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» қарға тамырлы қазақтың жалғасы екендігіміз, «Игі істер күні» сынды мерекелерге жанымыздың жақындығы. Өйткені, қазақ қашанда жақсылыққа жаны құмар, пейілі дархан ел. Оған көп мысал айтуға болады.

Бала күнімде оқыған мына бір ертегі есімде мықтап сақталыпты. Бір жігіт жиған-тергенін беліне түйіп, ауылына жеміс ағаштарының көшетін сатып алуға базарға шығады. Өз бау-бақшасын өсіріп, оны баптап, жемісімен ауылын асырауды жастайынан армандайды. Жолда торға мыңдаған құсты қамап, сатуға алып бара жатқан керуенге жолығады. Керуен басшысымен әңгімелесіп отырып, тордағы құстарға деген аяушылық сезімі оянып, оларды құтқаруды ойлайды.

Азаматтық сезімі бойын билеп, бар қаржысын беріп, құстарды тордан азат етеді. Құстардың көптігі сонша, көкке жамырай көтерілгенде, күннің көзін жауып кетеді. Осылайша, жігіт ауылына жақындап қалғанда, демалуға бір көлеңкеге қисаяды да, қалғып кетеді.

Түсінде көк жүзінде емін-еркін самғап жүрген құстарды көреді. Олардың сыртынан сүйсініп қарап тұрады. Жақсылық жасағанына өкінбейді. Өйткені, әкесі оны осындай ізгілікке баулып өсірген-тін.

Бір уақытта қаптаған құс қанатының сусылынан шошып оянады. Қараса, баяғы өзі құтқарған құстары әлгі жігіттің ауылының маңындағы бос жерге жамырай қонып жатады. Түсінбей қалған жігіт жүгіріп барып, өз көзіне сенбей, тұрып қалады. Өйткені, баяғы құтқарған құстар оның армандаған көшеттерін отырғызып жатқан еді. Бірі тұмсығымен жер қазса, қалғандары көшетті ойыққа салып, көміп, енді бір тобы тұмсығымен су сеуіп жатады. Қуанышы қойнына сыймаған жігіт, жұмысқа өзі араласа кетеді. Осылайша, игі істі жанына серік қылып өскен азамат дегеніне жетеді. Құстарды да құтқарады. Өзі армандаған бау-бақшаға да қолы жетеді…

18 наурыз – «Игі істер күнінің» де осындай мәні бар. Бұл күні әр адам мүмкіндігінше бір игі іс істейді. Облыста волонтерлердің қатысуымен түрлі іс-шара өтіп, жұртшылықтың қатысуымен тазалық шаралары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасыларды қолдауға, атааналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға, жарлы-жақыбайға қол ұшын беруге арналады. Қолында дәулеті бар адамдар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға «Жүрек жылуы», «Наурыз дастархан» ретінде азық-түлік үлестіріліп, жан жылуы тарту етіледі. Әр отбасы ата-баба әруағы құрметіне садақа беріп, дұға оқып, еске алады. Жеті шелпек пісіріп, таратады. Атымтай азаматтар қоғамдық маңызы бар нысандар салуға, жөндеуге атсалысады. Сонымен бірге, қарияларға арналған «Бел көтерер» ғұрыптық тағам рәсімі жасалуға тиіс.

Көпшіліктің көмегін пайдаланып шөп шабу, егін жинау науқандарына, үй салу секілді ауыр жұмыста бірлесе көмек көрсететін асар дәстүрін де осы күні жаңғыртқан абзал.

Ең болмаса, осы күні аулаңды тазалап, бір тал ағаш ексең де, қайырлы іс болмақ.

Мысалы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы аймақтық штабының бастамасымен «30 игі іс» акциясы басталды. Бүгінде осы акция аясында бірқатар шара атқарылуда. «Игі істер күніне» жоспарлап қойған иігіліктері де бар.

«30 игі іс» акциясы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып отыр. Белсенділер мен еріктілер мұндай қайырымдылық шараларын жалғастыратындарын айтады. Жуырда қозғалыс мүшелері 30 игі іс аясында мұқтаж отандастарға көмек көрсетуге шешім қабылдап, облыстық қан орталығында қан тапсырды. Өзгенің өмірін сақтап қалуға қол ұшын беру де, құптарлық іс. Бұған екінің бірінің батылы жетіп, бармайды.

Сонымен қатар, ерікті жастар балалар үйінің аумағын қардан тазартып, халық көп жиналатын жерлерде медициналық бетперделер таратты.

– Бұл шара арқылы қарапайым ережелерді сақтап, коронавирус инфекциясының таралу қаупін азайтуға болатындығын түсіндіргіміз келді. Өзімізді және жақындарымызды қорғап жүрейік, – дейді жастар қозғалысының белсендісі Умар Омаров.

Жалпы, облыста осы атаулы күнге орай көптеген қайырымдылық шаралары жоспарланған. Қазіргі індет тарап, ел көмекке мұқтаж тұста осындай игі істерге қажаттелік артып тұр. Сондықтан да, «Игі істер күнінің» маңызы артып, алдағы уақытта кеңінен атап өтілеріне сенім кәміл.

«Кең болсаң, кем болмайсың» деп тәрбиеленген халқымыз үшін бұл күннің маңызы – ерекше.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button