Жаңалықтар

Күтуден басқа амал жоқ

   Сарысу өзенінен 294 сазан, 157 мөңке балық,  323 торта балық және 11 келі шортан өлі күйінде табылған. Бұл жөнінде облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының басшысы Андрей КИМ облыс әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

– Сарысу ауылынан Түйемойнақ бөгетіне дейінгі өзен арнасы бойында өнеркәсіп мекемесі жоқ. Ал, Сарысу ауылдық округі әкімінің берген мәліметінше, өзен жағалауынан 500 метр қашықтықта Каркенов, Машахаев, Омаров, Қарабидайық шаруа қожалықтары ғана орналасқан. Өзендегі балықтың 4 түрі қырылды. 785 келі өлі балық табылды. Балықтарға қауіптің қайдан келгендігі жөнінде жорамал айту қиын. Өйткені, зерттеу қорытындысы 21 күнде шығады. Әзірге, өзен суы сынамасы мен биологиялық материалдар талдамасының қорытындысын күтіп отырмыз. Әріптестеріміз қазіргі уақытта балыққа келген залалдың себебін анықтауда, – деді Андрей Ким.

Сонымен қатар, Республикалық ветеринария лабораториясының директоры Жандарбек Еспанов ветеринариялық, санитариялық сараптамалар жасалғандығын, оның ішінде патологиялық өзгерістер анықталмағандығын жеткізді. Бүгінде микробиологиялық, токсикологиялық, радиологиялық зерттеулер жасалып  жатқандығын сөз етті. Аталмыш зерттеулердің нәтижесінде, стронций мен цезий қалдықтарының бар-жоғы анықталатындығын атады. Сонымен қоса, бұған дейін өзен жағалауында жайылып, суын ішкен малдардың өзеннен суарылуына тыйым салынған көрінеді. Мал өлімі немесе ауруы туралы ешқандай дерек тіркелмеген.

Баспасөз мәслихатында Қарағанды облысы ІІД-нің табиғатты қорғау полиция бөлімінің инспекторы Данияр Уақасов Сарысу өзеніндегі балықтардың жаппай қырылу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғандығын айтып өтті. Қазіргі кезде ҚР Қылмыстық кодексінің 338 бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Бір айта кетері, Сарысу өзенінің 15 шақырымдық аралығында ғана балықтардың өлуі байқалған. Қазіргі уақытта мамандар мәселенің анық-қанығын ашып айта алмауда. «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» демекші, абдырап отыр. Әзірге сараптама қорытындысын күтуден басқа амалдары жоқ.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button