Кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтеді
Осыдан біршама уақыт бұрын қарағандылықтар Аделина Битюкова мен Шынар Тен жұмыссыздар сапында еді. Қазір өз кәсіптерін ашып, оны дамытуға жоспар құрып отыр. Халықтың әлеуметтік осал тобындағы жандардың мемлекет қолдауымен грант алып, кәсіп бастап жатқаны алғашқы жыл емес. Былтыр, мәселен, облыстың 178 тұрғыны кәсіпкер атанды.
Шығармашылық орта шыңдайды
25 жастағы Аделина Битюкова – ІІ топ мүгедегі. Бірақ, бұл оның өз кәсібін бастауына кедергі емес. Ол ашқан шығармашылық орта үлкенге де, кішіге де пайдалы болып тұр. Аделинаның айтуынша, мұнда келетіндердің ең жасы алтыда. Шығармашылық кеңістікте сурет салуға, тафтингпен айналысуға, киімдерді кастомизациялауға болады.
Аделина өзі сияқты бес жасты жұмыспен қамтып отыр.
– Біз құммен және суда сурет салумен, кастомизациямен, тафтингпен (кілем тігу өнері) айналысамыз. Тафтинг – енді қолға алына бастаған жаңа сала. Әзірге онымен айналысатын біз ғана. Грант қаражатына тафтинг жабдығын сатып алдық. Біз кәсібімізді дамытып, орталығымызды жаңа бағыттармен толықтырып келеміз. Жобаларымыз бар, – дейді Аделина.
Аделина кәсібін ашардан бұрын сурет салуды үйретіп жүріпті. Тек шығармашылық орынның жоқтығы біраз кедергі келтірген.
– Себебі, сурет салу үшін арнайы шеберлік сағаттарының ұйымдастырылуын күту керек. Сондықтан, біз командамызбен кез келген уақытта бара алатын орын ашу керектігін ойладық. Грант соны жүзеге асыруға мүмкіндік берді, – дейді ол.
Қайтарымсыз грант туралы Instagram әлеуметтік желісінен біліпті. «Бастау Бизнес» оқып, сертификатын алған соң идеясын бизнес жоспар түрінде ұсынады. Қазір орталықта көрмелер, ойын кештері, түрлі шаралар жиі ұйымдастырылады. Аделинаның айтуынша, көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балалары студияда тегін оқиды.
Жалпы, грант тағайындау кезінде білім беру және оңалту орталықтары, жартылай дайын тағамдар мен кондитерлік өнімдер өндірісі, шаруа қожалықтары сынды жобалар көп қолдауға ие болады екен.
Қарағанды облысы бойынша Еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Нұржан Сыздықовтың айтуынша, міндетті шарт – «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері курсынан өту. Оны онлайн да оқып, сертификат алуға болады.
– Грант алуға әлеуметтік осал топ өкілдері – көпбалалы отбасылар, мемлекеттік жәрдемақы, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар, мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалардың ата- аналары немесе қамқоршылары, қандастар, қоныс аударушылар қатыса алады. Ол үшін жұмыссыз ретінде тіркелу немесе үш жылдан аспайтын мерзімге жеке кәсіпкер мәртебесіне ие болу керек. Грант қаражаты бизнес идеяларды жүзеге асыруға немесе дамытуға қайтарымсыз негізде беріледі, – дейді Нұржан Хамитұлы.
Балаға орта керек
Шынар Тен – 10 жастағы ерекше баланың анасы. Осы жылдар бойы ол жұбайы Александр Тенмен бірге баласын оңалтумен айналысқан. Енді өзге де балаларға көмектесу ниетімен балаларды дамытуға арналған «NeuroTen» нейрокоррекциялық орталық ашыпты. Ойларын жүзеге асыруға қайтарымсыз грант көмектескен.
– Грант қаражатына сенсорлық-динамикалық кубқа арналған металл конструкцияны және бейімдік дене шынықтыруға арналған құрал-жабдықтарды сатып алдық. Бұл элементтер балалардың вестибулярлық және тактильдік жүйесін дамытуға көмектеседі. Қалыпты балаларда мұндай дағдылар балалар алаңдарында табиғи түрде дамиды, ал, ерекшеліктері бар балаларға арнайы жағдайлар жасап, дамыту қажет, – деп түсіндірді Шынар Тен.
Оның айтуынша, былтыр сәуірде бір орталық ашқан. Тамызда грант конкурсына қатысып, ұтып алған қаражатына екінші орталықты жабдықтаған. Себебі, көмекке зәру ерекше қажеттілігі бар балалар көп.
– Орталықта логопед-дефектолог, психолог жұмыс істейді. Кәсібімізді кеңейткеннен кейін он адамды жұмысқа қабылдадық. Келгісі келетін ата-аналар көп болғандықтан, алдағы уақытта күндізгі стационар ашу жоспары бар. Ерекше балалар күні бойы сол жерде болады, қажетті шаралардың бәрінен өтеді. Ата-аналар баланың 24/7 жанында бола алмайды. Бұл физикалық және психикалық тұрғыдан өте ауыр. Қалай болғанда да, балаға әлеуметтену керек. Мен үнемі «балаға бала керек» деп айтамын. Бірақ, бұл стационарда балабақша сияқты бір тәрбиешіге 25 баладан емес, әр балаға бір педагогтан болуы керек, – дейді кәсіпкер.
Орталық жетекшісі балалардан бөлек, олардың ата-аналарымен де жұмыстың маңызды екенін атады.– Бұл жерде баланың жұмысы бітпейді. Оны үйде жалғастыру керек. Тұрмыстық, әлеуметтік машықтар, баланың тамақтануы, дұрыс күн режимі ескеріліп, кешенді болғаны дұрыс. Тұрақты келіп жүрген 75 ата-ана бар. Әуелде нарықты зерттегенде Майқұдықта мұндай орталықтардың жетіспейтіндігін байқадық. Екі орталығымыз да осында. Енді қаланың басқа аудандарынан да ашқымыз келеді. Қазір бізге Сұрыптау станциясынан, Теміртаудан, Доскей, Көкпекті секілді ауылдардан да балалар келіп жүр, – дейді Шынар Бақтыбайқызы.
Оның ойынша, ата-аналардың қызығушылығын оятқан олардың өздері жасап дайындаған әдістемелігі.
Александр Теннің айтуынша, әр балаға жағдайына қарай жеке бағдарлама әзірлеп, соны игертеді. Одан кейін басқасына көшеді.
– Бейіндік дене шынықтыру кәдімгі дене шынықтыру емес, одан ауқымдырақ. Менің әдістемемнің негізінде дисциплина бар. «Жоқ» деген нәрсе үйде де, түзде де солай болып қалуы тиіс. Осында келгенде орындап, үйде әке-шешесі баланың ыңғайына жығылса, нәтиже шықпайды. Баланың бойындағы жағымсыз әрекеттер түзелмейді, – дейді ол. Александр Тен өз әдістемесі бойынша үш-төрт жасты оқытып, даярлапты. Олар қазір орталықта жұмыс істейді.
***
Биыл халықтың осал тобына жататын 183 адам 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде осындай қайтарымсыз грантқа ие болмақ. Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес бұл мақсатта облыс бойынша 353 880 мың теңге бөлінген. Конкурстың басталу мерзімі әлі белгісіз.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ