Кәсіпкерлік әлеуеті артуда

    Сәтбаев қаласында шағын және орта кәсіпкерлік саласы қарқынды түрде даму үстінде. Биылғы жылдың басынан бері «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 16 нысанның іске қосылуы – соның айғағы. Нәтижесінде, 80 жаңа жұмыс орны ашылып, әлеуметтік тұрғыдағы өзекті мәселенің күрмеуі тарқай түсуіне айтарлықтай себесін болған.

Кеншілер шаһарының өткен 9 айдың қорытындысымен әлеу­меттік-экономикалық даму көр­сеткіштері бойынша облыста екінші орынға табан тіреуіне, әрине, басқа бағыттардағы ілкім­ді істермен қоса алғанда, шағын және орта кәсіпкерлік саласы ты­нысының кеңеюі де айтарлықтай жағымды әсер еткені анық. Мә­селен, іскер азамат Еңсебай Әбу­тәліп қала орталығынан еңселі сауда үйін ашып, тұрғындардың риясыз алғысын иеленді. Ол нысан құрылысын салуға жұмсаған қаражаттың тең жартысын «Шағын қалаларды дамыту» мемлекеттік бағдарламасы арқылы алуға еш кедергісіз қол жеткізді.

Ал, өзінің арман-тілегінің орындалуына «Даму» қорының септігі тиген Алена Эберман қазіргі таңда жеке кәсібін ұршықтай иіруде. Жалпы көлемі 3 млн. теңгені құ­рай­тын грантты иеленген ол аталған қаражатқа киім тоқитын құрылғы сатып алған екен. Шағын ғана кәсіпорында 9 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Жалпы алғанда Сәтбаев қа­ласында жаңадан іске қосылған кәсіпкерлік нысандарының саны өткен жылдың сәйкес мерзі­мімен салыстырғанда екі есеге арта түскен. Ал, салынған ин­вес­тиция көлемі алты есеге ұл­ғайған. Шалғайдағы шағын шаһар­дың кәсіпкерлік саласы өн­дірген өнімнің көлемі 3,6 млрд. теңгені құрап отыр. Жарасымды үрдіс өңірді кешенді дамыту бағдарламасы аясында алдағы жылы тиянақты жалғасын таба бермекші.

СӘТБАЕВ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.