Білім

Кәсіби дамуды ұлықтаған тұлға

Білім саласы майталмандарының өмір жолы мен ерен еңбегі – ел есінде мәңгі сақталатын мұра. Облысымызда талай шәкіртке тәлім-тәрбие беріп, қанат қақтырған мәртебелі мұғалімдер жетерлік. Солардың бірі – білім саласының үздігі Биғайша Манкенова биыл мерейлі 70 жасқа толып отыр.

Биғайша Шикобайқызы – абыройлы еңбек жолында болашақ ұрпақты тәрбиелеу, білім саласын өркендету сияқты айтулы да айдарлы, келелі де күрделі мәселелерді шешуде оң шешім қабылдап, қызмет бабында қабілеті бен көрегендігін дәлелдеген тұлға.

Байыптылығы мен іскерлігі, өз ісіне адалдығы, кәсіби шеберлігі мен жоғары біліктілігі, сонымен бірге, ерекше шығармашылық қабілетімен талай биікке жеткен ұстаздан үйренеріміз аз емес.

Биғайша апай 1973 жылы ҚарМУ-дың филология факультетін тәмамдап, Қарағанды қаласының № 19, 23, 24 мектептерінде 15 жылға жуық қазақ және орыс тілі пәндерінен қатар сабақ берді. Кейін Қарағанды облысы білім басқармасының кадр қызметіне ауысып, ұйымдастыру бөлімін басқарды. Талай жылдар тағылымы толысып, еңбектің артынан зейнет те келді. Алайда терең білімді, талапшыл, іскер маман ретінде Биғайша Шикобайқызы мерейлі демалысқа шығып, белсенді жұмысын артта қалдырған жоқ. Бүгінде білім басқармасының жанындағы қоғамдық кеңес кызметіне атсалысып, ауқымды мәселелерді шешуде бай тәжірибесімен бөлісіп отыр.

Ел үшін еткен еңбек ескерусіз қалмайды. Биғайша апай «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, Ы.Алтынсарин төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен марапатталып, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағына ие болды.

Ұлағатты ұстаздың өзі: «Менің ойымша, ұстаздық ету – бұл адамның маңдайына жазылатын өмірлік жол. Ең бастысы – немқұрайлы болмау, шәкірттерге барынша ықылас бөліп, білгеніңмен бөлісу», дейді.

Биғайша Шикобайқызы кәсіби дамудың үздіксіздігіне аса көңіл бөледі. Әрқашан білім мен дағдыны жаңарту, дамыту қажеттігін айтып отырады. Бұл ретте облыс ұстаздарының біліктілігі мен кәсіби шеберлігін шыңдайтын мекеме – Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығын құруға үлес қосқан дара мамандардың бірі. Тәжірибелі маманның жеткен жетістігі елеулі еңбек пен жоғары жұмыс тәжірибесі қанаттас жүрген әріптестері, тілектес дос-жаран үшін де зор мақтаныш, жас ұрпақ үшін нағыз өмір мектебі екендігі даусыз.

Құрметті Биғайша Шикобайқызы! Сізді мәртебелі мерейтойыңызбен құттықтаймын! Өнегелі өмір жолыңызда ұрпақ тәрбиесіне, білім саласын көркейтуге, егемендігімізді нығайтуға үлкен мән беріп келесіз. Шын көңілден бойыңызға мұқалмас жігер, қайтпас қажыр, отбасыңызға ортаймас бақ-ырыс тілеймін!

Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА,

Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button