Білім

Кәсіби біліктілік – даму кілті

«Мен экономиканы дамыту үшін «Креативті индустрияның» мән-маңызы зор екенін үнемі айтып жүрмін. Бұл мемлекеттік тілдің болашағы үшін де өте маңызды. Қазақ тілін дамытамыз десек, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында тіл мәселесін көтеріп. Осыған орай жуырда облыстың тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығы өзара ынтымақтастық байланыс аясында Әбілқас Сағынов атындағы Қара­ғанды техникалық университетімен бірлесіп, «Мемлекеттік тілді оқыту үдерісі және сандық технология» тақырыбында облыстық семинар өткізді.

Суреттер: автордан

Семинар мемлекеттік тілді оқытудың әдістемесін жетілдіріп, оқыту үдерісінде сандық технология мүмкіндігін пайдалану жолдарын насихаттап, оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатын көздеді. Семинарға жоғары оқу орындарының оқытушылары, облыстық және қалалық тілдерді оқыту орталықтарының оқытушы-әдіскерлері қатысып, өзара тәжірибе алмасты.

Шара барысында «Сандық технология: мемлекеттік тілді оқытудағы жаңа серпін», «Жаппай ашық оқу курсы – қашықтықтан оқыту үдерісін тиімді ұйымдастыру тәсілі», «ТBL (Team Based Learning) әдісін қолданудың тиімділігі», «Қазақ тілін IT арқылы меңгертудің тиімділігі», «Сандық технология аясында қазақ тілін үйретуде веб-оқулықты қолдану» тақырыптарында баяндамалар тыңдалды.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының меңгерушісінің міндетін атқарушы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қарлығаш Хамзина және аға оқытушы, педогика ғылымдарының магистрі Қарлығаш Нұржанова университеттің электронды порталында әзірленген «Қазақ тілі» В1 деңгейі бойынша «Жаппай ашық онлайн курсы» туралы баяндама жасады. Аталған курс оқу құралы ретінде баспадан жарық көрген және авторлық құқық иеленген.

Жаппай ашық онлайн курстары – қашықтықтан оқытуға тиімді технологиялардың бірі. Ол білім алушы мен оқытушы арасындағы өзара байланыс негізінде ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылатын білім беру түрі. Қазіргі уақытта әлемде төртінші технологиялық революция орын алуда. Яғни, ақпараттың жедел ағындары, жоғары технологиялық жаңалықтар мен әзірлемелер біздің өміріміздің барлық салаларында қолданылады.

Біздің ұсынған «Қазақ тілі» В1 деңгейі бойынша «Жаппай ашық онлайн курсы» туралы баяндамамызда курстың артықшылықтары қарастырылған. Олар білім беру сапасын арттырады, тіл үйренуші жаңа технология тілін түсінеді, бағалауды бәріне түсінікті етеді, тіл үйренушісі өз еңбегіне жауапты болуға тәрбиелейді және тіл үйренушісінің оқуға деген ынтасын қалыптастырады. «Жаппай ашық онлайн курсы» кезінде тіл үйренуші қазақ тілінің төрт дағдысы (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) меңгерілетінін айтуға болады.

Облыстық семинар барысында әріптестер арасында ынтымақтастық орнап, ұтымды ұсыныс-пікірлер айтылды.

Барлық қатысушыларға сертификат табысталды.

Қарлығаш НҰРЖАНОВА,
Гүлмира САҒАТОВА,
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті
қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының аға оқытушылары.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button