Ресми

Айтбай ЖҰМАҒҰЛОВ: Заманның тілін тапқан озады

Бұл күнде Ұлттық Құрылтай десе, елең қағатын болдық. Өйткені, бұл кіл шенеунік жиналып алып, сандарды тізбектейтін қатардағы есептік жиын емес. Бір жылда бір-ақ рет өтеді. Ұлттық Құрылтай дегеннен кейін бұл жерге қазақтың болашағына бейжай қарамайтын ғалымы мен қаламгері бастаған элита түгел жиналып, ұлттық деңгейдегі мəселелерді талқылайды. Елдің болашағы хақында ірі əңгімелер қозғалады. Ұлттық деңгейде. Жылдық бюджет, коммуникация сынды кезекші тақырыптар екінші қатарға ойысады. Оның үстіне, жұрттың бəрі Президент сөйлейтін сөзді асыға күтеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау мен Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайда ілгерілеудің нақты жолдарын айтып, бетімізді бір қаратып қойған. Биыл өткен Атыраудағы Құрылтайда да өзекті мəселелер қотарылды. Солардың бірқатарын белгілі айтыскер ақын Айтбай Жұмағұловпен сана таразысына салып көрген едік.

Сурет: А.Жұмағұловтың жеке мұрағатынан

– Құрылтайда Президент əлеуметтік желідегі сапасыз контенттер ұрпақ тəрбиесіне кері əсер ететінін баса айтты. Ұрпақ санасы, тəрбиесі мың құбылып тұр. Бітелмей тұрған жарамыз – бұл мəселе. Шынымен де, балалар ғаламторға арбала берсе, соңы неге əкеп соқтырады деп ойлайсыз?

– Президентімізді түсінемін. Ол тұтас халықтың көкейіндегі проблеманы, сыздауықты дөп басып отыр. Бұл тақырыптың қозғалғанына біршама уақыт болды. Бір қарағанда ұсақ əңгіме секілді. Əсте олай емес. Ұлт келешегінің иесі жас буынның санасы осы бастан уланатын болса, соңы жақсылыққа апармайтынын айтып, дабыл қағып отыр. Іске кірісейік деп шырылдап отыр. Шынымен де, сөзіміз көбейіп кетті. Басқа-басқа демеймін, Мемлекет басшысы көтеріп жүрген проблемаларды шетінен бастап шеше бастасақ, жағдайымыз əжептəуір оңалар еді. Бүгінде өресі жоқ блогерлер, дарынсыз əншілер, əуесқой режиссерлер экранымызды жаулап алды. Ал, ондай сапасыз, жеңіл дүниені жаһанды қолындағы смартфонымен-ақ шарлап отырған бала қабылдай алмайды. Өз контентіміз өз балаларымызға ұнамайды. Ұнамаған соң көрмейді. Мысалы, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» деген ұлттық дүниелерді естіп, көріп өстік. Өкінішке қарай, сондай деңгейде ештеңе жоқ. Технологиялар арқылы адамның да мүмкіндігі дамып келеді. Шетелдегі «Супер геройлар» туралы мультфильмдерге, комикстерге қараңызшы. Неге солай Таусоғарды, Жел аяқты экранға сапалы етіп жас көрерменге ұсынбаймыз? Қазақ халқы ертегіге бай. Сол ертегілерден анимациялық туындылар əзірлесек, əлгілерден асып түсуге де болады. Қаншама қор жатыр. Президент осы Құрылтайда Жошы туралы айтты. Жошы хан туралы сапалы анимация жасайық. Кино түсірейік. Соның бəрі тұнып тұрған тарих емес пе?! Оның үстіне, ұлттық тəрбиенің негізі саналатын обал мен сауап та сол ертегілерде, аңыздарда тұнып тұр. Тағы бір мəселе: «Отан отбасынан басталады» деген нақыл бар. Ата-ана баласының болашағына алаңдаса, не көріп отырғанын бақылауда ұстауы тиіс. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе». Эфирімізді түзеу керек сияқты. Баланың санасын улайтын контенттерді шығарғандарға жаза қолдансақ, артық болмайды деп ойлаймын.

– Құрылтайда Жас буынды кітап оқуға баулу керектігі де айтылды. Президент бұл ұлт үшін өте маңызды екенін алға тартты. Өйткені, мықты мемлекет құру үшін сауатты, білімді ұрпақ қажет деді. Сіз көп жылдар бойы аймақтағы рухани шараларға атсалысып, ұлттық құндылықтардың жаңғыруына өзіндік үлесіңізді қосып жүрген азаматсыз. Сіздің ұйымдастыруыңызбен оннан астам жас ақынның алғашқы кітабы да шықты. Тəжірибе көп. Сіздіңше, осы күнде кітапқа баулудың ең тиімді тəсілі қандай?

– Ашығын айтқанда, бір кітап оқып көрмеген адамдар қазір биік мінберлерде тізгін ұстап, жұртқа ақыл айтып жүр. Сахнадағы «халықтың еркелері де» сауатсыз. Кітап оқымайтындарын өздері де ашық мойындайды. Сұхбаттарында мақтанышпен де айтады. Ал, соны көрген бала не ойлайды. «Кітап оқымаса да болады екен ғой. Оқымай-ақ та адам боламыз-ау» деген ой түйеді əлбетте. Сондай əңгімелерді қысқартуымыз тиіс. Əйтпесе, құндылық ауысып бара жатыр. Сосын, əдебиеттеріміз қажетті деңгейде насихатталмауда. Қазір жарнаманың заманы. Заманыңның тілін тап та, кітаптың жарнамасымен айналыс. Телеарналарда, газеттерде кітап оқитын əулеттерді насихаттаған абзал. Жасыратын ештеңесі жоқ, Қарағандыдағы кітапханалар өткен дəуірдің иісімен қалып қойған. Заман талабына сай жаңарып жатқан түгі де жоқ. Қызылордадағы, Түркістандағы соңғы үлгідегі кітапханаларды көріңіз. Ішінде жүре бергің келеді. Жаңа технологиядағы жабдықтармен қамтылған. Кітапты жатып та, кофе мен шəйіңді ішіп отырып оқуға болады. Яғни, оқырман өзін жайлы сезінуі үшін жағдай жасалған. Оңтүстік Корея мен Жапониядағы кітапханаларға қараңыз. Осы мемлекеттердің барлығы қазір алдыңғы қатарда. Президент осының бəрін біліп отыр.

– Биыл Жошы ұлысының 800 жылдығы. Қасым-Жомарт Тоқаев аста-төк той қылмай, кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу керек деп айтты. Мемлекет басшысы қит етсе бəйге беріп, далаға киіз үй тігіп, дабырлап кететінімізді сынға алып отырған сияқты… Осындайды қоятын уақыт жеткен шығар…

– Кино өндірісі дамыған елдерге қарап көрелік. Олар жатпай-тұрмай өз тарихын кинотуындыға айналдырып жатыр. Яғни, біз секілді «тарихымыз бай» деп құр кеуде соғып жүрген жоқ. Сол арқылы өз жастарын патриотизмге баулуда. Осы Алтын Орда туралы салмақты, сапалы кино түсіре алсақ, біраз шаруа атқарылады деп сенемін. Ұлттық идеологияны жасау дегеніміз – осы. Біз мұндай дүниелерді түсіре аламыз. Қолдан келеді. Кеше ғана экранға шығып, аз уақыт ішінде халықтың ыстық ықыласына бөленген «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Оян, қазақ!» фильм дері дəлел. Тарих десе, тек ғылыми-зерттеулермен, кітаптармен шектелудеміз. Бұл дұрыс емес. Керек десек, тарихи жанрда түсірілген туындыларды өзге тілдерге аударып тастайық.

Сосын, киіз үй тігіп, қарынды қампайтатын заман өтіп кеткен. Бұны Президентіміз дөп басып айтып отыр. Алашапқынды қойған абзал. Бəйге, көкпар дегендерге тек ұлттық спорт ретінде қарауымыз тиіс. Ал, оған қыруар қаражат бөліп, жұртты сол жаққа сабылтудың еш қажеттілігі жоқ. Сол қаражатты білімғылымға жұмсасақ, нұр үстіне нұр болар еді. Қайта-қайта ас беретіндей ешкім аш емес қазір.

Ел боламын дегендер білім мен ғылымға басымдық береді. Ұрпақты дұрыс тəрбиелеуге ден қояды.

Ұлттық спортты дамыту арқылы ұлттық рухты көтереміз деген жаңсақ пікір бар. Əсте олай емес екенін көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар жақсы біледі. Бүкіл əлем аттан түскен қазір. Қырдағы малының өзін дронмен бағатын заманға жеттік. Ат шаптырма демеймін, шаптыр. Көкпарыңды тарт. Ұлттық спорт насихатталуы тиіс. Бірақ, оған бюджеттен қыруар қаржы бөліп, алашапқын жасамайық. Жүз, мейлің, мың киіз үй тік. Бəрібір өткен дəуір қайтып келмейді. Əлемге өзімізді басқаша мойындататын күн туып тұр. Бір күнде өте шығатын тойға жұмсалатын қыруар ақшаны ғылымға бағыттайық.

– Іштегі пікіріңізді бұқпай айтқаныңызға алғыс білдіреміз!

Сұхбаттасқан Ерік НАРЫН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button