Көрмеде кездесейік
Міне, Көрменің басталуына санаулы күндер қалды. Астана – Әлем назарында. Алты құрлық ат арылтады біздің елге! Ғаламның ғылымы бір қазанда – Елордамызда қайнайды. Ортақ ойлар түйісетін Көрмеден күтер олжамыз көп.
Күнтізбеге қарайлап, Көрмеге асыққан елдің қарасы қалың. Тіптен, шетелдіктердің көптеп билет сатып алып жатқанын естідік. Ішіміз жылыды. Дақпырт емес, дөңгеленген дүниенің мүддесі бір арнада тоғысатын сәт!
Тақырыбы айтып тұрғандай, бұл – болашақ үшін жасалатын батыл қадам. Бұл – «Болашақтың энергиясы» – жасыл энергия мәселесі сарапқа салынатын алаң. Адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ой мен істің тоқайласатын жері.
Мәселен, Инженерлер мен ғалымдардың Бүкіләлемдік Конгресінің өзі сөзімізді салмақтай түсетіні анық. Оған Нобель және «ЖаҺандық энергия» Халықаралық сыйлығының лауреаттары, танымал сарапшылар, көрнекті ғалымдар мен әлемдік энергетикалық компаниялардың өкілдері қатысады. Жиында жаҺандық энергетикалық түйткілдердің жаңа шешімдерін іздеу, кадрларды, технологияларды, зерттемелер мен инновацияларды әзірлеу ісі електен өткізіледі.
Мәдени-сауық бағдарламалардың да салтанаты өз алдына. Көптеген елдің салт-дәстүріне көзайым боламыз. Төл өнерімізді миллиондаған халыққа паш етеміз.
Көрмеде көпке құшағын жаятын Астана десеңіз, тұтастай еліміздің бүгіні мен ертеңі көз алдыңызға келеді. Бас қаламыз асқақ рухымыз бен айбын-абыройымыздың нышанына айналды.
Біздің өңір – Қарағанды облысы үшін де «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесінің берері мол. Көрме қарсаңында облыс орталығы мен Елорданы жалғайтын тақтайдай жол салынды. Биыл Қарағандыдағы «Сарыарқа» Халықаралық әуежайына табан тірейтін шетелдік қонақтардың саны артады. Аймағымыздағы тарихы терең, көрікті жерлерді аралап көруге ниетті туристердің де қарасы қалың.
Бұған дейін жазғанымыздай, «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесіне билеттерді «Қазпошта» бөлімшелерінен, Қарағандының Орталық әмбебап дүкенінен, «Меломан» дүкендер желісінен және Көрменің ресми сайтынан сатып алуыңызға болады.
Тарихи оқиғаны көзбен көрейік!
Көрмеде кездесейік!
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ