АбайАймақ

Көркейген кент келбеті

Топар кентінің әкімі болып Марғұлан Мұхитұлы Сафаров 2021 жылдың 25 шілдесінде халықтың тікелей дауыс беру жолымен сайланған болатын. «Жас келсе – іске» дегендей, жас әкім келгелі он мыңнан астам халқы бар осынау елдімекеннің көркіне көрік қосылып, күннен-күнге ажары кіріп, сән-салтанаты арта түсуде.

Сурет автордан

Осы уақыт ішінде мұнда тұрғындар үшін 18 пәтерлі екі қабатты үй бой көтерсе, алдағы тамыз айында жаңа Дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып бітіп, пайдалануға берілмекші. Биылдың өзінде әкімдік белгілеген көп жұмыстар қолға алынып, кезегімен жүзеге асырылып жатыр. Оған кентті аралап көрген кезде көзіңіз кәміл жетеді.

Атап айтқанда, кенттің бірыңғай архитектуралық ажарын қалыптастыру үшін осындағы Сарыарқа, Қазыбек би, Қонаев, Бейбітшілік бульвары, Гагарин, Нұркен Әбдіров көшелерінің 36 көпқабатты үйінің қасбеттері мен шатырлары жөнделуде.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған 10 контейнер қосымша орнатылып, №3 ауылдағы «Жастар» көшесінің 2,3 шақырым жолы да жөндеу көріп, тағы да бірқатар көшелердің жолдарының жайы жақсартылған.

Абаттандыру аясында Сарыарқа көшесі бойында орналасқан ұзындығы 225 метр парапетті қаптау жоспарланып, одан кейін оған гүл шоқтарын қою да ойда бар.

Көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Жол пайдалану мекемесі жанынан өтетін жолдың бұрылысындағы қоршау да жөнделіп, қалпына келтірілуде.

Алдағы қысқы жылыту маусымына дайындық барысында Абай көшесінің 3,5 шақырым жылу тораптары жөнделіп, кенттің 5,29 шақырым магистральдық жылу тораптары ауыстырылу үстінде.

Кентті көгалдандыру шеңберінде Гагарин ескерткіші алдына петуния гүлі егіліп, көпқабатты үйлер маңындағы ағаш бұтақтары кесіліп, Энергетиктер саябағы мен православтар зираты аймағында 500 түп ағаш көшеті отырғызылыпты.

Көшелердің 83 шамы ауыстырылып, Топарға кіреберісте 2 стела орнату да көзделген.

Сондай-ақ, кенттің білім беру нысандарын да жөндеу қолға алынып, қазірде Абай атындағы мектептің шатырын жөндеу басталып, Балалар өнер мектебінің шатыры ауыстырылып, қасбеті әрленіп, сырлануда.

«Энергетик» мәдениет үйі үшін музыкалық аппаратура да сатып алынған екен.

Көктемгі тазартудың екі айлығында барлық көшелер мен аулалар қыстайғы күл-қоқыстан арылтылды. Рұқсат етілмеген 32 қоқыс үйіндісі жойылған. Көше ағаштарының түптері әктеліп, жолдың жиектастары да ағартылған. Бұл істе «Жасыл ел» жасағы құрамындағы 18 адамның үлесі де аз емес.

Кент әкімі Марғұлан Сафаров енді тағы да атқарылатын бірнеше шаруаның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқанын айтады. Яғни, Сәтбаев, Мерей, Попович көшелерін су баспау үшін арық қазып, аула алаңдарын асфальттау мен жарықтандыру, кәріз және су өткізгіш жүйелерді жаңғырту жоспарлары кіреді екен бұған.

Қысқасы, көркейген кенттің қазіргі келбетін Топарға барып, көру керек…

Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button