Бас тақырып

Көрінбейтін күретамыр

Күнделікті тұрмыста байқала бермейтін коммуналдық игіліктің қадірін, әдетте, су тоқтап, жарық сөнгенде ғана сезінетініміз жасырын емес. Ал, шын мәнінде, әр пәтердегі жылу мен таза судың артында мыңдаған шақырымға созылған инженерлік желі мен тынымсыз еңбек жатыр. Сондықтан да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі инфрақұрылымды жаңғырту мен тозған желілерді жаңартуды басты міндет ретінде бекітті. Бұл ауқымды жұмыстың түпкі мақсаты – ескірген құбырларды жаңартып, өңірлердің тұрақты дамуы мен халықтың қауіпсіз тұрмысын қалыптастыру.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Жаңарған желі

Өндірісті өңір үшін бұл мәселенің салмағы орасан. Аймақта өнеркәсіптік қалалар да, моноқалалар да, шалғай ауылдар да бар. Олардың әрқайсысының тіршілігі су, жылу, жарық, кәріз және газ жүйесінің тұрақты жұмысына тікелей тәуелді. Сондықтан, инженерлік желілерді жаңғырту – облыс үшін кезекті науқандық жұмыс емес, әлеуметтік әрі инфрақұрылымдық маңызы зор бағыт.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы сумен жабдықтау және су бұру бөлімінің басшысы Бақытбек Ақпаровтың айтуынша, облыс бойынша сумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 4 895,5 шақырымды құрайды. Оның 2 513,37 шақырымы қалаларға, 2 382,14 шақырымы ауылдық елдімекендерге тиесілі. Ал, су бұру желілерінің ұзындығы 1 713,11 шақырымға жетеді.

– Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртудағы басты мақсат – тұрғындарға сапалы әрі үздіксіз қызмет көрсету, тозған желілерді кезең-кезеңімен ауыстыру. Облыстағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 1 183,4 шақырым болса, барлық кернеу деңгейіндегі электр желілері 26 887 шақырымды құрайды. Газ желілерінің ұзындығы 640,70 шақырымға жеткен. Оның 410,98 шақырымы Қарағанды қаласында, 229,73 шақырымы Теміртауда орналасқан. Бұл көрсеткіштердің өзі коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстарының ауқымы қаншалықты кең екенін аңғартады, – деді Бақытбек Кенжебекұлы.

Тозу деңгейі нені көрсетеді?

Инженерлік желіні жаңғыртудың өзектілігі ең алдымен, олардың тозу деңгейінен байқалса керек. Құбыр мен кабель уақытында ауыспаса, су қысымы төмендейді, жылу шығыны артады, апаттық жағдайлар жиілейді. Сондықтан, бұл саладағы әрбір жоба тұрғынның күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты.

Бақытбек Ақпаровтың айтуынша, облыста сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейі 45,8 пайызды құрайды. Қалаларда бұл көрсеткіш – 56,4 пайыз, ауылдық елдімекендерде – 36,77 пайыз. Ал, кәріз желілерінің жағдайы әлдеқайда күрделі. Облыс бойынша су бұру желілерінің тозуы 71,6 пайызға жеткен. Қалаларда бұл көрсеткіш 80,03 пайыз болса, ауылдарда 64,3 пайыз шамасында.

– Кәріз желілерінің тозу деңгейі жоғары екені рас. Жылумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейі облыс бойынша 60,3 пайыз. Электр желілерінде де мәселе өзекті. Барлық кернеу деңгейіндегі электр желілерінің тозуы 68,3 пайызға жеткен. Ал, газ желілерінің тозу деңгейі 0 пайыз деп көрсетілген. Себебі, өңірдегі газ инфрақұрылымы енді ғана жылдары салынып, кезең-кезеңімен кеңейтіліп келеді. Тозу деңгейі ең жоғары аумақтар қатарында Балқаш, Саран, Қарағанды, Шахтинск және Теміртау қалалары бар. Мәселен, Балқашта сумен жабдықтау желілерінің тозуы 85 пайыз, су бұру желілерінің тозуы 86 пайызға жеткен. Саранда су құбыры желілерінің тозуы 52,5 пайыз болса, кәріз желілерінің тозуы 92 пайызды құрайды. Қарағанды қаласында бұл көрсеткіш тиісінше 57 және 80 пайыз деңгейінде. Шахтинск пен Теміртауда да су бұру желілерінің тозуы 86 пайызға жеткен, – деді басқарма өкілі.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жаңғырту қай қалаларда жүріп жатыр?

Тозу деңгейі жоғары қалаларда инженерлік желілерді кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары қолға алынған. Басқарма мамандары ұсынған дерекке жүгінсек, биыл сумен жабдықтау және су бұру желілерін реконструкциялау бойынша бірнеше ірі жоба іске асырылуда.

Соның бірі – Қарағанды қаласындағы «Қарағанды Су» ЖШС су тазарту кешенінің 2 және 3-кезектегі негізгі құрылыстар блоктарын реконструкциялау жобасы. Жобаның жалпы құны – 15 млрд 324 млн теңге. Қаржы кредиттік қаражат есебінен қарастырылған. Мердігер ұйым – «Мелиоратор» ЖШС. Нысанды 2028 жылы аяқтау жоспарланған.

Балқаш қаласында да су және кәріз инфрақұрылымын жаңарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қала ішіндегі су құбыры желілерін реконструкциялаудың 2 және 3-кезегі іске асырылып жатыр. Жобаның жалпы құны – 8 млрд 240 млн теңге. Қаржы облыстық бюджеттен бөлінген. Жұмысты «Мелиоратор» ЖШС жүргізуде. Жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар, Балқаш қаласының кәріздік коллекторын реконструкциялау жобасы да қолға алынған. Бұл нысанның жалпы құны – 12 млрд 975 млн теңге. Мердігер ұйым – «НС Система» ЖШС. Аталған жобаның да аяқталу мерзімі 2027 жылға белгіленген.

Құрыш қала үшін маңызды жобалар­дың бірі – Қарағанды – Теміртау су құбырын күшейткіш сорғы станциясын салумен бірге реконструкциялау. Жобаны Теміртау қаласының әкімдігі әзірлеген. Қазіргі таңда ол «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы пилоттық жобалар тізбесіне енгізілген.

Бақытбек Ақпаровтың айтуынша, құ­рылыс-монтаж жұмыстары биылғы шілде айында басталады деп жоспарланған. Жобаның мақсаты – Теміртау қаласының 175 655 тұрғынын үздіксіз әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Жобаның жалпы құны – 9 млрд 564 млн теңге.

Саран қаласында да су құбыры және кәріз желілерін жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Мұнда су құбыры же­лілерін реконструкциялаудың 3-кезегі жә­не кәріз желілерін реконструкциялаудың 2-кезегі қарастырылып отыр.

Инженерлік инфрақұрылымды жаң­ғыр­ту тек су және кәріз жүйесімен шектелмейді. Өңірде газбен жабдықтау ба­ғыты да кезең-кезеңімен дамып келеді. Қарағанды қаласында «Сары-Арқа» магистральдық газ құбырынан бастап газ тарату желілерін салу жобасы іске асырылуда. Жобаның жалпы құны – 65 млрд 205 млн теңге. Қаржы республикалық және облыстық бюджеттен қарастырылған. Жоба аясында ұзындығы 120 шақырым газ тарату желісін салу көзделген. Нәтижесінде 5 мың тұрғын үй газ желілеріне қосылады.

Бұдан бөлек, Ақтау және Ғабиден Мұстафин кенттеріне жеткізуші газ құбыры мен газбен жабдықтау желілерін салу жобасы бар. Жобаның құны – 10 млрд 833 млн теңге. Аяқталу мерзімі – 2027 жыл. Жоба аясында 30 шақырым газ желісі салынып, екі елдімекенді газбен жабдықтау мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
Жылумен жабдықтау бағытында да бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Қарағанды қаласының Октябрь ауданында 3-ЖЭО-дан 1-ОТТП-ге дейінгі 1-кезек жылу магистралін реконструкциялау жоспарланған. Жобаның жалпы құны – 2 млрд 202 млн теңге. Қаржы Ұлттық қор есебінен қарастырылған. Жобаны 2027-2028 жылдары аяқтау көзделіп отыр.

Сонымен қатар, Қарағанды қаласында ЖТ3-тен ЖП1-ге дейінгі «Соединительная» жылу магистралін реконструкция­лау, Теміртауда ТМ-3 жылу желілерін жаңарту, Ақтоғай ауданының Шашубай кентінде қазандық салу жобалары бар.

Ұлттық жоба – ұтымды қадам

Мемлекет басшысы көтерген коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселесі бүгінде өңірлерде нақты жобалар арқылы жүзеге асуда. Соның бірі – «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы. Бұл құжаттың негізгі мақсаты – тозған инженерлік желілерді кезең-кезеңімен жаңарту, коммуналдық қызметтің сапасын арттыру және апаттық жағдайлардың алдын алу.

Кеншілер аймағында да ұлттық жоба аясында жылу, электр, сумен жабдықтау және су бұру бағыттары бойынша бірқатар жоба іске асырылуда.

Жылу энергиясымен қамтамасыз ету саласында биыл ұлттық жоба шеңберінде жалпы сомасы 30,4 млрд теңгеге 4 жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобалар 9 шақырым жылу желісін қамтиды. Қазіргі уақытта барлық жоба бойынша конкурстар өткізіліп, мердігерлер анықталған, дайындық жұмыстары басталған.

Электрмен жабдықтау саласында да ауқымды жұмыс қарастырылған. Былтырдан бастап «Қарағанды Жарық» ЖШС пилоттық жобалар аясында жалпы сомасы 18,5 млрд теңгеге 58 шақырым электр желісін қайта жаңарту бойынша 4 жобаны іске асыруда. Сонымен қатар, биыл жалпы сомасы 12,9 млрд теңгеге 60 шақырым электр желісі мен 1 қосалқы станцияны қамтитын 2 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Бұл бағыттың маңызы ерекше. Себебі, облыс бойынша барлық кернеу деңгейіндегі электр желілерінің тозу деңгейі 68,3 пайызға жеткен. Ал, «КРЭК» ЖШС желілеріндегі тозу көрсеткіші 95 пайызды құрайды. Аталған компания Қарқаралы, Бұқар жырау, Абай, Осакаров, Нұра аудандарында және Шахтинск қаласында қызмет көрсетеді.

Сумен жабдықтау және су бұру саласында ұлттық жоба аясында былтырдан бері «Қарағанды Су» ЖШС су тазарту кешенінің 2 және 3-кезектегі негізгі құрылыстар блоктарын реконструкциялау жобасы іске асырылуда.

Бұдан бөлек, биыл МЭКС электрондық платформасына жалпы сомасы 3 млрд теңгеге 51,5 шақырым су құбыры және кәріз желілерін қамтитын 2 жоба жүктелген. Бүгінде мердігерді айқындау бойынша конкурс өткізілген.

Ал, 2027 жылға арналған жоспар бойынша «қызыл аймақтағы» және қуаты төмен табиғи монополия субъектілері бойынша басым тәртіппен жалпы сомасы 9,908 млрд теңгеге 113,9 шақырым электр, жылу, су және су бұру желілерін қамтитын 9 жоба МЭКС электрондық платформасына жүктеліп, пысықтау сатысында тұр.

Цифрлық бақылау һәм ресурсты үнемдеу

Инженерлік желілерді жаңғырту тек құбыр мен кабель ауыстырумен шектелмейді. Қазіргі коммуналдық жүйе үшін цифрлық бақылау, нақты есеп және жедел мониторинг те маңызды. Себебі, апаттың алдын алу, шығынды азайту және ресурсты тиімді пайдалану көбіне желінің жұмысын дер кезінде бақылауға байланысты.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, өңірде диспетчерлік бақылау және деректерді жинау жүйесін, қосалқы станциялардың мониторинг және басқару жүйелерін жаңғырту, өңірлік энергетикалық компанияларда WAMS мониторинг жүйесін кеңейту жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, энергия беруші ұйымдарда интеллектуалдық есептеу және басқару жүйелері енгізілуде.

– Қазіргі таңда коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту кезінде цифрлық бақылау және мониторинг жүйелері кезең-кезеңімен қолданысқа енгізіліп келеді. Бұл бағытта 2024 жылы 939 құрылғы орнатылса, биыл 540 құрылғы қойылған. Интеллектуалдық есептеу және басқару жүйелері толық енгізілгеннен кейін шығындарды 7,3 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік бар. Жобалардың сапасы да бақылаудан тыс қалмайды. Инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстары техникалық және авторлық қадағалау арқылы бақыланады. Нысандар пайдалануға берілер алдында құрылыс нормалары мен техникалық талаптарға сәйкестігі тексеріліп, тиісті сынақтардан өткізіледі, – деді Бақытбек Ақпаров.

Инженерлік желілерді жаңғырту мә­селесі тариф саясаты тақырыбымен де тығыз байланысты. Себебі, ондаған жыл бойы пайдаланылған құбырлар мен жабдықтарды жаңарту, жаңа желілер салу, сорғы станцияларын, қазандықтарды жә­не қосалқы станцияларды қайта құру қомақты қаржыны талап етеді.

Сондықтан, коммуналдық инфра­құрылымды жаңғырту жұмыстары рес­публикалық және жергілікті бюджет есе­бінен ғана емес, табиғи монополия субъек­тілерінің инвестициялық бағдарла­малары арқылы да жүзеге асырылып келеді.

Басқарма өкілдерінің мәліметінше, жылу тасымалдаушы ұйымдардың инвестициялық бағдарламалары аясында өткен жылы 1 млрд 43 млн теңге көлемінде қаржы игеріліп, 5,55 шақырым жылу желісі реконструкцияланған. Ал, биыл 2 млрд 335 млн теңгеден астам қаражатқа 5,24 шақырым жылу желісін жаңғырту жоспарланған.

Жаңғыртудың нәтижесі қандай?

Инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстары толық аяқталғаннан кейін оның әсері ең алдымен, күнделікті тұрмыста байқалады.

Сумен жабдықтау жүйелері жаңартылған жерде су қысымы тұрақталып, ауызсу сапасы жақсарады. Су берудегі үзілістер мен апаттық ажыратулар азаяды. Ал, су бұру желілерін реконструкциялау кәріз жүйесінің сенімділігін арттырып, коммуналдық қолайсыздықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Жылумен жабдықтау саласында тоз­ған құбырларды ауыстыру жылу шығынын азайтып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды тұрақты жылумен қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Бұл, әсіресе, қыс мезгілінде маңызды.

Жаңғырту жұмыстарының тұрғындар үшін маңызы зор. Себебі, инженерлік желілердің жаңаруы ең алдымен сол аумақта тұратын халықтың күнделікті тұрмысынан көрінеді. Күнгей шағынауданының тұрғыны Әлішер Зәрубай биыл елдімекенге газ желісінің тартылуын көптен күткен игілік деп бағалайды.

– Жыл сайын әр жерде қазба жұмыстары жүріп, инженерлік желілер жаңартылып жатады. Әрине, мұндай жұмыстар уақытша қолайсыздық тудыратыны рас. Бірақ, оның бәрі тұрғындардың игілігі үшін жасалып жатқанын түсінеміз. Биыл Күнгей шағынауданына газ тартылып, көптен күткен қуанышқа кенелдік. Енді оның нақты шапағатын күзден бастап көреміз деген сенім бар, – деді Күнгей шағынауданының тұрғыны Әлішер Зәрубай.

Қарапайым тілмен айтқанда, жаңғыртудың түпкі мақсаты – құбырды ауыстыру емес, тұрғынның өмір сапасын жақсарту. Сондықтан, инженерлік желілерді жаңарту жұмыстары өңірдің инфрақұрылымдық қауіпсіздігіне ғана емес, халықтың күнделікті тұрмыстық жайлылығына да тікелей әсер етеді.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button