«Көрінбейтін экспорт» немесе «алтын сандық»

Елбасының һәм Мемлекет басшысының тікелей пәрменінен соң былтырғы жылы мамырда Үкімет туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдады. Өйткені, «инвестициялық салымдарды тиімділігі жағынан, туризмді мұнай өндіру өнеркәсібімен терезесін тең қоюға әбден рұқсат» дейді зерттеулер. Жалпақ, түсінікті тілмен айтқанда, бір шетелдік туристен түсетін табысқа әлемдік нарыққа шамамен 9 тонна тас көмір, немесе 15 тонна мұнай, немесе 2 тонна жоғары сұрыпты бидай шығаруға болады екен. Елге келетін әрбір турист әр сағат сайын шамамен 20 доллар жұмсайды, 30 турист 1 жұмыс орнын беретінін айтады деректер.

Мұның сыртында, әлемдік жиынтық өнімнің шамамен 10%-ы, әлемдік көрсетілетін қызметтер экспортының 30%-ы, әлемдік инвестициялардың 7%-ы, жұмыс орындарының 10%-ы және барлық салық түсімдерінің 5%-ы туризм саласына тиесілі көрінеді. Еліміздің қай өңір-аймағы болса да, туризмге сұранып тұрғанын ескерсек, біз Ленин айтқан нағыз «алтын сандықтың» үстінде отырмыз. Тек, сол сандықтағы байлықты шашау шығармай ел игілігіне жарату – мұрат. Біле-білсеңіз, Қазақстанда туризмнің сан саласын дамытуға мүмкіндік бар екен. Агротуризм, аңшылық, іскерлік, медициналық, экологиялық, этнографиялық, автокемпингтік, автокеруен аталған бағыттар осы күні түрен тимеген – тың. Бүгін этнографиялық туризмге ден қоймақпыз…

Осы күні туризм – бизнестің әлемдегі ең табысты түрі. Әлемдік капиталдың шамамен 7%-ын пайдалана отырып, туризм мұнай және мұнай өнімдерін, автокөліктерді экспорттаудан кейін үшінші орынды иеленіп отырса керек.

БҰҰ Бүкіләлемдік туристік ұйымының саралауынша, 2030 жылға қарай танымал қалалардағы әйгілі курорттарға және тарих пен мәдениет ескерткіштеріне шамамен 1,8 млрд. турист барады деп күтілуде. Болжам бойынша қонақүй-туристік көрсетілетін қызметтерден түсетін табыс шамамен 2 трлн. АҚШ долл. құрайды, туризм саласында 550 млн. жұмыс орындары ашылады. Біздің елдің міндеті – осы «күлшеден» қалыс қалмау.

Зерттеулерге сүйенсек, халықтың басым бөлігі қалаларда тұратын қазіргі уақытта этнографиялық туризм өзекті әрі танымал бола бастаған. Әлемде туризмнің бұл бағытын сол елдің қолөнерімен салт-дәстүрімен тығыз байланыстыруда.

Мемлекеттік бағдарлама аясында да Мәдениет және спорт министрлігі этнографиялық туризмді дамытуда осындай ұлттық калориттік негіздерге сүйенгенін атап өткен жөн. Дәлірек айтсақ, бағдарламада атты жорық элементтерін пайдалана отырып, Шыңғыс ханның ізімен экспедициялар мен жас туристердің жорықтарын ұйымдастыруды, халықаралық этнографиялық фотокөрмелер мен гастрономиялық турлар өткізуді ұсынды. Бұдан бөлек Қазақстанның гастрономиялық картасын жасау да назарда. Саятшылық, ұлттық атты ойындар арқылы халықаралық көрме өткізумен де туристердің бетін бұрғымыз келеді. Әр өңірде тарыдай шашылып жүрген ұлттық қолөнердің отын сөндірмей отырған қолөнершілерді де осы турзимге тарту ісі тұр. Алдағы бес жылдың мұғдарында осы межеге жетуге тиіспіз. Бұл тек этнотуризмде ғана.

Құзырлы орындар туризмде еліміздің ең бір ұтымды әлеуеті – экологиялық және этнографиялық туризм екенін жоққа шығармайды. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бұларды алшысынан түскен асығымызға балайды. Әлеуетті мықты тұсымыз дейді.

– Бүгінде тұжырымдық негіздерге сүйене отырып, айтар болсақ, – біздің ең күшті тұсымыз – этнотуризм. Бұл – 4Е қағидаты, яғни, этно, эко, ивент, интертейнмент (ethnic, eco, event, entertainment – V), — дейді министр.

Ал, жалпы елдегі туризмге кедергі не? Бүкіләлемдік экономикалық форумның (БЭФ) Саяхат пен туризмнің бәсекеге қабілеттілігінің жаһандық индексінде 2017 жылы Қазақстан 136 елдің ішінде 81орын алды, 2015 жылы – 85-орын.

«Қазақстан бүкіләлемдік мұраның мәдени объектілерінің саны бойынша – 61-орын, ауызша және болмашы мәдени мұра объектілерінің саны бойынша – 22-орын, бүкіләлемдік мұраның табиғи объектілерінің саны бойынша – 30-орын алады.

Сонымен бірге, БЭФ пікірінше, туризм саласында қазақстандық рейтингті мына факторлар төмендетеді:

 – туристік инфрақұрылым сапасының төмендігі (отельдер, шипажайлар, мәдени-сауықтыру нысандары және т.б.) – 121-орын;

– әуе қатынасының жеткіліксіз ашықтығы – 121-орын;

– визалық режимнің күрделілігі – 114-орын;

– жолдар сапасының төмендігі – 106-орын;

– автокөлікті жалға алу бойынша компаниялардың аздығы – 113орын.

 – маркетинг пен брендингтің төмен тиімділігі – 102-орын.

Бұл ретте, бұл бағыттар туризм саласын дамытудың жай-күйін анықтайтын және саланы дамыту бойынша мақсаттарға қол жеткізу үшін назар аудару қажет негізгі көрсеткіштер» дейді сарапшылар.

Бірақ, Қазақстанның туристер үшін ең қауіпсіз аймақ атануы да туризмді дамытуға және бір себеп екенін атаған абзал. Не десек те, әлем «көрінбейтін экспорт» атаған саладан еншімізді алуға тиіспіз.

Қызғалдақ АЙТЖАН