Көне жәдігерлер – музей төрінде
Облыстық бейнелеу өнері музейінде «Сарыарқаның сәндік қолөнері және ою-өрнегі» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Бұл «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс көлемінде жүргізілген ғылыми-зерттеу экспедициясының қорытындысы еді. Шараға құнды жәдігерлерді тапсырған азаматтар, қолөнер шеберлері, мектеп ұстаздары мен қала тұрғындары қатысты. Көрме аясында экспедиция қорытындысымен шығарылған кітап-альбомның тұсаукесері өткізілді. Музей басшылығының ұйымдастыруымен шыққан кітапқа 20-ға жуық қолөнер шеберінің есімі еніп отыр.
2011 жылы дәл осындай экспедиция Абай ауданына жүргізілген. Биыл Қарқаралы, Шет, Жаңаарқа, Ақтоғай және Бұқар жырау аудандарын қамтып отыр. Қолөнер бұйымдарын музей қорына жинақтау, көнеден келе жатқан өнерді келешек ұрпаққа насихаттау – негізгі мақсат. Экспедиция бұл жолы үлкен олжамен оралған екен. Музей қорына 27 халықтық сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын жинақтаған. Бұндағы кейбір дүниелерді шеберлерден сатып алса, енді бірі сыйға да тартқан екен. Бүгінде өзіндік тарихы бар құнды жәдігерлерді көпшілік назарына қойып отыр. Қор тұскиіз, сырмақ, бесік, бесік жабдықтары, қобыз, дөңгелек үстел, саптыаяқ, күбі, аспа, қамшы секілді тағы да басқа бұйымдармен толықтырылды.
– Экспедициядан олжалы оралдық. Шет ауданы, Ақшатау кентіндегі Дулат Әлімқұлұлының үйіне келгенде керемет дүниелерді көріп, есіміз шықты. Түнделетіп келсек те, туындыларды қызықтап біраз жүрдік. Оның өз қолымен жасаған бесігі музей төрінде тұр, – деді облыстық бейнелеу өнері музейі ғылыми әдістеме бөлімінің меңгерушісі Мейрамгүл Елубаева.
Шет ауданынан келген Дулат Жұқанов музей қорына қарағайдан жасалған бесік пен қарағаштан шапқан қобызды тарту етті.
– Өзім қолөнерге жақынмын. Ағаш пен темірден түрлі дүниелер жасаймын. Бесік – қазақ халқының көнеден келе жатқан асыл қазынасы. Оның ішінде ағаш бесік – тазалыққа жақын. Жасаған дүниелерімді саяхатшылар сатып алып кетеді. Негізі, сатқанымнан сыйға бергенім көбірек. Кейде түрлі жәрмеңкелер мен көрмелерге уақытша сұрап алатындар да бар. Арнайы тапсырыспен жұмыс жасайын десем – материалдың тапшылығы кедергі, – дейді Дулат Әлімқұлұлы.
Ақтоғай ауданынан келген жәдігер – сырмақ пен саптыаяқ. Есмағанбет есімді ақсақалдың ұрпақтары әкесінің қолымен жасалғанына 100 жылдан асқан құнды дүниені музей қорына тарту етті.
– Биылғы біздің үлкен жетістік – облыстық музей үлкен бастама көтеріп отыр. Осы игі іске ұжымның атынан көне жәдігерлерді табыстадық. Ежелден келе жатқан дәстүрді оқушыларға көрсетіп, үйретіп келеміз. Ұрпақ сабақтастығы әрі қарай жалғасып, өнерді қадірлей білейік, – деді Ақтоғай аудандық археологиялық-этнографиялық музейінің директоры Табарак Жармағанбетов.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»