"Таза Қазақстан"Жаңалықтар

Тазалық – талап

Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында елдімекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға және қоғамдық кеңістіктерді күтіп-ұстауға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Балқаш, Теміртау және Шахтинск қалаларында көшелер мен қоғамдық орындар тазаланып, абаттандыру және аумақтарды күтіп-ұстау жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты Балқаш, Теміртау, Шахтинск қалаларында тазалық пен абаттандыруға бағытталған кезекті шаралар ұйымдастырылды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Балқаш қаласында шаһардың санитарлық жағдайын жақсартуға ерекше мән берілуде. Көшелер мен қоғамдық кеңістіктер тұрақты бақылауда болып, аумақтар қоқыстан тазартылып, жиналған қалдықтар уақытылы шығарылады. Абаттандырылған орындардың жинақы әрі таза сақталуына да назар аударылып келеді.

Ал, Теміртау қаласында тазалық жұмыстарына спорт саласының ұжымдары белсене атсалысты. «Жастар» спорт кешені, Теміртау қаласының мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебі, «Жауыртау», «Шаңырақ» және Әлия Молдағұлова атындағы спорт интернатының қызметкерлері, сондай-ақ, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің мамандары бірлесіп сенбілік өткізді.

Спорт мекемелерінің ұжымдары Абай көшесінен Бейбітшілік көшесіне дейінгі тасжол бойындағы аумақты тазалап, шөп шапты. Сонымен қатар, жол жиегі мен оған іргелес аумақтар қоқыстан аршылды.

Шахтинск қаласында аумақтың санитарлық жағдайын сақтау және қаланың көркін қалыпта ұстау бағытындағы жұмыстар күн сайын жүргізілуде. Қала көшелері, тротуарлар мен скверлер тазаланып, қоқыс жәшіктері ретке келтірілуде.

Тазалық жұмыстары тұрғындарға қолайлы әрі жайлы қалалық орта қалыптастыру мақсатында тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Қала аумағын күтіп-ұстауға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қоғамдық орындардың тазалығы мен жинақылығы қамтамасыз етілуде.

Аида РАХЫМҚҰЛ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button