Президент Қытайдың «Синьхуа» агенттігіне эксклюзивті сұхбат берді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың «Синьхуа» агенттігіне эксклюзивті жазбаша сұхбат берді. Мемлекет басшысы әңгіме барысында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік, сауда, көлік-логистика және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық туралы айтты.

Президенттің сөзінше, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жеткен. 2025 жылы екі елдің сауда айналымы 50 млрд долларға жуықтап, 11 пайызға өскен. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында бұл көрсеткіш 27,2 млрд долларға жетті.
Президент экономикалық ынтымақтастықты шикізаттық модельден өнеркәсіптік және технологиялық кооперацияға көшіру қажет екенін атап өтті. Қазақстан Қытаймен бірлескен өндірістерді, жоғары технологияларды және терең өңдеуді дамытуға мүдделі.
Көлік-логистика саласында да бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қазақстан Қытайдан Еуропаға бағытталған құрлық транзитінің шамамен 85 пайызын қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы Орта дәлізді дамыту, «ақылды кеден» жүйесін енгізу және теміржол инфрақұрылымын кеңейту маңызды екенін айтты.
Сондай-ақ 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанын еске салған президент Қытаймен осы бағыттағы ынтымақтастықты күшейту қажеттігін жеткізді. Жасанды интеллект, роботтандыру, цифрлық медицина, ақылды қалалар және деректерді өңдеу орталықтары перспективалы бағыттар ретінде аталды.
Президент алдағы мақсаттардың бірі Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда көлемін 100 млрд долларға жеткізу екенін айтты. Оның пікірінше, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің болашағы зор.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



