Күн тәртібінде: жылу, жол, көлік

     Жылу жүйесіндегі кейбір жүгенсіздік қыс ортасында Қарағандыны қапы қалдырғаны баршаға аян. «Қыс шанаңды жаз сайлау» керектігін Арқаның қытымыр қысы жыл сайын жергілікті биліктің есіне салуды кейінгі жылдары жиілетіп тұр. Қысқы жылу беру маусымында кей өңірде келеңсіздіктердің орын алуы жылу жүйесіндегі бірқатар кілтипандарды жайып салғаны және мәлім. Сондықтан, қысқа әзірлік Қарағанды аймағында қар кетер-кетпестен қолға алынғаны белгілі. Қазандықтар мен турбиналарды күрделі, ағымдағы жөндеумен қатар, көпқабатты үйлердің жертөлесіндегі қазандықты да жер бетіне шығару басталды. Бұл туралы облыстың энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Қайрат БЕГІМОВ облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВҚА мәлімдеді. Биылғы жылу беру маусымының қорытындысы мен келер қысқа дайындықтың барысы кезекті аппарат отырысында талқыланды.

Жертөледегі қазандық «жер бетіне» шығады

Құзырлы ұйымның айтуынша, былтыр орын алған олқылықтарды жойып және алдағы жылу беру маусымына дайындықты күшейту үшін жұмыс тобы құрылған. Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының басшысы Қайрат Бегімовтің мәлімдеуінше, қыста қиындық тудырған мәселенің барлығы облыс әкімі деңгейінде қарастырылған. Соған орай, тиісті сала басшыларына, аудан, қала әкімдеріне мекеме-ұйымдарға тапсырмалар берілген.

Биыл тұрғындардың тіршілігін, әлеуметтік және мәдени нысандарды қыста жылумен қамтамасыз ету үшін қаржыландыру көзінен жөндеуге 46 млрд.1 млн.теңге бөлінген көрінеді. Бұл болса, былтырғы жылдан 2 млрд.теңгеге артық. Аталған қаржыға 17 711 млрд.теңгеге 8 жылу стансасы, 8 млрд.теңгеге 67 дербес қазандық, 736 автономды жылу жүйесі жөндеу көреді. Сонымен қатар, 94,8 шақырым жылу желісі 5,5 млрд.теңгеге, электржелілері мен шағын стансалар 9 млрд. теңгеге жөнделеді.

Ал, тұрғын үй және әлеуметтік маңызы зор нысандарға келсек, бүгінгі таңда облыста 6 761 тұрғын үй, 770 білім беру нысаны, 134 денсаулық сақтау, 240 мәдениет, 55 спорт нысаны әзірліктен өтетін болады.

Есепті кезеңде жылу беру маусымына дайындық бойынша 13 қазандық, 6 турбинада жөндеу жоспарға сай жүргізілуде. 2 қазандықта жұмыс аяқталған. Жұмыс кестеден сәл кешігіп атқарылуда. Бұл – көрсеткіштің 8 пайызы. Сол себепті, қала және аудан әкімдерінің, тиісті сала ұйымдарының бұл бағытта жұмысты ширату қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, 24 мамырдағы дерек бойынша жоспарланған жұмыстың 10 пайызы атқарылған.

Шағын қала, кенттердегі көп қабатты үйлердің жертөлесінде орналасқан автономды жылу жүйесін сыртқа шығару мәселесі де назарда. Жылу маусымы басталғанша Саранда – 3 АЖЖ, Теміртауда – 1, Ақтоғай ауданында – 1 АЖЖ шығарылады деп күтілуде. Шаханда 14 АЖЖ болса, бүгінде оның 2 шығарылған. Қалғаны кестеге сай атқарылады. Ақадыр кентінде Шет ауданының жергілікті бюджетінен жобалық-сметалық құжаттама үшін 206 млн.теңге қаржы бөлінген. Жоба кенттегі 11 көп қабатты және 25 екі қабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз ететін 5 қазандық салуды көздейді.

Бүгінде жылу беру маусымына дайындық қатаң бақылауда. Қазандықтар мен жылу жүйелерін қысқа әзірлеу үшін жұмыстарда көрсеткіштер жаман емес. Алайда, жоспардан аздап кешігу де бар. Сол себепті бұл орайда жауапты тұлғаларға арнайы тапсырмалар берілді.

Ірі кәсіпорындар

«қолымен жасағанды

мойнымен көтереді»

Өңірде жердің байлығын алып, жолдың быт-шытын шығарған іргелі өнеркәсіптер енді «қолымен жасағанды мойнымен көтеретін» болады. Дәлірек айтқанда, кен алып кенттегі жолдарды жарамсыз қылып тастаған өнеркәсіптерге сол жолды қалпына келтіру жүктеледі. Осы орайда, облыс әкімінің тапсырмасымен облыстың Бұқар жырау, Қарқаралы аудандарына көлік инспекциясы арнайы жіберілген. Бұл туралы облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ аппарат мәжілісінде мәлімдеді.

Ерлан ҚОШАНОВ, облыс әкімі:

Ірі кәсіпорындар кендерін, концентраттарын таситын барлық жолдар іске алғысыз. Қазіргі таңда сонда көлік инспекциясы мен жергілікті полицияны жібердік. Тәртіпке келтірудеміз. Біз бюджеттің қаншама қаржысын шығарып осы жолдарды ұстап отырмыз. Ал, олар болса, бір жылда жолды жарамсыз етті.

Облыс әкімі жолға зиянын тигізуші кәсіпорындар ретінде «Қазақмыс» және «Алайғырды» атады. Облыс әкімдігі тарапынан атқарылған жұмыстан кейін аталған кәсіпорындар жолдарды жөндеуге кіріскен. Аймақ басшысының араласуынан соң Қарағайлы кентіндегі жағдай оңалған. Бұған дейін ауырлығы 40 тоннаға дейін жететін ірі жүк көліктерінің 55-і күн сайын кентті басып өтіп жүрген. Бүгінгі таңда ондай көліктер тоқтатылды. Олар енді кенттің сыртын айналып жүрмек.

Жол-көлік белгілеріне тексеріс жүреді

Қарағандыда жол-көлік белгілеріне тексеру жүргізіледі. Облыс әкімі жергілікті полиция қызметіне сондай тапсырма берді. Бұған себеп – өткен аптада Қарағанды қаласында орын алған 9 жастағы қыз баланың көлік апатынан көз жұмуы. Аймақ басшысы БАҚ-та таратылған ақпараттар бойынша оқушыны көлік қаққан тұста жол белгісі болмағандығы айтылғанын атап өтті. Сондықтан, жол белгілерін көруге кедергі келтіретін ағаштарды кесіп, өзге белгілердің бар-жоғын тексеруге тапсырма берді.

Бұл мәселенің құны – адам өмірі, – деді облыс әкімі.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.