Бас тақырып

«Күміс жас»: ұтқыр бағдарлама

Қалай десек те, орта жастағыларға кәсіби біліміне сай жұмыс табу оңай емес. Осы мақсатты ұстанған орта буындарға Үкімет «Күміс жас» бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама елу жастан асқандарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр.

 

Біздің кейіпкер Нәфиса Мұхитованың негізгі мамандығы – тігінші. Ол көптен қаладағы ательелерді аралап, жұмыс сұрап барған. Бірақ, жұмыс берушілер оны әртүрлі сылтаумен шығарып салған. Тәжірибелі тігінші «Күміс жас» бағдарламасында қалаған мамандығы барын естіп, қаладағы «Еңбек ұтқырлығы» орталығына келген. Нәфиса ханым бұл арадан іздегенін тапты. Енді ол сүйікті ісімен алаңсыз айналысады.

– Талай тігін цехтарына жұмыс сұрап бардым. Жауаптылар жасымды сұрағаннан кейін бірден бас тартады. Жас кезімде «Абай» тігін фабрикасында еңбек еттім. Қарағандыға көшіп келген соң, жаныма жақын кәсіппен айналысатын орын табылмады. Амалсыздан базарда сатушы болып, жұмыс істедім. Сонда да бұрынғы тігіншілікке оралғым келді. Жақында ғана іздеген жұмысыма орналастым. Ұжым жақсы, жалақысы да көңілімнен шығады, – дейді өз әлемін тапқан Нәфиса Мұхитова.

Айтпақшы, «Күміс жас» бағдарламасы кадр тапшылығына киліккен кәсіпкерлерге тиімді болып отыр. Ұтымды тұсы – кәсіпкердің жұмысшыға тағайындалған жалақысының тең жартысын мемлекет төлейтінінде.

– Бүгінде облыста 3 мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Алдымен, үміткер жұмыссыз ретінде тіркелу керек. Содан кейін бос орынды таңдайды. Қазір жеке кәсіпкерлерден тігінші, аспаз, кондитер, есепшілерге сұраныс жоғары, – дейді «Еңбек ұтқырлығы» орталығы басшысының орынбасары Дәурен Қошқаралиев.

Айта кетерлігі, «Күміс жас» бағдарламасы үш жылға ұласады. Бұдан бұрын бағдарламаға зейнет жасына шығуға екі жыл қалғандар қатысатын. Жаңа талапқа сәйкес 50 жастан асқандар да жұмыспен қамту орталығына барып, білімін жетілдіріп, жұмысқа тұра алады.

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button