Басты тақырыпҚарқаралы

Көкпар – киелі ойын

     Этнографтардың айтуынша, «көкпар» сөзінің әуелгі атауы «көк бөрі» сөзінен шыққан. Ер жігіт атпен қуып көк бөрі соққанына сүйініп, оны бір-бірінен ала қашып ойнаған. Кейін ол ұлттық ойынға айналыпты. Кезінде Қарқаралыда сәл кенжелеп қалған көкпардың қайта жандануына үлес қосып жүрген азаматтар жоқ емес. Соның бірі – Қайыржан ДҮЙСЕКОВ жақында өтетін «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне барып, жамбы атпақшы. Қазір сайысқа дайындық үстінде.

Қайыржанға халықаралық көрмеде жамбы атуға ұсыныс ұлттық спорт федерациясының басшысы Бекболат Тілеуханнан түсіпті. Ауданда алғаш рет көкпаршы азаматтардың басын қосып, қазіргі көкпар ойынының ережесімен таныстырған да өзі екен. «Облыста өтететін спартакиадаға 2006 жылдан бастап көкпар ойыны да енгізілген. Міне, осы кезден бастап ауданда көкпар ойынын жандандыруға күш салдық. Ұлттық ойынның бұл түрі еліміздің Оңтүстігінде жақсы дамыған. Біз де олардан үйрену мақсатында, Әулиеата көкпаршыларының ойынын көріп, тәжірибе жинауға бардық. Мықты деген көкпаршыларымен дайындық жасап, көп нәрсе үйрендік. Біздің облыста ол кезде Шет ауданы ғана көкпар тартатын. Содан бері аудан көкпаршыларын бастап облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрміз», – дейді Қайыржан.

Аудан көкпаршыларының дені – Жаңанегіз және Көктас ауылының азаматтары. Ұлттық ойынды ережеге сәйкес тартуды осыдан он жыл бұрын бастаған жігіттер қазір тіс қаққан көкпаршылар. Қатарлары жастармен толығып келеді. Кез келген жігіт көкпаршы бола алмайды. Ол үшін ептілік пен қайрат, қайсарлық керек. Шынықпаған жігіттер мен көкпарға арнайы жаратпаған аттар көбінесе мертігіп жатады. Әлсіз жігіттің ат үстінен еңкейіп, жерде жатқан 35-40 келі серкені іліп алуының өзі мұң екені белгілі. Атқа мінген қазақтың бойында ұлттық рух пен намыстың атойлап тұратыны – содан болса керек.

Аудандағы көкпаршылардың киімдерін тігуге «Тасбұлақ» демалыс орны демеушілік етеді. Ал, қыс бойы көкпаршылардың аттарын (12) жемшөппен қамтамасыз ету – әрқайсының өз мойнында. Ойынға бапталатын ат орта есеппен 3 тонна жем жеуі керек. Оны баптаудың да өзіндік тәсілі бар. «Жігіттің бағын ашатын – астындағы пырағы. Көкпардың атын алдымен жемге байлаймыз. Қоңданып, жілік майы толған соң далаға шығарып, аунатып, жетектеп, іш майын қатырып аламыз. Бабы жеткен көкпар аты жарыста жаңылмай, жеңіске жетуге мүмкіндік туғызады. Көкпаршының мерейін үстем ететін бірінші – аты, екінші – ептілігі мен қажыр-қайраты. Көкпармен қатар, біз аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату ойындарын да дамытып келеміз. Бұл ойындардың аттары бөлек. Теңге ілуде аттың жүйріктігі мен оқтай түзу шабатындығына баса назар аударылады, – дейді Қайыржан.

Әр ойынның өзіндік ережесі бар. Тіпті, көкпар серкесінің өзін бауыздауда үлкен тәрбиелік мән жатыр. Ақсақалдардың батасынан кейін аттардың аяғы тұсалғандай арыны басылмасын деген ниетпен құрбандықтың аяғын матамай, төрт сирағын төрт жігіт ұстап тұрып бауыздайды. Қазақ көкпарға тартқан серкені де киелі санаған. Ойын біткен соң оны сәбиі жоқ үйге тастаған. Мәнісі, жаужүрек жігіттердің тақымынан өткен серке сол үйге нәресте әкеледі деген ырым.

Бар ынта-жігерімен қазақтың ұлттық ойынын дамытуға күш салып жүрген Қайыржан мен көкпаршы серіктестері қандай жарыс болсын, қалмауға тырысады. Барлық шығын өздерінен. Ешкімге міндетсінбейді. Ұлттық құндылыққа жанашырлық пен сүйіспеншілік деген осындай-ақ болар. Олар биылғы ойындарға дайындықты әлдеқашан бастап кеткен. Бас қосатын жерлері – «Тасбұлақ» демалыс орны. Басшысы ЖаҺанбай Тасеменовке дән риза.

Сағыныш ӘБІЛОВА

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button