Спорт

Көк серкені тақымдап…

Жер аяғы кеңіп, ұлттық рухты көтеретін дүбірлі додалар басталды. Сондай доданың бірі – көкпар мау­сымы. Биылғы маусым басы Абай ауданы Сәріпті ауылында өт­ті. Ауыл азаматы әрі жеке кәсіпкер Жеңіс Жәнібек жаппай көкпар ұйымдастырып, көкпар сүйер қауымның басын қосты. Әрі өз қалтасынан Бас жүлдеге «Ваз 2107» авто­көлігін, бір тай және ақшалай 2 млн 200 мың теңге жүлде қорын тікті.

Сәріпті ауылында мұндай көкпар бірінші мәрте ұйымдастырылуда. Соған қарамастан Ақмола, Павлодар, Түркістан облысынан бөлек, Шымкент, Астана, Алматы қаласынан 120 көкпаршы келген. Турнирдің осындай дәрежеде өтуіне жеке кәсіпкерге облыстық көкпар федерациясы, аудан әкімдігі мен аудандық полиция бөлімі қолдау көрсетті.

Бірінші салымды салған көкпаршыға кәсіпкер тай атаған. Ал, ол тайды шымкенттік палуан жеңіп алды. Ал, екінші және үшінші салымға бір-бір қойдан бәске қойған. Одан кейін салым салған қатысушыларға 10 мың теңгеден үлестірді. Ең соңғы салымды салған қатысушыға «Ваз 2107» автокөлігінің кілтін табыстады.
Южный кентінен келген Серік Мажкен үш салым салып, қанжығасына жүлде байлап қайтты. Әрі екі атты кезек мініп, қос тұлпарымен салым салып үлгерген.

– Өзім командалық көкпар ойнаймын. Осы уақытқа дейін команда сапында өнер көрсеттім. Маусымды сәтті бастау үшін қыс бойы дайындалдым. Аттарымды да баптадым. Биылдыққа көкпарға бірінші мәрте қатысуым. Астымдағы атымның бабын көрдім. «Айкүреңмен» екі салым салып, «Таңкүрең» деген атыммен үшіншісін салдым. Алдағы уақытта қатардың алды боламыз деген ниет бар, – деді көкпаршы.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Cурет ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button