Көңілі қандай – өмірі сондай

Ибрагим аға Бекмаханұлының туғанына – 70 жыл. Желпініп-ақ сөйлейтіндей кезіміз ғой… Бірақ… Сөз өткен шақпен айтылатын болғасын…

Екеуміз бір топырақтанбыз. Сыр бойынан. Қармақшыдан. Кеңес заманындағы аудан айнасы «Коммунизм шамшырағы» деп аталатын жалғыз газет еді. Әріп танығаннан бастап үйге келетін газеттерді оқи бастадық қой, қазіргідей смартфон болмағанның бір жақсылығы да сол шығар… Ыбекеңнің алғашқы өлеңдерін ауылынан, мектебінен жазатын шағын хабарларын сол «Коммунизм шамшырағынан» оқитынмын. Кейінірек ол сол газеттің қызметкеріне айналды. Мұны газеттегі аты-жөніне қоса жазылатын «газеттің арнаулы тілшісі» дейтін нақтыламаға қарап білген едім.

Мына қызықты қараңыз, еліміз, жеріміз бір болса да біздің жолымыз Жезқазғанда, сол тұстағы облыстық «Сарыарқа» газетінің редакциясында тоғысты. Бұл 90-жылдардың бас кезі еді. Мен Көкшетаудан Жезқазғанға келсем, Ыбекең соның алдында бірер жыл бұрын ғана Торғайдан келген екен. Сөйтіп, Сырдың екі перзенті Қырдың төсінде тұрып, танысып, табысқан едік.

Ыбекең еңбекқорлығымен ерекшеленетін. «Күніне пәлен жол беру керек» дейтін талаптың үдесінен шығу оған шекілдеуік шаққанмен бірдей еді. Журналистік міндетінен бөлек, табиғатынан берілген дарынның күш, қуатымен өлеңді де өндіртіп жазып тастайтын. Арасында С.Қожамқұлов атындағы театрға барып келетін. Өйткені, ол сол театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі еді. Ал,бұған қарап оның бар өмірі таңертеңнен кешке шейін тек жұмыспен ғана өткен екен-ау десеңіз, тағы да қателесесіз.

Ол Сыр бойының атақты жырауы Салқынбайдың Тұрымбетінің немересі еді. Ата-баба, әруақ алдындағы парызына адалдықтан айнымаған Ыбекең атасының соңында қалған мұрасын жинақтап, 1993 жылы «Талайды таңдандырған жырау едім» деген кітап шығарды. Ал, 1994 жылы өзінің тұңғыш жыр жинағы «Шапағат» жарық көрді.

Кеңес тарап, Тәуелсіздік аяғынан нық тұра алмай жатқан шақ еді. Әсіресе, сол жылы Жезқазған жарықтан, жылудан, судан қатты зардап шегіп жатқан болатын. Жыл сайын ақпанның соңы – наурыздың басында Жезқазғанда «Ұлытау үні» фестивалі өтетін дәстүр бар. Жағдайдың қиыншылығына қарамастан сол фестивальға дайындық жүріп жатты. Ыбекең пышақтың жүзіндей кітабын алып келіп, редакцияда мәре-сәре болып отыр едік. Кенет… Батырбек Мырзабеков ағамыз «Бұл кітаптың жарық көргені туралы газетке ақпарат берерміз. Бұл дұрыс. Ал, сонымен бәрі біттіге санаймыз ба? Жоқ, жігіттер, «Ұлытау үні» аясында кітаптың тұсаукесерін неге өткізбеске?» деген ой тастады. Сол жерде «бастама көтерген өзіңіз, ендеше соны ақырына дейін жеткізіңіз» деп, бәріміз жабылып отырып, Бәткеңе айтылған ұсынысты фестиваль бағдарламасына енгізу туралы тапсырма бердік. Обалы нешік, ол кісі тапсырманы ертесіне-ақ таптұйнақтай етіп орындап келді.

Театрда кеш басталды. Жарық жанып тұр. Кеш қалай бітті, жарық та жалп ете қалды. Мен «театрға генератор қойған екен» деп ойлағам. Кеш Ыбекеңнің шаңырағында балауыз шамдардың жарығымен жалғасын тапқан еді. Ертесіне Ыбекең: «Кеше театрда свет сөніп қала ма екен деп қашан кеш біткенше алаң көңілде отырдым» деп сырын бөлісті. Құдайдың қарасқаны, әруақтардың қолдағаны шығар. Бұдан кейін де Ыбекең әлденеше жыр жинақтарын шығарды, бірнеше жыр кештерін де өткізді. Бірақ, айналаны қараңғылық басып тұрғанда көпшілікке жақсылық сәулесін себелегендей «Шапағаттың» тұсаукесерінің орны бөлек болғаны рас. Сондықтан да, еске алып отырмыз.

Оның ақкөйлек адалдығы мен қожанасырлау аңқаулығы өзін өзгеден ерекшелендіріп тұратын еді. Бірде редакцияда жұмыс тәртібі қаралып жатты. «Түс қайта қызметкерлердің көбісі жұмысқа кешігіп келеді. Соны түземесе болмайды. Осында менен басқа адам қалмайды кейде» деп бас редактор Сабыр Сауытбаев, тіпті, қараспанды қапылдырып жібергенде қайда барып тығыларыңды білмей қалады екенсің. Әркім сөйлеп, «мәселенің дұрыстығын» айтып, жағдайды түзеу керектігіне қосылатындығын айтып жатты. Кезек И.Бекмаханұлына да жетті.

Жұмысқа қай уақытта келсек те, осы редакцияның жұмысын біз ғой атқарып жүрген. Газет шықпай қалғандай таусыла сөйлейтіндеріңіз қалай? – деп бір тоқтаған оған бас редактор: – Мәселе, жұмысқа уақытылы келу туралы болып жатыр – деп ескерту жасағандай болды. Бұған «ия» дей қоятын Ыбекең бе?

ю– Ия, естіп отырмын. Бірақ, өз басым түстен кейін тура сағат екіде жұмыста отырамын деп айта алмаймын. Басқалар келеміз деп жатыр ғой, келсе, өздері білер. Ал, мен жылытпамды ішпей келмеймін – деп қойып қалды. Отырғандар ду күлді. Сабыр Сауытбаев «осымен жиналыс жабық, барыңдар» деп жиналысты таратып жіберді. Басқалар секілді, «айтылған уақытта келемін» десе, болмас па еді? Ыбекеңнің «жылытпасы» туралы жігіттер бас қоса қалғанда әлі күнге шейін еске алады.

Ыбекең менің түсінігімде, «Өзі жақсыға бір кісілік орын қайдан болса да табылатындығын» дәлелдеп кетті. Ол Торғай, Жезқазған, Қарағанды, Алматыдан болсын, өзіне қаншама дос, жолдас тапты. Өйткені, ол жаны – таза, жүрегі – адал азамат еді. Көңілі қандай болса, өмірі де сондай болды.

«Биыл Құдай қаласа 70 жылдығымды тойлаймын» дегенді жиі айтатын хабарласа қалғанда. Амал нешік, сол күнге жете алмады. Ақпанда жеткен ажал ағамызды алып кетті… Аға туралы көңілімізді көңілқос арқылы жеткізуге ұмтылдық…

Бұл ағам да ірілердің бірі еді,

Сыр мен Қырға ортақ өскен ұл еді.

Жетпісіне енді жете бергенде,

Стамбұлда кілт тоқтады жүрегі.

Талай сынға төтеп берген ер еді,

Сынақтарға сынған жері жоқ еді.

Көз, жүрекке, бүйрекке ота жасатып,

Арпалысқан сәттері де көп еді.

Мұның бәрін… жанып-жанып жігерін,

«Өмір үшін күресу» деп білетін.

Қиналысын айналаға сездірмей,

Уайымсыз жандай болып жүретін.

Жаратқанның жазуына шек бар ма?

Атақтылар кетіп жатқан ақпанда,

«Оңаламын» – деп ойлап ед отадан,

Амал нешік, түсірді ажал қақпанға.

Биікті аңсап өскен ұл ғой әуелден.

Бүгінінен бір сәйкестік көрем мен.

Түркияда демі үзіліп, рухы

Туған жерге ұшып жетті әуемен!

Ақын болды жырдан сарай салдырып.

Айналаға жақсы атын қалдырып.

Жақсылардың бірі азайды Жердегі…

Аспан жаққа кетті Ағам мәңгілік!

Абдолла ДАСТАНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Сәтбаев қаласы.