Көңілге қонымды үндеу

Бүгінде кейбір елдерде қиын саяси жағдайлар орын алуда. Біз Құдайға шүкір бейбіт аспан астында өмір сүріп жатырмыз. Уақытынан бұрын өтетін сайлау осы тұрақтылықты сақтауға, болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді.


Биылғы 9 маусымда өтетін Президент сайлауын өз басым толық құптаймын. Ел көңіліндегі алаң сейілуі керек. Қазақстан – демократиялық мемлекет. Бәрі әділ өтеді, оған күмәнім жоқ. Өйткені, еліміздің болашағы үшін өте маңызды қадам бұл. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ынтымағы жарасқан бірлігі мол ел екенімізді дәлелдеуге атсалысуымыз керек. Әр қазақстандық тәуелсіз елдің еркін ойлы азаматы ретінде өз үлесін қосады деп ойлаймын. Қазақстанның қазіргі даму жолы, салиқалы саясаты әлемнің назарын аударып отыр. Сондықтан, осы сара жолдан таймай еліміздегі тыныштықты сақтай отырып, нық қадам басуымыз үшін бұл сайлау өте маңызды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруда қандай тамаша шаруалар атқарылуда. Осы ізгі бастамалар одан әрі жалғасын табуы тиіс.
Жаңа сайланған Президент осы тура жолмен халықты болашққа бастай білсе, халыққа басқа ештеңе керек емес. Әлемдік қауымдастық та еліміздегі көшпелі билікке алаңдаулы екені сөзсіз. Осы жағынан да, сайлаудың уақытынан бұрын өтуі көңілге қонымды. Тұрақты Президенттің болуы – халықтың емін-еркін өмір сүруіне, балаларына алаңсыз тәлім-тәрбие, білім беруіне оң әсерін тигізеді. Бұл жалпақ жұртқа мәлім жайт. Барлығы да ертең тарихқа айналады. Бастысы – елдегі тұрақтылықты сақтау, өтпелі билік жағдайынан тұрақты жағдайға ауысу. Қазақстан көпэтносты мемлекет болғандықтан да, бейбіт өмір қашан да маңызды. Бір шаңырақ астында, тату-тәтті ғұмыр кеше отырып, өз таңдауымызды жасайық. Әрбір қазақстандықты осы сайлауға қатысуға шақырамын.

Қуаныш ОМАШЕВ,
Еңбек ардагері, Елбасының үзеңгілесі.