Ресми

Көгілдір отын бағасы неге шарықтап кетті?

Маңғыстау облысының Ақтау, Жаңаөзен қалаларында қарапайым халық сұйытылған газ бағасының өсуімен келіспей, бейбіт шеруге шықты. Өйткені, кейінгі уақытта көгілдір отын құны бұрынғы бағасынан 3-5 есеге дейін қымбаттап кеткен. Премьер-Министр Асқар МАМИННІҢ өкімімен Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қарастыру үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Қазіргі таңда жағдай бақылауға алынып, келіс-сөздер жүргізілуде. Энергетика министрі Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі отын-энергетика өнеркәсібі департаментінің басшысы Қуат АСАМБЕКОВ орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында сұйытылған мұнай газының бағасы жайлы кеңінен мәлімдеді.

– Қазақстан ішкі нарықтық қажеттіліктерін өтеу үшін сұйытылған газдың жеткілікті ресурстарына ие. Қазіргі таңда газдың бағасы реттеліп, тоннасына 18 мың теңге деңгейінде белгіленді. Яғни, экспорттық бағадан 5-6 есе төмен. Бұл ретте «ҚазақГаз» өңдеу зауытында сұйытылған газ өндірісінің өзіндік құны тоннасына шамамен 100 мың теңгені құрады. Қазақстандағы сұйытылған мұнай газ бағасы – өңірдегі ең төмен баға. 2020 жылы ішкі нарықтың қажеттілігін қамту үшін 1,4 млн. тонна газ өндірілді. 2021 жылы бұл көрсеткіш 1,6 млн. тоннаға дейін өсті. Бұл ретте газ өндірісі өсіп жатқан жоқ. Керісінше, тозығы жеткен зауыттардың жиі жөнделуі жалпы өндірістің төмендеуіне әкеп соқтыруда. Ендігі уақытта осы шикізат өндірісін кеңейту үшін инвестиция тарту қажет, – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Министрдің айтуынша, 2009 жылдан бері сұйытылған газбен жүретін автакөліктердің саны 2 есеге көбейген. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, сұйытылған газ бағасы мұнай бағасымен өзара байланысты. Бұл бензин бағасының шамамен 70%-ын құрайды. Мысалы, АЙ-92 маркалы бензиннің құны литіріне 182 теңге болғанда, газдың нарықтағы бағасы литріне 127 теңге болуы керек-тін. 2017 жылы энергетика министрлігі газ тапшылығы болатынын болжаған-тын. Ал, бұған себеп – газ бағасының төмендігі. Тұтынушылар қатарының артуы өндірістің дамуына кері әсер етуде. Осыған байланысты, көгілдір отынның бағасын біртіндеп лебиразациялау туралы шешім қабылданды. Ол үшін 2018 жылы газ және газбен жабдықтау туралы заңға газды электрондық сауда алаңдары арқылы саудалауға 2019 жылдан бастап, кезең-кезеңімен өту үшін түзетулер енгізілді. 3 жылда электрондық сауда алаңдары арқылы өткізілетін сұйытылған газ көлемі ұлғайды.

– 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Заңға сәйкес газ саудасы тауарлық биржалар арқылы толық, яғни 100%-ға өтті. Газды электрондық сауда арқылы өткізу нарықтың барлық қатысушыларына бірдей. Сонымен қатар, газдың қажетті көлемін тікелей өндірушілерден сатып алуға да мүмкіндік бар. Электрондық саудаға көшу сұраныс пен ұсыныс негізінде жасалған. Бұл – өндірушілер үшін де, болашақта өндіріске инвестиция тартуға да үлкен мүмкіндік. Осы шаралардың арқасында «ҚазМұнайГаз» компаниясы Жаңаөзен қаласындағы жаңа газ өңдеу зауытының құрылысына инвестиция құю жайлы шешім қабылдады, – деді Мағзұм Маратұлы.

Көрші елдерде газ бағасы тым жоғары. Тиісті бақылаушы органдар ішкі нарықтың қажеттіліктеріне қарастырылған газды заңсыз шет елге сатқан көптеген фактілерді анықтаған. Маңғыстау облысындағы қазіргі жағдай бойынша, көгілдір отынды айына 18 мың тонна тұтынатын көрінеді. 14,5 мың тоннасы – «ҚазГаз» өңдеу зауытына, 3,5 мың тоннасы – «АртырауМұнайөңдеу» зауытына тиесілі екен. Бұл ретте автокөліктердің 90%-ы газбен жүретіні анықалды.

– 2021 жылдың 25 желтоқсанында өткізілген сауда қорытындысы бойынша сатып алу бағасы «ҚазГаз» өңдеу зауытынан тоннасы 130 684 теңге немесе литріне 77 теңге, Атырау Мұнай өңдеу зауытынан тоннасына 109 872 теңге немесе литріне 65 теңге. Логистикалық шығындарды ескере отырып, Маңғыстау облысының жанармай бекеттері үшін газдың өзіндік құны тоннасына 136 723 теңге немесе литріне 80 теңге сомасында қалды. Сонымен қатар, Маңғыстауда көгілдір отынның бөлшек бағасы литріне 100-120 теңгені құрайды. Сәйкесінше, газ станциялардың маржасы литріне 20-40 теңге, немесе литріне 25-тен 50% құрады. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары әлі де жүргізілуде. Айта кетейік, Маңғыстаудағы жанармай бекеттерінің иелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бастама көтеріп, газдың литірін 120 теңгеден 80-90 теңгеге дейін төмендетті. Әрине, өзіндік құнынан төмен деңдейде сатуға болмайды. Бұл – бізді тығырыққа әкеп соқтыратыны айтпасақ та белгілі. Сондықтан, біз осы саланы дамытып, инвестиция құямыз десек, бағаны төмендетуге болмайды. Қолданыстағы барлық зауыттың жағдайы мәз емес. Тозығы жетіп, ескірген. Жақында Үкімет отырысында осы мәселе бойынша кешенді жоспарды талқылаған едік. 2030 жылға дейін газды дамыту концепциясын мақұлдадық. Концепцияға сәйкес, газ өндіру көлемін өсіру керек. Және инвестиция тарту қажет. Айта кетейік, бағаны түсірген үкімет емес, сауда қожайындары әлеуметтік бастама көтеріп, бағаны өздері түсіріп отыр, – деді Мағзұм Маратұлы.

Ал, Қуат Асамбеков, Агенттік тарапынан орын алған жағдай бойынша талдау жасалып, тергеу жұмыстары басталғанын айтады. «Сондай-ақ, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша да тергеу жұмыстары жүргізілуде. Тергеудің басталғанына за уақыт болғандықтан, қорытынды туралы айта алмаймын. Нәтижелерін шығару үшін біраз уақыт қажет. Екіншіден, жыл соңында Солтүстік, Оңңтүстік және Батыс өңірлерде көтерме сауда бағасының жоғарылауы байқалды. Түрлі оқиғалардың алдын алу үшін, бір апта бұрын өңірлік департаментке тапсырма берген едік. Елдегі газ саудалайтын кәсікерлерді жинап, көгілдір отын бағасы жайлы талқылаған болатын. Нәтижесінде, олар өз еркімен газ бағасын 5-15 теңгеге түсірді. Әлі де агенттік тарапынан жұмыстар атқарылуда, – деді ол.

Ербол ЕРБОЛАТ. 

Басқа материалдар

Back to top button